Ақпараттық портал

Қауіпсіздікпен қамтылмаса, банктің несі банк?

Ақпараттық технология дамыған сайын қаржы жүйесінде интернет алаяқтарының да қарымы үдей түскен. Бұған қатысты әлеуметтік желіде шулап жатқан қараша халықтың зары күннен күнге көбеюде. Өкінішке қарай, ел үкіметі алаяқтардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қоюға дәрменсіз болып отыр. Қулардың айласына түсіп, бастарына қомақты сомада несие рәсімделгендерге банк басшылығы да, ішкі істер органдары да ешқандай амал қыла алмайды екен. Өйткені, алаяқтардан айла-шарғы артылмауда. Қулар халыққа мемлекеттік қызметкерлердің атынан қоңырау шалып, тіпті жұртты сендіру үшін 1414 нөмірі арқылы да жалған хабар жіберетін болған. Сөйтіп жеке мәліметтерді беруді, операцияларды растауды, жоқ айыппұлдар мен қызметтерді төлеуді
талап етеді.
Соңғы кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарының атын жамылған алаяқтар жұртты ватсап мессенджерлер атынан Веб парақшалар ашып, агенттік атын жамылып, түрлі құжаттар мен сілтемелер жібереді. Тіпті, түрлі қоңыраулар шалып, іші бауырыңа кіргенде аңғал азаматтар тұзаққа қалай түсіп қалғанын аңғармай қалады. Өмірінің 40 жылын есеп-қисапқа негізделген қаржы саласының ревизоры қызметіне жұмсаған бір ағамыз: «Банк білмей қалыпты, қателесіп байқамай басқаға аударып қойыпты деген бос сөз, жықпылы көп бұл жүйеде бұлай айтудың өзі ұят»-деген еді.
Жуырда әлеуметтік желіде Ақпарат қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов екінші деңгейлі қаржы ұйымдарының былықтарын ашық айтты. Банктегі ұяттан жұрдай қызметкерлер алаяқ қулардың қолдарына барлық деректерді ұстатып, көлденең жолмен пайда тауып отырған. Халық арасында қаржы мекемелерінің ішінде алаяқтардың өз жансыздары болады деген сөз расқа айналып отыр. Сонымен бірге, Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметкерлері де хакерлерге халықтың жеке деректерін сатқан. «Займер» компаниясының қызметкерлеріне 1 млн 800 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл аздай, ХҚКО мамандары электронды цифрлы қолтаңбаларды медициналық ұйымдарға сатып келгені әшкере болды. «Займер» микроқаржылық ұйымы 2 миллионға жуық деректерді сатқан. Электронды сандық қолтаңбаларды сату тыйылмай тұр. БАҚ істері былтыр 38 рет, биыл 15 рет тексеріс жүргізген. Технология түрленген сайын алаяқтардың қарымы да күшейіп барады. Қарапайым халық былай тұрсын, министр, заңгерлер, депутаттарды да алдап соғудың амалын тауыпты. Айлакерлер сенатор Расим Рахметованың атын жамылып, оның таныстарынан 3 миллион теңге алып, сан соқтырып кеткен. Банк қызметкерлерінің түк дәрменсіз болып қалуында да бір гәп бар сияқты деген ойым тура шығып отыр. Жинаған ақшаңды банкке тапсырып, сенімді әрі мемлекеттік қауіпсіз жерде ғой деп отырғанымызда «несие алып, қарыз болып қалдыңыз» деп алаяқтарға оңай олжа қылатын банктің несі банк?! Құпиялылықты сақтап, әр тиынның есебін белгілеп отыратын банктеріміздің түкке шамасы келмесе, көмектесудің орнына қосылып ұрласа, не болғаны?
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің: «Алаяқтықпен алданған, қауіпсіздік мәселесіне немқұрайды қараған банктерді жауып, клиенттердің шығынын сол банктерден өндіру керек. Ғылым мен білім қарыштаған заманда қауіпсіздіктің алдын алу шаралары ақша жүрген жерде ең бірінші тұру қажет. Кибершабуылға банк қызметкерлері тікелей қатысты»-дегеніне қарап, салмақты ойдың түйіні бәрібір банктің өзіне келіп тірелетінін байқауға болады.
Киберқылмыс көп, бірақ жаза әлсіз, жеке азаматтардың мәліметтерін таратқандарға небәрі 10 айлық есептік көрсеткіш пен 100 айлық көрсеткіш аралығындағы мөлшерде айыппұл салынады екен. Бұл 36 мыңнан 396 мың теңгеге дейін ғана. Біздің солқылдақ заңымыздың сотқар баласын емшекке тойғызып, құйрығынан бір салып жібере салатын жалпақшешейге ұқсайтын жазасына не деуге болады? Көшедегі қалтарыста жатқан әмиянды тауып алғанды «ұрлап алдың» деп соттап жатқанда, миллиондап жымқырғандардың жазасы неге жеңіл деген сұрақ өзінен өзі туындайды. Қарапайым тәсіл «онлайн несие» рәсімдеу деген шыққалы бері күңіренген халықтың қарасы көбейді. Ресми ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанға шетелдік хакерлер 223 миллион рет шабуыл жасаған. 20 миллион халқымызға бұл аз ба, көп пе? Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлерінің анықтауынша, Украина, АҚШ, Ресей, Қытай хакерлері тынымсыз шабуыл жасаған. «Онлайн несие» туралы әлеуметтік сараптау кезінде көпшіліктің пікірі бұрынғы қағаз құжаттар арқылы сұрыпталып берілген несие анағұрлым сенімді және қауіпсіз екенін қолдап отыр. Соңғы кезде заманауи технологиямен қаруланған білімді жастарымыздың шетел асып жұмыс істеп жүргендерінің ішінде небір ғаламдық жаңалықтарды тез меңгеріп, пайдалы еңбек етіп жүргендердің барын да естіп, біліп жатырмыз. Заман көшінен қалмай, ғылыми жетістіктерімен әйгілі боп жатқан жастарымызды өз еліміздің өркендеуіне үлес қосуға шақырып, барлық жағдайларын жасаса, жастар алмайтын қамал жоқ екенін білсек те, өзінен асқан білімдіні көре алмайтын іштарлығымыз талайлардың обалына қалып жүр.
Еліміз бойынша қаптаған банктегі сыбайластықтың бірді-екісі ғана сөз болып отыр. Қазақстан Республикасы әлем елдерінің ішінде сауатты халықтар есебіндеміз. Бар-жоғы 20 миллионға жетер-жетпес халқымызда түрлі банктер бір-бірімен жарыса қызмет көрсетуде. Көше сайын жарнамалап, бар болғаны 10 минутта ең төменгі пайызбен бәлен миллион несие аласыз деген арбау амалдар көбейді. Хош… Ақша жүрген жерде тәттіге үймелеген шыбындай алаяқтардың да көбейетіні белгілі. Бірақ кез келген ғылым мен білім жетістігін ақшасы барлар бірінші қолданады емес пе? Басқа салаға қарағанда банк саласы, қаржы ұйымдарының 100 пайыздық кепілдікпен қауіпсіз жұмыс істеуіне заң жүзінде қоғамдық талап қойып, халық мүддесін алға қою шарт. Басқарушы ел тізгінін ұстаған билік өкілдері болып жатқан мәселеге қатысты заң тетіктерін қатайтып, үлкенді-кішілі қаржы ұйымдарына бақылауды күшейтіп, еліміздің қарапайым азаматтарының алаңсыз өмір сүруіне атсалысуы – азаматтық борышы екенін сезінсе дейсің ғой. Әйтпесе, қарапайым ел тұрғындарына әлеуметтік желілер арқылы сақ болуды, алаяқтардың құрығына түсіп қалмауы үшін күмәнді нөмірлерді сілтемелерді ашпауды, күдік тудыратын жағдайларда тәртіп сақшыларына хабар беруді құқық қорғау органдарының өкілдері ескерткенімен, саябырситын жағдай азаймай тұр.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.