Қайтқан жерден қайыр бар немесе жерді мемлекетке қайтару ісі қалай жүзеге асуда?
Жасыратыны жоқ, ықылым заманнан бері тіршілігі төрт түлікпен біте қайнасқан ауыл қазағы үшін жайылым мәселесі қашан да өзекті болып келді. Бұрнағы жылдары аталмыш түйткіл одан әрі ушығып, жайылым үшін бір-бірімен араздасқан ауыл тұрғындарының қатары артты. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2017 жылы «Жайылымдар туралы» Заң қабылданды. Заң мал бағылатын алқаптарды тиімді реттеуге және олардың инфрақұрылымын жақсартуға, жердің тозуын болдырмауға бағытталған. Содан бері 8 жылға жуық уақыт өтсе де, жайылым мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей отыр. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Еліміздегі жайылымдық жерлердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылады, қалған 64 пайызы бос жатыр» деп, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсу керектігін жеткізген еді.
Міне, содан бері бұл бағыттағы жұмыстар біршама қарқын алып, игерілмей жатқан немесе мақсатсыз пайдаланылып келген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісі жандана бастады. Мұны ағымдағы аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен аппараттық кеңесте де анық байқадық. Басқосу барысында аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Асан Көшербаев баяндама жасап, салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Ауылдық округтердегі жайылым мәселесін бір жүйеге келтіру үшін бөлім тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылды. Дәлірек айтқанда, өткен жылы елді мекендерге бекітіліп берілген жайылымдық жерлерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қанша жайылымдық жер жетіспейтіндігі анықталды. Нәтижесінде, былтырғы жылдың соңына дейін жайылым тапшылығын толығымен шешу үшін ауданның жер қорынан жалпы ауданы 23294 гектар жайылымдық жер алқабын 6 ауылдық округке қосып беру мәселесі жер комиссиясында қаралып, оң шешім қабылданды. Әрі қарай елді мекен жеріне қосу жұмыстары жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, жиын барысында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 9926 гектар жер учаскесі мемлекеттің жер қорына қайтарылғанын, алайда бұл жұмысты одан әрі ширата түсу қажеттігін ескертті. Одан бөлек, биылғы жылы аудан атқамінерлерінің алдына 13 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті қойылып отыр. Осы орайда бір ескере кететін жайт, жоғарыда аталған жұмыстардың басым бөлігі жер қатынастары бөлімінен бөлек, жергілікті ауыл әкімдерінің іскерлігі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан да жайылым мәселесі күрделі болып отырған елді мекендердегі кемшіліктердің бір ұшы ауыл әкімінің ұйымдастырушылық қасиетінің төмендігіне келіп тіреледі десек артық айтқандық емес. Осыны ескерген аудан басшысы ауыл әкімдеріне тиісті бөлімдермен қоян-қолтық жұмыс істеп, жерді анықтау ісіне ерекше мән беруді тапсырды.
Жайылым туралы сөз қозғағанда ең алдымен иелігіндегі жерді ұзақ уақыт игермей, оны сары майдай сақтап отырған кейбір пысықайлар еске түседі. Дәл осындай олқылықтар кез келген ауылда бар екенін ешкім жоққа шығара алмайтыны анық. Әрине, қайбір жылдары «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кеткен жерлеріміз мемлекет меншігіне баяу болса да қайтарылып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда жердің төңірегіндегі дау-дамайлар мен заң бұзушылықтардың, оның ішінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың белең алып жатқаны жасырын емес. Жердің көлемі жағынан көш бастап тұрғанымызбен, қазақта ежелден бар жер дауынан бүгінгі бейбіт заманда да арыла алмай отырмыз.
Әлбетте, жайылымға қатысты түйткілді түгел қаузап, иін қандыра талқылау оңайға соқпайды. Десе де, жауапты мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсіп, заңға енжарлық танытып отырған азаматтарды анықтауы тиіс. Әйтпесе, әбден сиырқұйымшақтанып кеткен бұл істің зардабын ауылдағы қара халық көретіні сөзсіз.
Ерғали Қартайған.