Ақпараттық портал

Ұлттық өнерді ұлықтаған тағылымды шара

Ұлттық өнер ұлттың болмысын айшықтап, сан ғасырлық тарихы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, халқымыздың дәстүрлі өнерін кеңінен насихаттау, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Бірлік ауылдық клубының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы орта мектептің акт залында «Ұлттық өнер – OPEN AIR» атты ұлттық мәдени іс-шара өтті.

Іс-шара барысында Бірлік ауылдық клубының жанынан құрылған «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі Ж.Қыдыралы мен Шу аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қобыз» үйірмесінің жетекшісі Д.Бағрабай халқымыздың төл өнері – домбыра мен қобыздың қадір-қасиеті мен құдіретін кеңінен таныстырып, қазақтың қасиетті қара домбырасы мен қыл қобыздың шығу тарихы, ұлттық мәдениетіміздегі орны, өзіндік ерекшеліктері туралы мазмұнды мәліметтер берді. «Домбыра қазақтың жаны» деп бекер айтылмаса керек. Оның қос ішегінен төгілген күй – халқымыздың қуанышы мен мұңын, арман-аңсары мен асқақ рухын жеткізген рухани шежіре. Ал қобыздың қоңыр үні де халқымыздың көне тарихымен сабақтасып жатыр. Оның сырлы сазы тыңдаушыны терең ойға жетелеп, ұлттық өнердің тылсым әлеміне жетелей түсті.
Шараның көркемдік шырайын өнерпаз үйірме жетекшілерінің орындауындағы күй айшықтай түсті. Домбыра мен қобыздың үндесе төгілген сазына ұласқан қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйі көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Қос аспаптың жарасымды үйлесімі арқылы орындалған күйден ұлттық өнеріміздің айбынды рухы мен сырлы табиғаты айқын сезілді. Күй күмбірі мен ұлттық аспаптардың әуезді үні балаларға ерекше көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын арттыра түсті. Өнерпаздардың орындауындағы туынды жас көрермендерге ұлттық мәдениетіміздің қаншалықты бай әрі терең екенін ұғындыруға мүмкіндік берді.
«Атадан балаға мұра – өнер», «Өнерді үйрен де жирен» деген халық даналығы осындайда ойға оралады. Ұлттық өнерді үйрену – тек музыкалық аспапта ойнауды меңгеру емес, ол – ата-баба аманатына адалдық танытып, ұлттық құндылықтарды қастерлеу.
Іс-шара соңында үйірме жетекшілері балаларға бос уақыттарын тиімді пайдаланып, өнер үйірмелеріне белсенді қатысуға кеңес берді. Жас жеткіншектер домбыра мен қобыз үйренуге ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеруге шақырды.
Осындай мәдени шаралар – жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттырудың маңызды жолы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана сөз бар. Ал сол бесіктен басталған ұлттық тәрбие өнермен, мәдениетпен ұштасқанда ғана ұрпақтың рухани тамыры тереңдей түседі. Ұлттық өнерді ұлықтап, ұрпаққа аманаттау – баршамызға ортақ міндет. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тұтқасы. Ендеше, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл өнерін дәріптеп, оның құндылығын кейінгі буынға жеткізу – өткенге құрмет, болашаққа аманат.
Ұлттық өнер – ұлт рухының айнасы. Оны қастерлеу – өзіңді, өз тарихыңды, өз тамырыңды қастерлеу.

Н.Сейсенбаева,
Бірлік ауылдық клубының меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.