«Елім» деп соққан жүрек
Адамның өмірі оның ғұмыр сүрген жылдарымен емес, еліне қалдырған ізімен өлшенеді. Бір адамның ғұмыры өзімен бірге аяқталуы мүмкін. Бірақ оның сөзі халықтың жүрегіне жетсе, еңбегі ұрпаққа қызмет етсе, ойы уақыттан биік тұрса — ол адам рухани тұрғыдан өмір сүруін жалғастыра береді. Исаева — осындай ғұмыр иесі. Ол — ақын-сазгер, журналист, балалар ақыны, ҚР Мәдениет және Ұлт қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы. Бірақ бұл атақтар тұлғаның толық болмысын ашып бере алмайды. Себебі атақ — еңбектің сыртқы белгісі, ал тұлға — халық жадында қалған рухани із.
Бақыт Ақышқызының өмір жолын бір арнаға сыйғызу қиын. Ол сөзді өнерге айналдырды, өнерді тәрбиеге айналдырды, тәрбиені ұлт болашағымен байланыстырды. Оның шығармашылығының өзегінде бір ғана үлкен мұрат бар десек, ол — адамды адам ету, баланы елдің ертеңіне дайындау, ұлттық құндылықты ұрпақ санасына сіңіру. Жас өскелең буынға Отан, тіл, білім, отбасы және достық құндылықтарының мәнін өлең-ән арқылы ұғындырып, сол құндылықтарға сүйіспеншілік пен құрметті арттыра білді. Бұл — қарапайым мақсат емес. Бұл — өмірлік ұстаным.
Сөз — оның қаруы, тәрбие — оның мұраты. Ақын үшін сөз — жай ғана көркемдік құрал емес. Сөз — санаға әсер ететін күш. Бақыт Ақышқызы осы күшті, әсіресе балалар әдебиетінде орынды пайдаланды. Оның «Отан», «Балдырған», «Оқулық», «Балаларға», «Қадірле ұрпақ қастерлеп ана тіліңді» секілді шығармаларының қарапайым тілінің астарында үлкен тәрбие жатыр. Сондықтан балаға айтылған әрбір сөз — болашаққа жазылған хат. Әсіресе, «BIZ – BOLAShAQ» жобасы, жас ұрпақтың уақытын тиімді пайдалану арқылы олардың бойында ұлттық сана мен рухани тәрбие, отансүйгіштік рух, адамгершілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру бірегей жобалардың бірі. Бақыт Ақышқызы осыны жүрегімен сезінген қаламгер. Ол балаға құр ақыл айтпады. Білімге шақырды. Еңбекті бағалауға үйретті. Ата-ананы құрметтеуді, ұстазды қадірлеуді, туған жерді сүюді табиғи құндылық ретінде ұсынды. Ұлттың болашағы ұранмен емес, баланың бойына сіңген қасиетпен жасалды. Осы тұрғыдан алғанда, Бақыт Исаеваның балалар шығармашылығы — әдеби мұра ғана емес, тәрбие мектебі. Бабалардың рухынан нәр алған, көкірегі ән-жырдан жаралып, жүрегі «Елім»-деп соғып, шапағаты нұр боп айналасына таралған Бақыт Исаева ел рухын өрге сүйреген парасат иесі, ұлт тұлғасы. Бала кезден өз жерінің топырағын қадірлеп өскен Бақыт Исаева әрбір жырына, әніне құрметпен қосып, ертеңіне сеніммен қарады. Туған елін сүйген ұрпақ қана өркениеттің өріне шығуға қабілетті.
Отаныңды – сүй!
Отан үшін – күй!
Отан – үлкен шаңырақ,
Қасиетті – үй! – деп, жырлаған ақын Отанға арнап үлкен поэзия жазып шықты. Бүгінгі таңда туған өлкесінің абыройын асқақтатып, ел игілігі үшін елеулі еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Олар үшін туған жерге қызмет ету – жай парыз емес, рухани борыш, адамдық абыройдың асыл нышаны. Осындай жандардың қатарында Бақыт Исаеваның есімі ерекше аталады. Ол – туған топырағына адалдықтың, еңбексүйгіштіктің, рухани тазалық пен ізгіліктің өлшеміне айналған тұлға. Әр жыры отансүйгіштік пен патриоттық рухты айшықтайтын жырларға бағытталған.
Халық – тарихымен биік, ал тарихты тұлғалар жасайды. Бақыт Ақышқызы – ел рухын өрге сүйреген парасат иесі. Мәдениет пен әдебиеттен бөлек, қоғам мен ұлт рухын ұлықтаған тұлға. Атап айтсақ, ұрпақ тәрбиесін басты назарда ұстай отырып, ел мен қоғам арасындағы бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, өмірден өткен ұрпаққа үлгі ұлт тұлғаларын да ұмытқан емес. Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Саттар Естемесов атындағы ескерткіштің орнауына тікелей ықпал жасады. Ұлт руханиятының шынайы қайраткері.
Бақыт Исаева қандай марапат алса да, оның ең үлкен жетістігі халқының алғысы мен балалардың сүйіспеншілігі болды. Ол алған атақтардың бәрінен де туған жерінің «Құрметті азаматы» деген атағын ерекше қадірлеп, елге деген көңілін еш бүкпесіз білдіріп жүрді. Мұның өзі оның қарапайымдылығының, шыншылдығының, рухани биіктігінің дәлелі. Ол тек өткенді еске алушы емес, өткенге тірек орнатып, ұрпақтың рухын тәрбиелеген тұлға.
Бақыт Исаеваның артында мол мұра қалды. Ғұмыры – адалдықтың, балаға деген сүйіспеншіліктің, туған жерге деген шынайы махаббаттың көркем көрінісі. Оның жыры – балалық шақтың бояуы, үні – жүрек сыры, тұлғасы – ұрпаққа үлгі. Бүгінгі буынға ол кісіден қалған мұра – тек жыр ғана емес, ізгілік пен мейірімге, ұлттық рухқа толы ғұмырнамалық сабақ. Бұл – қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің алтын қорына қосқан құнды дүние. Бақыт апайдың рухына тағзым ете отырып, оның өнегелі өмірі мен өшпес мұрасын жас ұрпаққа таныту – бәрімізге парыз.
«BIZ-BOLAShAQ» – бұл жай жоба ғана емес, ұлт рухын жаңғырту мен жас ұрпақ санасына ізгілік пен елдік рух ұялатудың тұғырнамасы. Бақыт Ақышқызының өмірлік ұстанымы мен шығармашылық мұратынан туындаған бұл жоба – қазақ баласының жүрегіне ел мен жерге деген сүйіспеншілікті дарытатын бағдар. Бұл — көзге көрінбейтін, бірақ уақыт өте келе қадірі арта түсетін мұра.
Тұлғаны ұлықтау — оның атын айту ғана емес, оның әр сөзі ұрпақ жолындағы шығармасын зерттеу керек. Еңбегін жинау керек. Кейінгі ұрпаққа жеткізу керек. Өмірден өткен ақынға еш атақ пен мансаптың қажеті жоқ. Сондықтан Бақыт Ақышқызының мұрасын жинақтау, зерттеу, жариялау – Шу өңірінің мәдени мұрасы мен тарихына қажет. Бұл — рухани жадты қалыптастыру. Жүрегі «Елім» – деп соққан Бақыт Ақышқызының өмір жолын бір ғана атауға сыйғызу қиын. Ақын деу — аз. Сазгер деу — аз. Журналист деу — аз. Балалар ақыны деу — аз. Мәдениет қайраткері деу — оның тұлғасының бір ғана қыры. Оның басты сипаты — елге қызмет етуге ұмтылған рухани тұлға болуында. Ол сөзбен қызмет етті. Өнермен қызмет етті. Тәрбиемен қызмет етті. Өзінің өмірлік ұстанымымен қызмет етті. Оның шығармашылығында «Ел» ұғымы жалау ұран емес, адамның ішкі жауапкершілігі ретінде көрінеді.
Сондықтан «Елім» – деп соққан жүрек — жай ғана көркем атау емес. Бұл — Бақыт Ақышқызының өмірлік болмысына берілген мағыналы баға.
Өйткені, елді сүю — ел туралы сөйлеу емес. Елді сүю — өзіңнен кейін елге қажет нәрсе қалдыру. Бақыт Ақышқызы өзінен кейін ұрпаққа сөз қалдырды. Ой қалдырды. Өнер қалдырды. Тәрбие қалдырды. Ұлттық рух қалдырды. Ендеше оның ғұмыры аяқталған жоқ. Ол енді — ұрпақ санасында жалғасатын ғұмыр.
Бақыт Ақышқызының бізге қалдырған ең үлкен аманаты — осы ұлтты сүюді сөзбен емес, іспен дәлелдеу, ұрпақты тәрбиелеуді міндет емес, қасиетті борыш деп білу, туған жерді мақтан етумен шектелмей, оған қызмет ету.
Мұндай ғұмыр — бір адамның ғұмыры емес.
Мұндай ғұмыр — елдің рухани шежіресіне айналған ғұмыр.
Болатжан ТӨЛЕНДИЕВ,
Шу қаласы әкімінің орынбасары.