Байлықты сақтау – басты міндетіміз
Еліміздің иен байлықтарының бірі – орман мен көлдер болса, ондағы аң мен құс та көздің қарашығындай қорғауға тиісті дүние екені анық. Сондықтан мемлекет тарапынан табиғи ресурстарды сақтап қалуда бірқатар жұмыстар жүзеге асып келеді.
Бүгінде Қазақстанның Қызыл кітабына 40 жануар кірген. Олар жоғалу және саны азаюына байланысты бірнеше санатқа бөлінгені де белгілі.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел тағдырына тиісті түрлі мәселелерді қозғай келе маңызды шаруаларға тоқталған болатын.
Президент өз сөзінде “Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды” деген еді.
Орманға қорған болып жүрген жандардың басты уайымы тілсіз жау. Себебі Семей мен Қостанайдағы орман өрттерінің салдарын халық әлі ұмытқан жоқ. Бұл орайда үлкен аманат арқалап ел байлығын өрттен, браконьерлерден қорғап жүрген орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысы жеңіл емес екенін аңғаруға болады.
-Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін,-деді жоғарыдағы айтылған маңызды құжатта Мемлекет басшысы
Шу ауданы аумағында “Қосқұдық ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмыстарын жүзеге асыратыны баршаға мәлім. Қосқұдық орман шаруашылығында мекендейтін аң-құстар қатарында қарақұйрық, қырғауыл, түлкі, қасқыр, бұлдырық пен ондатр сынды т.б тіршілік иелері бар.
Мекеменің орманшы-қорықшылары өздеріне бекітілген айналымдардағы жануарлар мен құстар дүниесін ұдайы бақылап отырады. Басшылықтың айтуынша жабайы аңдар мен құстардың санын сақтау мақсатында мекеменің қызметкерлерімен ай сайын рейдтер ұйымдастырылады.
Жіті қадағалау мен бақылаудың нәтижелері де жоқ емес. Орман күзеті бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Мәселен былтыр 98 рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 22 орман заңнамасын бұзушылық фактілері анықталған. Биыл 78 рейдтік іс-шара барысында 38 орман заңнамасын бұзу деректері тіркелген. 2023 жылы салынған 336,75 мың теңгенің айыппұлдары 100 пайыз өндірілген. Сондай-ақ табиғатқа келтірілген залал мөлшері 72,5 мың теңге де толықтай өндіріліп алынды. Жыл басынан 492882 теңгеге 26 азаматқа айыппұл салынып, табиғатқа келтірілген зияндар толығымен өндірілген.
Өкінішке қарай, өзінің жеке құмарлығы жолындағы қылмысын жасыру үшін қорықшы-инспекторларды оққа байлайтын қаскөйлер аз емес. Жан түршігерлік оқиға 2019 жылдың 25 шілдесінде орын алған еді. Онда “Охотзоопром” инспекторы Қаныш Нұртазинов браконьерлердің қолынан қаза тапқан болатын.
Осы оқиғадан кейін заңнама күшейтіліп, заңсыз аң мен балық аулаған браконьерлерге жаза қатаңдады. Мемлекет басшысы қол қойған Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша ҚР Заңы арқылы заңсыз аң аулау (ҚК 335-бабы) және заңсыз балық аулау (ҚК 337-бабы) теріс қылықтан ауырлығы орташа қылмыстар санатына ауыстырылды.
Заңнамада тиісті фактілер үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 10 млн теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылған. Қорықтағы балықтардың сирек кездесетін түрлеріне және Қызыл кітапқа енген жануарларды заңсыз аулау үшін 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, ал қылмыстық топтың құрамында немесе аса ірі мөлшерде қылмыс жасалса – 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Сонымен қатар, қылмыс құралдарын, көлік құралдарын және браконьерлердің мүлкін міндетті түрде тәркілеу енгізілді.
Байжан Емберді.