Майдан хаттары – тарихтың айғағы
Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан мен тыл арасындағы байланыс үзілген жоқ. Сол кезеңде жауынгерлер мен олардың отбасылары арасындағы хат алмасу ерекше маңызға ие болды. Әскердегі сарбаздар туған жерінен келген бір жапырақ хатты сағына күтіп, жақындарының амандығына алаңдаса, ауылдағы ата-ана, бала-шаға, сүйген жар мен бауырлар да майдангердің әрбір сөзіне үміт артып, тағатсыздана жауап жазатын.
Майданнан келген хаттар тек қарапайым хат алмасу ғана емес, сонымен қатар сол дәуірдің шынайы куәгерлері болды. Жауынгерлер қанды қырғынның ортасынан жазған хаттарында туған жерге, ата-анасына, сүйіктісіне деген сағынышын, елге аман-есен оралсам деген армандарын жеткізді. Кейбір хаттарда ерлікке шақыру, жігерлендіру сөздері де кездесетін.
Үшбұрышты хаттар – бұл майдан хаттары. Хатты осылай буу дәстүрі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалыптасты. Кейбір хаттар соңғы аманат болып қалды. Солдаттардың «Мен ораламын», «Жеңіс жақын» деген сөздерімен аяқталған хаттарының кейбірі иесін күтіп, сарғайып қалды.
Осындай қанды майдан даласынан жіберілген хаттар қазір музейде сақтаулы. Бүгінде сол бір сұрапыл жылдардың куәсі болған майдан хаттары өскелең ұрпақ үшін – үлкен құндылық. Олар – соғыстың ауыртпалығы мен солдаттардың жан күйзелісін көрсететін баға жетпес дереккөздер. Мұндай хаттар арқылы біз ержүрек батырлардың болмысын, олардың өмірге деген құштарлығын, Отанға деген сүйіспеншілігін түсінеміз.
Қазіргі таңда майдан хаттары әдеби шығармалар мен тарихи зерттеулерге арқау болуда. Олар – ерлік пен патриотизмнің мәңгілік символы. Сондықтан әр хат – ұрпаққа қалдырылған аманат.
Аида Берденова,
аудандық музей меңгерушісі.