Кезекті марапат иелеріне табысталды
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу қаласындағы теміржол мекемелерінің бірі – Шу белгі беру және байланыс дистанциясы. Осы мекемеде бірқатар жерлестеріміз жылдар бойы табысты еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Солардың бірі – Садыков Ербай Дошманұлы.
Ол 1941 жылы ауданымыздың Еспе ауылында дүниеге келген. 1958 Шу қаласындағы № 62 (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп) жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Еспе станциясындағы астық сақтау қоймасында электрмонтер, киномеханик болып жұмыс істейді. 1961-1964 жылдары Кеңес әскері қатарында болып, 1965 жылы Шу жол дистанциясында жол монтері, дефектаскоп арбасының операторы жұмысын атқарады. 1968 жылдың ақпан айында Шу сигнализация және байланыс дистанциясына «Бәйшешек» станциясы бойынша электрмонтер болып ауысады. Осы мекемеде электрмеханик, аға электрмеханик болып жұмыс жасайды. Темір жол саласында табаны күректей 40 жыл тер төгіп, 2004 жылдың желтоқсан айында зейнет демалысына шығады.
Ал, келесі кейіпкеріміз Бурабай Қуандықов та осы мекеменің ардагер теміржолшысы.
Ол 1956 жылы ауданымыздың бұрынғы Киров колхозында дүниеге келген. 1974 жылы Новотройцк ауылындағы казақ орта мектебін бітіргеннен кейін, Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Бұдан кейін Шоқпар совхозында механизатор болып жұмыс істейді. 1978 жылы жаз айында Алматы темір жолына қарасты Шу сигнализация және байланыс дистанциясының Алайғыр станциясы бойынша электрмонтері болып жұмысқа қабылданады. 1980 жылы Алматы қаласындағы СОБ (сигнализацияны орталықтандыру, блоктау) электрмеханигін даярлау курсында бір жылға жуық оқып, білімін шыңдайды. 1983 жылы СОБ электрмеханигі болып біліктілігі жоғарылайды. 2019 жылдың маусым айында зейнет демалысына шыққанға дейін бір орында Алайғыр станциясында 43 жыл 9 ай электрмеханик болып еңбек еткен майталман теміржолшы. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан 10 немере сүйіп отырған балаларының аяулы әкесі, немерелерінің қамқор атасы. Жоғарғы билік өкілдері тарапынан алған марапаттары ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінгі таңда кенже ұлы Нұржан әке жолын жалғап, Алайғыр станциясында электрмеханик болып еңбек етіп келеді.
Жуырда есімдері аталған екі ардагер теміржолшы тағы да кезекті марапатқа ие болды. Атап айтқанда, бірі 40 жыл, бірі 43 жыл тер төккен Ербай Садыков пен Бурабай Қуандықовтың ерен еңбегін ескерген Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы ардагер теміржолшыларды жоғарғы билік өкілдерінің марапатына ұсынады. Астана қаласынан арнайы жеткізілген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ орталық ардагерлер кеңесі тарапынан берілген Алғыс хатты Тұрсынбай Нұрғалиұлы иелеріне салтанатты түрде табыстап, иықтарына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді.
Қос ардагердің құрметіне ұжымдастарының ықпалымен “Ореке” мейрамханасында жайылған дәмге толы дастарханда бірқатар әріптестері жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде марапат иелері де құрмет көрсеткен барша қауымға алғыстарын жаудырып, еңбектеріне жеміс тіледі.
Динара Батырхаирова.