Желтоқсаншылармен кездесу өтті
Белгілі ақын Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әніндегі «Ұя қалса иесіз айдын үшін сол қайғы, қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды» деген ән жолдары кім-кімді де болса да ойға батырмай қоймас. Бұл әннің 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысы кезінде дүниеге келгенін, шүрегейдің Колбин, қасқалдақтың Қонаев екенін бірі білсе, бірі біле бермес.
Енді сол Желтоқсан көтерілісіне тоқталсам… 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Генадий Колбиннің тағайындалатынын естіген қазақ жастары наразылықтарын білдірмекке бейбіт шерумен алаңға шығады. Бұл күні жастар әр тұста шоғыр-шоғыр болып, бір-бірімен гүбір-гүбір әңгімелесіп жатады. “Құланның қасуына мылтықтың басуы” дегендей, Кеңес үкіметінің күткені де осы еді. Ертесіне, яғни 17 желтоқсан күні жастар жан-жақтан лек-легімен ағылады. Қарусыз бейбіт шеруге шыққан жастарға қас қарайған шақта жазалаушы отряд лап қойып, оларды түрлі қарумен ұрып-соғып, анталаған қабаған иттерін жіберіп, үстілеріне суық су шашып, білгенін істейді. Ол кезде күн өте ызғарлы, жердің беті сірескен мұз болған деседі. Сол мұздың үстінде өрімдей жас қыздарымызды шашынан сүйреп, қан жоса етеді. Ел намысы тапталып, ерлері езгіге түсіп жатқанда қарап тұрмай, қарсы келген қатерден тайсалмай, жас өмірін жанкештілікпен қиған қайсар қыздарымыз қаншама?! Бұрымы желбіреген қаракөздеріміздің жат қолында намысы тапталып жатқанда ерлеріміз қарап тұрсын ба?! Тарихымызда қанмен жазылған, қазақ даласын жас өлікке тұншықтырған желтоқсан жаңғырығы әлі күнге дейін санамыздан өшкен жоқ, өшпек те емес. Сондықтан да 16-17 желтоқсан күндері ұлт мүддесі үшін жанын пида еткен азаматтарымыздың ерлік істерін еске алып, рухтарына құран бағыштап, көзсіз батырлықтарын кейінгі ұрпаққа үлгі ету-бізге артылған абыройлы аманат.
Осыған орай, Шу аудандық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен 40 мектеп-лицейінде «Тәуелсіздік-ұрпаққа аманат» атты желтоқсаншылармен кездесу өтті. Оған жалпы білім беру ұйымдарының аға тәлімгерлері мен Ұланбасылар қатысты. Кездесуге желтоқсан оқиғасының куәгерлері Ахметова Нұрбатима Сейтқасымқызы, Шоманова Раушан Сейсенханқызы, Кенжебекова Айгул Даутбекқызы арнайы шақырылды.
Тәуелсіздікке қол жеткізуге бағытталған үздіксіз күрестің нәтижесін берген ақтық көтеріліс, яғни Желтоқсан қозғалысының куәгерлері арамызда әлі де болғандығы қуантады. Еліміз егемендік алғалы жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып, тарихтың ақтаңдақ беттері қайта зерделену үстінде. Желтоқсан көтерілісінің де әлі де ашылмаған тұстары баршылық. Кездесу барысында ауданымыздағы мектептердің абыройын арқалап жүрген Ұланбасылар желтоқсаншыларға көкейіндегі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Келелі кездесудің шымылдығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнімен ашылып, күйші-композитор, мемлекеттік наградалар иегері Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі оқушылардың орындауында жалғасын тапты.
Мәнді шарада аудан мектептерінің ұланбасылары Желтоқсан оқиғасының беткеұстар қаһармандары Қайрат, Ләззат, Сәбиралардың монологын оқып, Желтоқсан куәгерлеріне жүрекжарды лебізін арнады. Бұған қоса, «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының үйлестірушісі Айдана Насырхан келген қонақтарға өз атынан сыйлық табыстап, игі істің үлгісін көрсетті.
Айғаным АСҚАРБЕК,
Байжан ЕМБЕРДІ.