Ақпараттық портал

Жомарттықтың нақ үлгісін танытқан жанашыр жан

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп дана Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде жырланғандай, кезінде киіз үймен көшпелі ғұмыр кешкен текті халқымыз көктемге ілінгенде қырдан ойға түсіп, ойдан қырға шығып ағайынын түгендеген. Жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер шағы деп аталатын бұл кезеңде көкке ілігіп, қыстан қалған сыбағасын асып, бірін-бірі шақырып, мәре-сәре болысқан.

Былтырдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Наурызнама» онкүндігі аталып өтуде. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтпек» деп қателесіп жүр ғой. Бұл біздің ықылымнан келе жатқан дәстүрлі мерекеміздің сын-сипаты. Хакім Абайдың да, мәшһүр Жүсіптің де еңбектерінде Наурызнама мерекесінің мән-мағынасы мен айшықты бедері аталып, ата-бабамыз бұл дәстүрді жылда жалғап отыратынын айтып өткен. Ел тарихы мен өткеннің өнегесіне үңілу арқылы ұлттық дәстүрімізді ұлықтауды лайықты жолға қоя білген Президентіміз Наурызнаманы 14-23 наурыз аралығында, яғни онкүндік бойы атап өтуді тапсырды. Ең алдымен, 14 наурыз – Көрісу күнінен бастау алатын Наурызнама дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде хал-қадірінше өткізілуде. Көрісу күнінен бастау алатын Наурызнаманың екінші күні, яғни 15 наурыз – Қайырымдылық күні.
Қаймағы бұзылмаған халқымыздың құшағы кең, қолы жомарт, көңілі дархан даладай ғой, шіркін! Бұл күні барша жұртшылық жоқ-жітікке, кем-кетікке, мұқтаж-міскінге қайырымдылық жасап, жақсылықтың жаршысы болады. Біздің Шу өңірінде де қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, өнегелі іс көрініс тапты. Соның ішінде ілкімді істерімен іріленіп жүрген үлгі тұтар жандардың ішінен суырылып, кіл жақсылардың көшін бастаған балуаншолақтық жомарт ана Шымшық Мадалиева Балуан Шолақ ауылының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Ерген Құтжановқа үйдің кілтін табыстап, ізгіліктің үлгісін көрсетті.
Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев және ауыл тұрғындары қатысты. Үй табыстау рәсімінде қызыл лентаны Шымшық анамыз бен ауыл имамы Аян Смайылов кесті. Салтанатты сәтте ауылдың «Жеті қазынасы» атанған әжелер шашу шашып, Ерген Құтжанов отбасымен шаңырақ ішіне кірді. Айта кетейік, бұл Мадалиевтардың табыстап отырған 4-ші баспанасы. «Кең пейілді кемімес» дегеннің нағыз үлгісі осы болса керек. Атымтай жомарттығымен қаншама жанға қуаныш сыйлап жүрген отбасының абыз анасы Шымшық Мадалиева анамыздың бұдан бөлек игі істерін жіпке тізе берсек, жетіп артылады.
Өмірге он перзент әкеліп, алтын құрсақты ана атанып, қарапайымдылық қалпынан танбай, алдына салған балаларын оқытып-шоқытып, бойдағы нәрін, қолдағы барын берген кейуананың сексеннің сеңгіріне шыққанда маңдайы жарқырап, жұлдызының жануы – тәңірдің тартуы дер едім. Төңірегіндегі тұрмысы төмен жандарға бей-жай қарамай, қайырымды іске келгенде алдына жан салмай, жомарттықтың үлгісін көрсетіп жүрген анамыздың ризық-несібесі артпаса, кеміген емес. Қайырымдылық қылсаң, әлбетте қайтарымы Алладан еселеп қайтады.
Жомарттық іске ұшы-қиыры жоқ жол салған Шымшық анамыздың “100 Ұлт жанашыры” атты кітапқа еніп, ізін суытпай Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы “Намыс” төсбелгісімен марапатталғанын осы уақытқа дейін жазған едік. Бұған дейінгі өңіріне қадалған “Батыр ана” және “Шу ауданының Құрметті азаматы” төсбелгілеріне тағы да жұптасқан екі медаль қосылып, апамыздың ажарын аша түскен еді. Жомарт анаға көрсетілер құрмет, берілер марапат, айтылар мадақ мұнымен шектеліп қалған жоқ. Бұған қоса “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі де кеудесіне жарқырай тағылып, «Ана даңқы» номинациясын Әулиеата төрінде алып қайтқан еді. Бұның бәрі адал еңбекпен тапқанынан аянбай елге қайырымдылық жасауынан Жаратқаннан алып жатқан мәртебелі мадақтары. Қайырымдылық жасау үшін бай болуың маңызды емес, қарапайым ғана қол ұшын созудың өзі жанашырлықтың белгісі. Жоғарыда аталған кейіпкеріміз секілді атақ-абыройға кенелу үшін мейірімділіктің дәнін санаға егу керек.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.