«БиАРТ» бағындырған белес көп
Шу өңіріндегі шығармышылық ортаға “БиАРТ” атты өнер ұжымы бұрыннан таныс. Балаларға эстетикалық тәрбие беріп, дарындарын шыңдап жүрген Мадина Серпердің есімі аудан мен облысқа танымал. Жас та болса жасындай жарқылдап, хореограф өз шәкірттерімен бірге аймақтардан бөлек жақын шетелдерде жүлделі орындарға ие болуда. Ол туралы біз бұрынырақта басылым бетіне жариялаған болатынбыз.
Жуырда ғана Түркістан қаласындағы “Nurly fest 2024” халықаралық фестивалінен «БиАРТ» шығармашылық ұжымының балауса бишілері олжалы оралған болатын. Атап айтқанда 3 бас жүлде, 1 бірінші, 1 екінші, 1 үшінші орынды иемдеген жас жерлестер Дубайда өтетін халықаралық доданың жолдамасын еншілеген.
Қажырлы еңбек көп күттірмей тағы да өз нәтижесін беріп, “Би АРТ” ұжымы Жамбыл облысының 85 жылдығына орай мемлекеттік шығармашылық тапсырысы шеңберіндегі үйірмелердің “Bala FEST 2024” облыстық өнер фестивалінде де би үйірмелері бойынша үздік өнер көрсетіп, бірінші орынға ие болды.
Марапаттау сәтінде қазылар алқасының төрайымы “Айжан қыз” халықтық би ұжымының жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Күләш Байтұрсынова жерлестеріміздің жетекшісіне бірінші дәрежелі диплом мен алып кубокты табыстады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша аталмыш фестивальға аймақтың 60-қа тарта үйірмелері қатысқан. Оның ішінде Шу ауданынан 5 би үйірмесі бақ сынаған.
Өз мамандығына махаббаты мол Мадина Дүйсенбекқызының ыждахатты жұмысына ата-аналар да дән риза. Өйткені әке-шеше үшін перзентінің қуанышынан артық жетістік жоқ.
– Өнерлінің өрісі кең деген ғой. Немеремнің жеңісі арқылы жасарып келемін. Еркеназ қызым Мадина апайынан би өнерін үйреніп жүргеніне 2 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында біраз жетістікке жетті. Балапаным алдағы уақытта Дубайда өтетін би жарысына ерекше дайындалып жүр. Шетел болғасын қобалжу бар. Бірақ талмай еңбек етіп, ұстазының айтқанын ұғып алса алынбас асу жоқ деп ұғамын. Сондықтан Мадина апайына алғыс білдіре отырып ана ретінде ақ батамды арнаймын,-дейді үйірмеге қатысушы Еркеназ Бименнің әжесі К.Ибраимжанова.
Өнерде шекара жоқ екені рас. Сондықтан белестерді бағындырып жүрген “БиАРТ” бишілеріне біз де сәттілік тілейміз! Парсы шығанағы жағасынан жағымды жаңалықпен оралуларыңа тілектеспіз!
Байжан Емберді.