Тасқынға қарсы оқу-жаттығу өтті
Өткен бейсенбіде аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернештің төрағалығымен “Көктем-2025” республикалық командалық оқу-жаттығу жиыны өтіп, оның аясында
аудан аумағындағы көктемгі су тасқынына дайындық барысы тексерілді.
Аталмыш оқу-жаттығуға 25 техника, 80 адам жұмылдырылды. Мақсат – төтенше жағдайлардың алдын алу, шұғыл әрекет ету қызметтерінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету. Шара барысында шұғыл әрекет ету жасағы сапқа тұрғызылып, қажетті құрал-жабдықтардың дайындығы қаралып, күресу шаралары пысықталды.
Оқу-жаттығуды аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тимур Кариев таныстырып, оның мақсат-міндеттерін түсіндірді.
Жаттығу барысында төтенше жағдай қызметтері мен басқа да мүдделі мекемелердің іс-қимыл алгоритмдері сыналды. Көктемгі тасқын қаупін азайтуға бағытталған нақты шаралар қарастырылып, инертті материалдар қоры, инженерлік техникалардың дайындығы және тұрғындарға ескерту жұмыстарының тиімділігі талқыланды.
Оқу-жаттығудың қорытындылары алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар табиғи апаттардың алдын алуға және олардың салдарын барынша азайтуға көмектеседі.
Айта кететін жайт, бүгінгі таңда тасқын қаупіне қарсы барлық шаралар қолға алынуда.
Динара Батырхаирова.