Қыз тәрбиесіне қырын қарамайық!
Текті халқымыз қыз тәрбиесіне қырын қарамаған. Өйткені, бүгінгі қыз, ертеңгі ұлт анасы. Дана Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деген бірауыз сөзімен-ақ қазақ қызының ең басты құндылығына баланған қасиеттерді атап өткен. Қызын төрге шығарып, төресіндей күткен кемеңгер халқымыздың «Қызды қырық үйден тыю» деген тәмсілінің салмағын бүгінгі ақылы келте, санасы саяз адамдар төмендетіп алғандай.
Сөз қадірін түсінбеген бәзбіреулер қырық үйден тыю дегеніңізді қыз баланың құқығын шектеу деп тікелей мағынада түсінгені жанға батады. Тіпті, қыз келін атанса, ешкімге қызмет етуге, отбасы мүшелерінің қас-қабағына қарауға міндетті емес дейтіндері табылады. Ұлттың ұйытқысы деген ұлы сөзге лайық болған дана аналарымыз қандай еді?! Бүтіндей бір рудың абыройын жанынан биік қойып, төңірегіндегілердің кем-кетігін толықтырып, мұң-мұқтажын ескергенін тарихтан білеміз. Ал, сол даналардың дара жолын жалғаймыз деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүргенде біржола үзіп алу қаупі де алдымыздан кес-кестеп шығып отырғандай.
Осыған орай, қыз баланың тәрбиесі күн тәртібінен бір күн де түспей, жер-жерде түрлі деңгейдегі іс-шаралар легі жалғасуда. Қазіргі қоғамның дерті болған ерте жүктіліктің алдын алу бойынша да арнайы жоспарлар құрылып, соның аясында бірнеше кездесулер өтуде. Соның жарқын дәлелі, Шу ауданының білім бөлімінің әдіскерлері Индира Инкибаева мен осы жолдардың авторының ұйымдастыруымен «Қырық үйден тыйым көрген тектіліктің белгісі» атты қыздар жиналысы өтті. Оған Шу қалалық емханасының профилактикалық-әлеуметтік-психологиялық бөлімінің меңгерушісі Есен Оспанова, Шу АПБ ЖПҚб УПИ ЮПТ инспекторы, полиция майоры Айсұлу Мұсабек, білім бөліміне қарасты жалпы білім беру ұйымдарының тәрбие жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, 8-10 сыныптың қыздары қатысты.
Қыздарға арналған тәрбиелік мазмұндағы жиналыс Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебі оқушыларының «Біз Отанның ұланымыз» атты хорымен ашылды. Мұнан кейін Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы орта мектебінің педагог-психологтары Джошуманова Жазира Сербаевна мен Болатбек Самал психологиялық тренинг өткізді. Тренинг басында қыз баланың тәрбиесіне қатысты бейнебаян көрсетіліп, қыздар бұрынғының бұрымдылары мен қазіргі заманның қылықтыларының айырмашылығын айтты. Мұнан кейін Мәншүк Мәметова атындағы орта мектебінің оқушылары мен мұғалімдері «Жеңгем – досым әрі сырласым» атты театрландырылған қойылымын көрсетті. Бұған қоса, Шу қалалық емханасының профилактикалық-әлеуметтік-психологиялық бөлімінің меңгерушісі Есен Оспанова мен Шу АПБ ЖПҚб УПИ ЮПТ инспекторы, полиция майоры Айсұлу Мұсабек қоғамдағы қыз балаларға қатысты қоғамдағы түйткілді мәселелерді алға тартып, зорлық-зомбылыққа ұшырамаудың жолдарын айтып, ел ертеңіне сеніммен қарау үшін қыздарымыз тәлім-тәрбиені бойына сіңіру керектігін атап өтті.
Қыз баланың ар-ұятты биік қоюымен қатар саналы ұрпақ қалыптастыруы үшін білімді болуы өз алдына бір міндет. Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда қыздардың білім қуып, ізденіс үстінде болуы, ақыл-ойын кемел ету үшін кітап оқуы да аса маңызды. Жиналыс барысында қыз балаларға ғаламторда қандай әлеуметтік желілерде отыратындығын білу мақсатында сұрақ қойған едік, барлығы жарыса қол көтерді, ал «кітап оқисыздар ма?» деген сұраққа санаулы қыздар ғана қолдарын көтерді. Оқушы қыздарға кітап оқудың қажеттілігі түсіндіріліп, қазақ әдебиетіндегі қыздардың, әйелдердің, ұлт аналарының айшықты образдары бедерленген «Ұлпан», «Қаралы сұлу», «Ақбілек», «Қорғансыздың күні», «Шұғаның белгісі» атты туындыларын оқуға кеңес берілді. Берері мол қыздар жиналысы Мұхтар Әуезов мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Дәурен Қаленнің әсем әнімен тәмамдалды.
Айғаным Асқарбек.