Ақпараттық портал

Бала дамуына мол мүмкіндік

Осыдан екі жыл бұрын, нақты айтқанда 2023 жылдың ақпан айында аудан орталығы – Төле би ауылындағы Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясы жанынан Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды қолдау жөніндегі ресурстық орталық ашылған болатын. Балаларды инклюзивті қолдауға бағытталған ресурстық орталықта әдіскер, логопед, дефектолог, педагог- психолог, педагог-ассистент сынды арнайы мамандар жұмыс жасайды. Олар қосымша сабақтар арқылы балалардың білімді жетік меңгеруіне, білім сапасын арттыруға, қоршаған ортаға толық бейімделуіне, сонымен қатар сөйлеу тілінің бұзылысы бар балаларға логомассаж арқылы олардың сөйлеу қабілетін дамытуға қолдау көрсетеді.
Жалпы, “инклюзив” сөзі латын тілінен аударғанда “өзімді қосқанда”, ал ағылшын тілінен аударғанда “араластырамын” деген мағынаны білдіреді екен. Инклюзивті білім берудің мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қалыпты балалармен бірге оқыту. Яғни, адамның жынысына, дініне, шығу тегіне, әлеуметтік жағдайы мен физиологиялық жағдайына қарамастан тең құқылы жеке тұлға ретінде білім беру жүйесі болып табылады. Барлық балаларға мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде, мектепте сол ортаның өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру жүйесіндегі ең басты мақсат – балаларды психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық қолдау, қоғам өкілдерінің оларға деген көзқарасын өзгертіп, оң көзқарас қалыптастыру, өз қатарластарымен тіл табыса білуге үйрету, толық білім алуды ұйымдастыру, қоршаған ортаға бейімдеу, дені сау балалармен тең дәрежеде ұстау, өз-өзіне сенімін арттыру, осы балалар үшін кедергісіз аймақ орнату.
Орталық жұмысы ашылған сәттен бірден кең ауқымда жүзеге аса қоймағанымен, уақыт өте келе біртіндеп жолға қойылып, орталықтан білім алушылардың қатары да арта бастады. Бүгінгі таңда бұл ортадан Төле би ауылындағы барлық орта мектептердің мектепалды даярлық тобынан бастап 11 сыныпқа дейінгі бірқатар оқушылары білім алып жүр. Жалпы, бұл орталыққа балалар Психологиялык-медициналық-педагогикалық кеңес мемлекетттік мекемесінің қорытындысымен келеді. Мұнда тек ерекше білім алуды қажет ететін балалар ғана білім алады деген қате түсінік. Осы мәселені жұртшылық өкілдері, ата-аналар қауымы жете түсінуі қажет. Өйткені, орталық мамандарының айтуынша, бұл жерде оқу сауаттылығы, қабылдау қабілеті, сабақ үлгерімі төмен өзге де дені сау балалар бар.
Ал аталмыш орталықтың ашылуына Астана қаласындағы жеке меншікті “Дара” қорының қолдауы зор. Осы қордың көмегімен ашылған Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды қолдау жөніндегі ресурстық орталықтың өз жұмысын жолға қоюына Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназияның директоры Естаева Азиза Тоқсабайқызының көп еңбек сіңіргендігін атап өткен жөн. Осы кісінің ықпалымен бүгінде орталық толықтай материалдық жабдықтармен, оқу-әдістемелік құралдарымен, өзге де барлық қажеттіліктермен қамтылған. Білікті мамандармен қаруланып, ата-аналар сенімін ақтауға күш салып отырған ресурстық орталықтың алдағы уақытта да өз жұмысын жемісті жалғастыратынына сенім мол.

Динара БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.