Бас жүлдемен оралды
Үстіміздегі жылы Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай тағылымы мол, тәрбиесі көп, маңызы жоғары, мәдени шаралар жүйелі өткізілді десек асыра айтқандық емес. Соның бір жарқын көрінісі, жақында ғана Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшылығының ұйымдастыруымен ауыл кітапханашыларының кәсіби деңгейін анықтау мақсатында облыс
бойынша «Кітапханашы – ХХІ ғасыр мамандығы» «Жыл маманы – 2024» байқауы өтті.
Байқау талаптары бойынша 4 түрлі шарттарды жүзеге асыру міндеті жүктелді. Олар – «Жаңа ой, жаңа қадам, жаңа талап», «Ізденуден талмаған», «Жаршысы болып игі істің», «Үздік виртуалды кітап көрмесі», «Шабыт» атты номинациялардан тұрды. Бұл талаптар байқауға қатысатын кітапханашылардың жан – жақты ізденуіне өзіндік ой – қабілеттерін жетілдіруіне, ең бастысы оқырмандармен жанды жұмыс жүргізе беруге бар ынта жігерін, білімі мен қабілетін сарқа жұмсауына негіз болды.
Осындай аламан байқауға алдын ала тиянақты дайындалып, бір ай бойы өзіндік әзірлігін шыңдаған Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің әдіскері Ахметова Әсел Ержанқызы топты жарып бас жүлдеге ие болды. Жүлдегер жерлесімізді, әрі әріптесімізді облыс орталығында да құттықтаушылар аз болған жоқ. Біз де Әсел Ержанқызын бас жүлдесімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да тың жетістіктерге жете беруіне шынайы тілектестік білдіреміз. Көп балалы ананың отбасына амандық, саулық тілейміз!
Эльмира Шыңғысова,
Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы.