Бірлікпен біткен тірліктің тағылымы мол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамының тұжырымдамасын ұсынған болатын. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетіне берген ауқымды сұхбатында тұжырымдама жөнінде нақтылай түсіп: «Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деген еді.
Міне, соның арқасында 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланып, барша қазақстандықтар жоғары деңгейде атап өтуде.
Әр ұлттың өзінің ерекшелігі мен ұлттық қасиетін айқындайтын мейрамдары болса, біздің қазақ халқының сыбағасына біткен Наурыз мейрамы да өзінің сыр-сипатымен дәстүрлі түрде аталып өтуде. Бұл мейрам тереңнен тамыр тартып, өзіндік шығу тарихы мен мәнінің арқауын үзбей, ұлттық болмысымызды дәріптеу арқылы жер-жерде өткізілді. Биылғы жылы да Наурызнаманың онкүндігі қал-қадірінше ұлттық сипатымызды айқындап берді.
Шу ауданының білім бөліміне қарасты барлық білім беру ошақтарында Наурызнаманың онкүндігіне байланысты жоспар құрылып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар өз деңгейінде өтті. Ерекше атап өтерлігі, Шоқпар ауылында орын тепкен Ораз Жандосов атындағы орта мектептің аумағында 21 наурыз күні тағылымы мол іс-шаралар легі топтастырылып өткізілді.
Мектептің маңына киіз үйлер тігіліп, наурыз көже пісірілді. Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Наурызнаманың онкүндігін қамтуға бағытталған іс-шарада Ораз Жандосов атындағы орта мектептің директоры Данияр Бегімбаев, ардагер ұстаз Төлеухан Шаймерденов, Шоқпар ауылдық округінің әкімі Нұрлан Ильясов, М.Дулатұлы атындағы орта мектептің директоры Сатыбалды Солтыбаевтар сөз алып, ақ тілегін ақтарды. Мұнан кейін, ауылдың қадірлі азаматы Рашид Шоңбаев құран бағыштап, игі шараның шымылдығы түрілді. Дәл осы сәтте мектептің ұстаздары ауыл тұрғындары мен қонақтарға ыстық бауырсақ үлестірді. Ал, ауылдың жомарт азаматы Дәнебек Бегімбаев мектеп оқушыларына 250 балмұздақ таратып, қайырымдылық істің үлгісін көрсетті.
Концерттік бағдарламадан кейін мектептің ауласына 100 түп ағаш отырғызылды. Бұған қоса, жылыжайдың ашылу салтанаты да өз ретімен болып, ауыл қариялары қызыл лентаны кесіп, жылыжайдың ішін тамашалады. Ағаш бағы мен жылыжайды күтіп-баптау мектеп ұжымы мен оқушыларына жүктелген. Дәл осы күні ұлттық ойындарымыз да тартысты өтіп, ұмыт болған «Теңге ілу» ойыны да іс-шараның мәнін ашты.
Ойлап бақсақ, бір Наурызнаманың өн бойындағы тағылымы мол барлық іс-шара бір күнде қамтылып отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, Ұлттық киім күні десек, дәл осы күні еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұлттық нақыштағы киімдерді киіп, ынтымағы жарасып, шаңырақтың қасиетін арттырды. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық спортымыз дәріптелді. Қайырымдылық іс те орын алып, жаңару мен тазарудың да белгісіндей болып табиғатқа қамқорлық ретінде тал-дарақ отырғызылып, жылыжайдың да бейнеті басталып кеткендей. Бітер істің басына жақсы келер қасына демекші, жас та болса ойында да, бойында да биік бастамалары бар Ораз Жандосов мектебінің директоры Данияр Бегімбаев пен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Еламан Жандосовтың игі ойларына жан бітірген мектеп ұжымының осындай іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.
Айғаным Асқарбек.