Өнегелі өмір иесі
Ауданымыздағы аға буын өкілдері арасында өскелең ұрпаққа үлгі боларлық, жастарға айтары бар, шығармашыл қариялардың бары қуантады. Солардың бірі – Қалымбетов Байқұт Бейсенбайұлы. Ол 1943 жылы ауданымыздың Масақ Ақтөбе ауылында дүниеге келген (суретте). Жетіжылдық мектепті тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолын 1956 жылы Мойынқұм колхозында қарапайым жұмысшы болып бастайды. 1960-1979 жылдары механизатор, 1980 жылдан совхозда шопан болып, кейіннен 2006 жылға дейін жеке шаруа қожалығында еңбек етті. Жалпы, 50 жыл бойы тынымсыз тірлік етіп, бүгінде зейнеткерлер қатарында жүрген Байқұт Бейсенбайұлы өз заманында одақ көлемінде ауылшаруашылығын өркендетуге үлес қосқаны үшін күміс жүлдеге ие болып, еңбек екпіндісі ретінде өзге де бірқатар Алғыс хаттармен марапатталған.
Ал, шығармашылық қырына келер болсақ, түрлі тақырыптарда бірқатар өлеңдер жазып, әр жылдарда аудандық, облыстық байқаулардың ортасынан көрініп жүреді. Соның бір айғағы, 2012 жылы ауданымызда өткен «Атадан аманат – ұрпаққа ұлағат» атты байқауда жоғары орынды иеленіп, облыстық байқауға жолдама алса, облыстық кезеңде ІІ-орынды иеленген. Сол секілді 2014 жылы «Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер» байқауының аудандық кезеңінде І-орынды иеленіп, облыстық кезеңінде де жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ал 2015 жылы аудандық «Поэзия менімен егіз бе едің?» атты жазба ақындар байқауында бас жүлдені, 2023 жылы аудандық “Ақ бата” байқауынан екінші орынды еншіледі. Осындай байқаулардың біріндегі өзін-өзі таныстыру аталымында ол өзін былайша таныстырады:
Кіріп едім үлкен залға есік ашып.
Отырсыз үлкен-кіші араласып.
Алғышарт жобадағы таныстыру.
Алайын алдыменен амандасып.
Ассалаумағалейкүм, аудан халқы.
Аман-сау, есенбісің жұртым жалпы.
Жүзбе-жүз көріскенде сәлем беру,
О бастан емес пе еді ата салты.
Руым, ата-тегім Масақ елі.
Сол елден әкем колхоз жасап еді.
Еңбегі киноға да арқау болып,
Ат қойып, «Ақтөбе» деп атaп eді.
Бейсенбай әкем аты, шешем Манап.
Жасымнан еңбек еттім, іске жарап.
Өзімді таныстырып кетейін мен,
Бұл кім деп отырсаңыз, маған қарап.
Естіген болсаңыздар Байқұт атым.
Жаралған еңбек үшін табиғатым.
Колхозға 13 жаста мүше болдым,
Тарихта 90 жылдық қалған атым.
Он жасымда атқатырма байладым.
Он үш жаста ат пен арба айдадым.
Он сегізде тракторға отырып,
Жиырма жылдай қара майға майландым.
Отыз сегіз жасымда құрық ұстап,
Ата кәсіп емес пе, мал соңына байландым.
Жетпіс жаста дарынымды айшықтап, Қариялар жұлдызына айналдым.
Еңбек еттім, ерінбей елім үшін.
Ұлан-ғайыр, кең байтақ жерім үшін.
Қазағымның ұрпағы өсе берсін,
Берекесін сол жердің көру үшін.
Ақтөбедей ауылдық жерден келдім.
Шабытыма шалқыған ерік бердім.
Қариялар думаны бата-тілек,
Өмірімнің өткенін жырмен өрдім.
Өлең жолдарында айтып кеткендей, Байқұт Бейсенбайұлы ауданның, ауылдың қоғамдық өміріне де белсенді үлес қосып, жергілікті билік өкілдерімен де қоян-қолтық қызмет етті. Мысалы, 2007-2010 жылдары ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі болса, 2010 жылдан ауылдық ақсақалдар алқасы төрағасының міндетін атқарды. 2012 жылдан аудандық ардагерлер ұйымының төралқа мүшесі, Ақтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Сондай-ақ, 1991-2023 жылдар аралығында Ақтөбе ауылдық сайлау комиссиясының мүшесі және төрағасының орынбасары болған. 2018-2023 жылдары Ақтөбе ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы. 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып, халықпен, билік өкілдерімен етене байланыс орнатып келеді. Ауылдағы жастармен де тығыз байланыста болып, ауылішілік түрлі шаралардың басы-қасынан табылып жүреді. Әрдайым көптің ортасында болып, өнегелі өмір тәжірибесімен бөлісіп, қоғамдық өмірге белсене араласқан азаматтың ерен еңбегі ескеріліп, билік өкілдері тарапынан бірқатар марапаттарды иеленді. Атап айтар болсақ, “Шу ауданына 80, Шу қаласына 50 жыл”, “Шу ауданына 90, Шу қаласына 60 жыл” мерейлі медальдарымен, 2012 жылы аудан әкімінің грамотасымен, 2013 және 2017 жылы Ақтөбе ауылдық округі әкімінің Алғыс хаттарымен, 2016 жылы аудандық ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасымен, осы жылы “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының Алғыс хатымен, 2017 жылы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының Алғыс хатымен, осы жылы “Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына 30 жыл” мерейлі медалімен, 2022 жылы аудан әкімінің “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталған. “Шу ауданының Құрметті ардагері”.
Б.Қалымбетовтың бойынан батагөйлік, әуесқой ақындық, әншілік, сазгерлік қабілет те табылады. Оның жарқын дәлелі, өзінің «Ауылым менің – Ақтөбе» атты екі авторлық кітабының жарыққа шығуы. Алғашқысы Алматы қаласындағы «Толғанай Т» баспасынан, екіншісі жалғасы ретінде «Шу аудандық баспасы» ЖШС-нің баспасынан басылды. Бұл кітапта Ақтөбе ауылының тарихы, Кеңес үкіметі кезіндегі ауылдың тыныс-тіршілігі, ауыл өмірін өркендету жолында аянбай еңбек еткен еңбекқор азаматтардың өмірі туралы жазылған. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылы мен аудан өміріндегі белсенді азаматтарға, өзге де түрлі тақырыптарға арналған өлеңдер, әңгімелер, ауыл азаматтарының басынан өткен қызықты оқиғалары, Байқұт ағаға бағытталған арнаулар, ауылдық ардагерлер кеңесінің қатысуымен атқарылған жұмыстары баяндалған. Осы кітапқа ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Мәмбет Қойгелдиев және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, Жамбыл атындағы қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми зерттеу орталығының директоры Мүбәрәк Үмбетаев сынды беделі биік азаматтар пікір білдіріп, оның шығармашылық еңбегін жоғары бағалаған. Сонымен қатар, “Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында” кітабында, “Шу өңірі” энциклопедиясында Б.Қалымбетовтің еңбегі мен өнері туралы айтылған. “Шу ауданы ақындарының антологиясы” кітабына өлеңдері енгізілген.
Кейінірек кейіпкеріміз “Жарық дүние” атты тағы бір жаңа кітаптың авторы атанды. 2022 жылы Алматы қаласындағы “Арыс” баспасынан басылып шыққан бұл кітапта өмірден алынған оқиғаларға негізделген әңгімелер, арнау-өлеңдер, өмір иірімдеріне бағытталған өзге де шығармалары топтастырылған.
Кітаптың алғысөзінде “Байқұт Бейсенбайұлы Қалымбетов өлең өлкесіне өз өрнегін салған, айтары бар азамат. Ол әлемде, қоғамда, тіпті ауылда болып жатқан оқиғаларға да бей-жай қарамайды. Ол тіпті, ағайынның арасындағы жайттарға да алаңдайды. Бәрін ой-пайымынан өткізеді. Ұрпаққа ұлағатты сөзін айтады. Өйткені кейінгі жас үшін ағайынның, ұлттың, елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ. Осының бәрі ақынның өлең-жырына арқау болған.
Ел ішінде айтқыштар көп. Байқұт Бейсенбайұлы ауылдағы сол қарапайым, бірақ айналасын сөзбен ұйытқан азаматтардың ұтымды әзіл-қалжыңы мен уәжін де қағазға түсірген.
Автордың «Жарық дүние» атты кітабындағы уақыт, заман, қоғам, бірлік, ынтымақ, жалпы адамзат туралы айтқан ой-толғамдары оқырман жүрегіне жол табады деген сенімдеміз. Кітап көпшілік қауымға арналған”,-деп жазылған екен.
Бүгінде сексен жастан асқан шығармашыл қария осы уақытқа дейін жазу өнерінен қол үзген жоқ. Оған мақалаға арқау болсын деп қолыма берген және алғашқы парағында “Сексен жастан асқанда” деп жазылған бір папка толы материалдар дәлел. Мұнда да ауылда атқарылған игі шаралар туралы мақалалар, өткен жылдардың естеліктері, бата-тілектер, арнаулар мен өсиет өлеңдер жинақталған. Қаламы қарымды қарияның келешекте мұны да бір кітап ретінде жарыққа шығару ойы бар. Сондықтан, Байқұт атаның бойына күш-қуат, сарқылмас шабыт тілейміз.
Жұбайы Рыскүл Қалымбетовамен бірге 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, өсіріп, олардан 23 немере, 18 шөбере сүйген кейіпкеріміз алдағы уақытта да өскелең ұрпақ өкілдеріне үлгі болатын өнегелі істерін әрі қарай жалғастыра береді деп сенеміз.
Динара Батырхаирова.