Ақпараттық портал

Еңбегі – елге мұра, ұрпаққа үлгі

«Жер-судың аты-тарихтың хаты» демекші, қазақ елінің түкпір-түкпірінде тарихи тұлғалардың атымен аталатын, әрі тарихи оқиғаға негіз болған жер-судың атаулары баршылық. Шу ауданынан шеткері орналасқан шежірелі өлкенің шертер сыры кемерінен асады. Тұлпар тұяғы дүбірлеген дәуірлерде бұл өңірден де шоқпарды беліне байлаған шоқтығы биік батырлар да өткен. Топырағының киесі болар, айтулы ақындар, өнер адамдары да шыққан. Шоқпарға төселген шойын жолдың төңірегін шолып шықсаңыз, өткен тарихтың іздерін аңғарасыз. Атағы шартарапқа дүркіреген Шоқпардың шалқыған шаруасы, шарапатты істерінің бұл күндері де жібі үзілмеген.
Аңызақ желі жиі тұратын аңызға айналған өлкедегі білім ошағының өзі де Ораз Жандосовтың атымен аталуы өткеннен өнеге, ұрпаққа үлгі.

Міне, биылғы жылғы атаулы жылдардың легінде мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлының да туғанына 125 жыл толып отыр. Ұрпақ тәрбиелеу ісінде атаулы, даталы жылдарды атап өтудің үлкен мәні бар. Біздің осы Шу ауданында 45 мектеп бар болса, соның барлығы дерлік тарихи тұлғалардың атымен аталады. Елге еңбегі сіңген, қоғамның алға жылжуына үлес қосқан, білім мен ғылымға ден қойған, өз дәуірінде жаңалық ашқан тұлғаларымыздың өмір жолы мен еңбек жолын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру арқылы тұлға болып қалыптасуына жол саламыз.
Соның жарқын дәлелі, Шу ауданының білім бөліміне қарасты Ораз Жандосов атындағы орта мектебінде Ораз Қиқымұлының туғанына 125 жыл толуына орай тағылымы мол іс-шара өтті. Оған Шу ауданы білім бөлімінің қызметкерлері, Шоқпар ауылының әкімі Рашид Шоңбаев, жалпы және қосымша білім беру ұйымдарының директорлары, О.Жандосов мектебінің ұжымы, аталған мектептің оқушылары мен Шоқпар ауылының тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, «Туған жерге туыңды тік» демекші, өскен өңірінде жақсы іс бастау алса, баладай қуанатын сырттағы азаматтар да келіп атсалысты.
Мазмұнды іс-шара Ораз Жандосов жайлы деректі фильмнен бастау алды. Ораз Қиқымұлының еліміздің дамуына, соның ішінде экономикасының ілгерілеуіне, ағартушылық саланың жолға қойылуына қомақты әрі сүбелі үлес қосқандығы тарихтан белгілі. Бәрін тізбектеп айтар болсақ, том-том романдарға жүк боларлықтай қажырлы еңбек. Алматыда университет қабырғасында жүргенде жиі бас сұғатын киелі ордамыз – қазіргі Ұлттық кітапхананың ашылуына мұрындық болғанын бірі білсе, бірі білмес. 1931 жылы Қазақстан халық концтовар кеңесіне хат жазып, Қазақстанда республикалық мемлекеттік кітапхананы ашып, өзі соның алғашқы директоры болады. Кітапханаға өзі басшылық еткен жылдары жер-жерден түрлі кітаптарды, сирек кездесетін құнды деректерді жинақтап, кітапханадағы кітаптың алғашқы қорын 64 000-ға жеткізген. Бүгінгі таңда Ұлттық кітапхананың ақпараттық ресурстар қоры 6 млн данадан асып, әлем халықтарының 112 тіліндегі басылымдарды қамтиды. 1991 жылғы 9 қаңтарда мекемеге Ұлттық кітапхана дәрежесі берілді. Бұл Ораз Жандосовтың атқарған еселі еңбектерінің бір парасы ғана десек, бүтіндей бір ұлтқа жүк боларлық қызметті бір өзі атқарғаны нағыз ерліктің үлгісі деуге болады. Тағы бір ауыз толтыра айтар ел аузында қалған еңбегі 1932-1933 жылдың қысында Сарысу өзені бойындағы ел аштықтан қырылғанда Ораз Қиқымұлы оларды көшіріп, Жамбыл облысындағы Байқадам ауылына жеткізуді ұйымдастырып, ажалдан арашалайды. Осы сапарда Ораз Жандосов қыстыгүні ақ қар, көк мұзда ат үстінде 1500 шақырым жол жүрген екен. Айта берсе, революционер, қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың халқына еткен қызметі өте көп. Деректі фильмде осындай тың мағлұматтар айтылды.
Мұнан кейін Ораз Жандосов атындағы орта мектебінің директоры Данияр Бегімбаев алғы сөз сөйлеп, тағылымы мол іс-шараның шымылдығын түрді. Бұған қоса, Шоқпар ауылының әкімі Рашид Шоңбаев та сөз алып, өткеннен өнеге боларлық ақпараттар айтып өтті. Ораз Жандосовтың туғанына 125 жыл толуына арналған іс-шарада тұғырлы тұлғаға мектеп оқушылары арнау өлеңдерін оқып, ән-биден шашу шашты. Сондай-ақ, мазмұнды іс-шара жаңа спорт алаңының ашылуы мен аймақтық волейбол турнирімен жалғасын тапты. Дәл сол күні ауыл мешітінде үлкен ас беріліп, Ораз Жандосовтың рухына құран бағышталды.
Мұндай үлкен іс-шаралар, әрине демеушілердің қолдауымен өтетіндігі айдан анық. Жомарттық іс десе алдына жан салмайтын жүрегі кең азаматтар, яғни мектептің ардагер ұстаздары мен ауылдың беткеұстар азаматтары Дәнебек Толықбайұлы, Қайрат Қосжанұлы, Данияр Жайсанбекұлы, Айдар Досмаилұлы, Нұрлан Мырзақұлұлы, Бағдат Шиенбайұлдарын атап өтпеске болмайды.
«Ел есінде бір жыл қалғың келсе ас бер, он жыл қалғың келсе ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Өскелең ұрпаққа берілер тәрбиенің бір ұшы осындай тұлғатанымдық бағытпен өрістес болса ғана нәтиже беретіні айқын. Ел ертеңіне сеніммен қарау үшін ұлт пен ұрпақты ұлылыққа жетелеп, ұлттық құндылықтарды қадірлеп, ұрпақтар сабақтастығын жолға қоюымыз қажет. Ұрпақ тәрбиесі қай уақытта болмасын алдыңғы орынға қойылғанда ғана ұлт болып ұйысарымыз анық. Рухы биік, отансүйгіштік қалпы бар ұрпағымыз болғанда ғана азаттығымыздың ақ таңы арайлап атып, егемендігіміз баянды болмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.