Ақпараттық портал

Алдыңғы толқын ақылы – ұрпаққа аманат

Жуырда Көктөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте 5 сынып оқушылары жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Әжелер өнегесі – ұрпаққа аманат» атты танымдық сағаты өтті. Қазыналы қарттарымыздың ақ сандығындағы халық ауыз әдебиетінің жауһарларымен, әсіресе ертегі-жырларымен өскелең ұрпақты сусындату арқылы келешектің кемел болуына үлес қосатынымыз анық. Осы орайда аталған іс-шараның мән-мазмұны айрықша деуге толықтай негіз бар.
Қазіргі таңда, әсіресе әлемдік жаһандану процесі күрделеніп, халықаралық деңгейде ақпараттар ағыны жиі алмасып жатқан кезде ежелден қалыптасқан ата-бабаларымыздың сара жолын жалғау, сол арқылы бүгінгі буынды адамгершілік, әділдік, имандылық қасиеттерге баулып, тәлім-тәрбиенің мәйегін сіңіріп, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарды дәріптеу маңызды екендігін айғақтаған іс-шара өз мақсатына жетті.
Әжелер мақал-мәтелдер арқылы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, ырым-тыйымдардың мән-мағынасын тереңінен ашып, түсіндіріп берді. Оқушылардың сұрақтарына да жауап беріп, қазақтың ұлттық тағамдарын да таныстырды. Мәселен, құрт, ірімшік, қатық, майдың жасалу жолдарын және оның адам ағзасына пайдасын түсіндіріп берді. Ұлттық мүддеге ұйысатын ұрпақ тәрбиелеу жолында әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді алдыңғы буын жиі насихаттаса, нәтижесі көзге көрінбек. Мұндай еңбектер ауадай қажет. Сонда ғана қазақ халқы өзінің бастапқы болмысын сақтап, ұлттық сипаттарын әлемге паш ете алады.
Тәрбие балабақшадан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында, тіпті отбасында үздіксіз жүргізіліп отыру тиіс деп ойлаймын. «Тәрбие – тәлімнен», «Баталы сөз – балаға азық» деген даналықтың үдесінен шығуы үшін Аталар мектебі мен Әжелер мектебі ұдайы жұмысын жандандырып отыруы тиіс. Зейнеткерлікке аяқ басып, бала тәрбиелеу ісіне шындап кіріскен әрбір қазыналы қарияларымыздың бастамасы берекелі болсын!
Бибікүл КӨПБАЕВА,
Көктөбе ауылының аналар төрайымы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.