Ақпараттық портал

Отан отбасынан басталады

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта әрі белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелер мен салт-дәстүрлердің сақтаушы ұясы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі екені де жасырын емес.

Бүгінгі таңда ең өзекті мәселеге айналып отырған отбасы институтын нығайтуға жастар ұйымдары да мүдделі екенін атап өткен жөн. Осы орайда жуырда Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Толық отбасындағы бала тәрбиесінің маңызы» атты кездесу ұйымдастырылды. Аталмыш тақырыпты тарқатуға өмірлік тәжірибесі мол тұлғалар тартылды. Олардың қатарында аудандық Аналар алқасының төрайымы, ардагер ұстаз Айжан Иманова және білікті психолог маман Гүлнұр Шоңғарбаева бар. Кездесуге келген спикерлер бала тәрбиесі турасында сөз қозғап, қажетті кеңестерімен бөлісті.
Шара қонақтарының айтуынша адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Балалардың ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталады-мыс.
– Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Сондықтан отбасы – өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Сонымен қатар оттың басы бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы,-дейді Айжан Болатқызы кездесу барысында.
Ұйымдастырушылардың айтуынша іс-шараның мақсаты – отбасы құндылығын насихаттау, отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, мемлекеттің негізі болар бала мен оның құқығын қорғау.
-Аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан психологиялық бағыт аясында отбасы құндылығын сақтау мақсатында жыл басынан бері тұрақты түрде іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мәселен, өңірдегі 14-35 адам аралығындағы жастарға 10 іс-шара өткізіліп, 236 жас қамтылған. Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуде. Сондықтан біз де бұл бағытта көбірек кездесулер, тәрбие сағаттары мен жарыстар ұйымдастыратын боламыз,-дейді аудандық мәслихат депутаты және ЖРО директоры Ғани Қойбағаров.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.