Ақпараттық портал

Аудан әкімі Б.Жәнібековтің Наурыз мейрамымен құттықтауы

Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Жер-жаһанның жаңаруының белгісі болып саналатын осынау тамаша мереке әр шаңыраққа мол қуаныш пен баянды бақыт әкелсін!
Әсемдік пен сұлулыққа бөлейтін Наурыз – халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптейді және барлық қазақстандықтар атап өтетін бүкілхалықтық мереке болып табылады. Осы күні жыл бойы өткен-кеткен ренішті кешіріп, ізгі жандар бір-біріне ізгілік гүлін сыйлайды.
Көктемнің тынысымен тыныстап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы деп бағалаған. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа бөлейтін ұлы мереке.
Бiз өткенді ой елегiнен өткiзiп, бүгінін талдап, болашақты болжауды игі дәстүр санаймыз. Аудан бойынша жасалып жатқан игі iстер де аз емес: ауыл шаруашылығы ілгерілеп, шағын және орта бизнес дамуда, жаңа жұмыс орындары ашылуда, бiлiм беру мен медициналық қызмет саласының сапасы артуда. Әрине, бұл ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуына өз үлестерiн қосып жүрген, бiр отбасындай ұйып, аянбай еңбек еткен шулықтардың шуақты шырайы іспетті.
Бүгінде қазақстандықтар саяси тұрақтылық, бірлік пен сенім, достық, өзара құрмет жағдайында өмір сүруде. Бұл дегеніміз – Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойған жаңа міндеттердің табысты іске асырылатынына кепілдік болып, біздің еліміз дамудың бұдан да жоғары деңгейіне жетіп, халқымыздың әл-ауқаты арта түсетіндігін айқын аңғартады.
Қадірлі қауым!
Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Айбыны асқан, ізгілік шашқан тамыры терең өнегелі өркениетіміздің өлшемі. Қасиетті халқымыз оны қашанда шат көңілмен, кемел пейілмен айрықша қарсы алған. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз баршамыздың шаңырағымызға шаттық пен қуаныш, ырыс пен ынтымақ, құт-береке әкелсін!
Сiздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, жұмыста, оқуда, шығармашылықта сәттiлiк тiлеймiн!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.