Ырыс алды – ынтымақ
Жаңа жол ауылдық билер кеңесінің төрағасы ретінде Вагиб Мирзаев, Ұлзейнеп Байдосовамен бірлесе ауыл ішіндегі азды-көпті дау-дамайды болдырмауға тырысып, елдің тыныш өмір сүруіне ықпал етіп келеміз. Ауылдың ақсақалдар алқасымен бірлесе отырып, елдің ынтымағы мен береке-бірлігін нығайтуға күш жұмсап жатқан жайымыз да бар. Әр жұма сайын мешітке барып, ағайынның қал-жағдайын біліп, жастарға салт-дәстүрден өсиет-өнеге айтамыз. Мектептегі кездесулерге қатысып, халқымыздың тілі, діні, мәдениеті, тарихына арналған іс-шаралардың куәсі болып жүрміз.
Біздің ауыл көпұлтты елді мекен, бір-бірімізбен тату-тәтті тірлікте, ауызбіршілікте тұрып жатырмыз. Осындай ауылда алқа билердің атқарған жұмысына тоқталар болсам, ел болған соң ұсақ-түйек келіспеушіліктер болып тұрады. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны секілді билер кеңесі бір жанұяда болған (аты-жөні құпия болсын) жайды шешіп, ерлі-зайыптылардың бітімге келуіне атсалысты. Отбасында болар-болмас дау-дамай шығып, келін үйден кетіп қалып, сотқа шағымданып, ажырасуға арыз береді. Ажырасамыз деп жатқан жанұяның бас қосып, отандасқандарына жиырма жылдан асқан, 3-4 балалары бар. Отағасы елге сыйлы, көрші-қолаңға қарайласқан, өздерінің шаруа қожалығы бар азамат. Оның елге қол ұшын беруге де, әрқашан қайырымдылық жасауға да атсалыса білетін жақсы жан екенін білеміз ғой. Осы жағдай біздерді нақты шешімге келіп, жанұяны мәмілегерлікке шақыруға түрткі болды.
Билер кеңесінің мүшелері араздасқан үйге барып, бітімгершілікке шақырып, жанұяны сақтап қалуға мәжіліс өткіздік. Бұл жанұяның ата-анасын жақсы білетін едік, енесі де біздің тілегімізді құптап, келінін щақырып алып, ақсақалдар жастарды татуласуға шақырдық.
Мәжілістен кейін отбасы мүшелері өзара келісіп, бір-бірін кешіріп, татуласты. Сөйтіп ақсақалдар кеңесі, билер кеңесі бұзылып тұрған жанұяны татуластырып, бітімге келтірдік. Қазір осы жанұя бұрынғыдай айрандай ұйып өмір сүріп жатыр. Билер кеңесінің атынан ризашылығымды білдіріп, мынадай бата бердім:
“Шаңырағың шайқалмай,
Аман болып отбасың.
Түзу шықсын түтінің,
Балаларың бас қосқан.
Қуанышың бүгінгі,
Құтты болсын бітімің!”
Аюб Серкебаев,
Жаңа жол ауылдық билер кеңесінің төрағасы.