Республикалық турнирден жүлдемен оралды
Аудан өмірінің спорт саласында қандай да бір жетістіктер орын алып жатса, ол ең әуелі осы сала қызметкерлерінің ерен еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз. Соңғы уақытта бұл салада әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі спорттық сындардан сүрінбей өтіп, жеңімпаз атанып жүргендер жетіп артылады. Бұл да бірінші кезекте жаттықтырушылардың жүйелі дайындығының көрінісі.
Осы тұста біз осы жылдың қазан айында ауданымызға қарасты Шоқпар ауылдық округінен ашылған жаттықтырушы Уәлихан Көшербаевтың жетекшілігіндегі бокс үйірмесі балаларының жарыстағы жетістігін атап өткенді жөн көрдік. Нақты айтқанда, Тараз қаласында айдың басында және аяғына таман екі рет «Нұржан» бокс клубының ашық турнирі өтіп, бұл екі жарысқа да біздің жас спортшыларымыз қатысып, бақ сынап қайтты. Тартысты өткен сайыс нәтижесінде Жомарт Нұрислам, Жомарт Жігер, Досжан Ерасыл, Нұрдәулет Сәулебаев екінші орынды иеленсе, Сансызбай Мирас, Данияр Зәуірбековтер үшінші орыннан көрінді.
Сондай-ақ, қараша айының аяғында өткен екінші жарыста Жомарт Жігер, Бектұр Сағадат, Еркін Дархан бірінші орын алып, Жомарт Нұрислам, Айсұлтан Алишерұлы, Қазақбай Айбар, Аязбай Дінмұхамед екінші орынды, Дүйсен Саян үшінші орынды еншіледі.
Сонымен қатар, 27-30 қараша күндері Шымкент қаласында Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының ұйымдастыруымен республикалық ашық турнир өтіп, Шоқпар ауылының балалары жалпы саны 260 қатысушы бақ сынаған бұл жарыста да белсенділік танытып, сайыс алаңының ортасынан табылды. Бұл тұста түрлі сындардан сүрінбей өтіп, түрлі жарыстардың жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас боксшылардың жаттықтырушысы Абай, Төле би, Шоқпар ауылдарындағы бокс үйірмелерінің жетекшісі Уәлихан Көшербаевтың есімін ерекше атап өткен жөн. Білікті жаттықтырушының шәкірттері сындарлы сәтте әрдайым аудан абыройын асқақтатып келеді. Өз кезегінде У.Көшербаев та балалардың аталған жарыстарға қатысуына қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысы зор.
Тартысқа толы өткен республикалық турнир нәтижесінде шоқпарлық жас спортшыларымыз бір алтын, екі күміс, үш қола медаль еншілеп қайтты. Атап айтқанда, Қырықбай Шарифулла бірінші орынды, Жұмахан Нұрнияз, Тлеулес Райымбек екінші орынды, Мырзақұл Әділхан, Айтмағанбет Али, Жұмахан Нұртөре үшінші орындарды иеленді. Ал, Төле би ауылындағы бокс үйірмесі балалары арасынан Альтаир Күнчашов, Темірәлі Бағдәулет бірінші орынды жеңіп алса, Тұрсын Дамир мен Досжан Ерасыл екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, Қазақбай Айбар мен Мейрамбек Мейіржанға үшінші орын бұйырды.
-Ауылдағы спорт саласы жетістіктерінің молаюына осы бағыттағы үйірмелер жұмысының ықпалы зор. Бұл біріншіден ауыл өмірі үшін үлкен жаңалық. Екіншіден, ауыл балаларының спортпен шұғылдану арқылы бос уақытын тиімді пайдалануына, салауатты өмір салтын ұстануына, үйірме жұмысы арқылы түрлі жарыстарда бақ сынап, үлкен ареналардан бой көрсетуіне зор септігін тигізетіні анық. Спортқа бейім бала әр ауылда бар. Оларға тек қолдау қажет. Осы тұста жуырда Шоқпар ауылдық округінен бокс үйірмесінің ашылуына ықпал еткен осы округтің әкімі Рашид Шоңбаевқа, ауылдың аға биі Ермахан Алтаевқа алғысым зор. Ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да бұл ауылдағы үйірме қатысушылары бірқатар жарыстарға қатысып, басым бөлігі жеңіс тұғырынан көрінді. Алдағы уақытта да біздің жас боксшыларымыз жоғары деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанып, жерлес чемпиондар қатарын толықтыра түседі деген сенімдемін,-дейді бокс үйірмесінің жетекшісі У.Көшербаев.
Біз де өз кезегімізде артылған сенім ақталып, боксшы балалардың биік белестерді бағындыруына тілекшіміз.
Динара Батырхаирова.