Ақпараттық портал

Абайлықтардың абыройы асқан күн

Өресі биік, өрісі кең халқымыз ғасырға жуық уақыт бодандықтың қамытын киіп, талай құндылығынан айырылып қала жаздағанына кешегі тарих куә. Тектілік тамыры мықты болғаннан болар, егемендікке қол жеткізгелі өшкені жанып, үзілгені жалғанып, жоғы түгенделіп, дәстүр-салты қайта оралды. Әсіресе кейінгі жылдары ұлттық құндылықтары ұлықталып, тіпті алыс-жақын елдерге
танылуда.
Соның бірі, Ұлыстың ұлы мейрамына баланған Наурыз думаны жер-жерде жоғары деңгейде аталып өтуде. Бұрындары ұлттық киімімізді тек арнайы мейрамдарда, іс-шараларда ғана киетін жұртымыз бүгінгі таңда күнделікті киіп жүруді де әдетке айналдырған. Биыл ауыз толтыра айтар жетістігіміз Маңғыстау облысында бір сәтте 5000 адам алаңға ұлттық киім киіп шығып, “Гиннестің рекордтар” кітабына енді. Бұдан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттығымызды айғақтайтын түрлі шаралар өтті.
Біздің Шу ауданында да Наурызнаманың 10 күндігі лайықты деңгейде өзінің сән-салтанатымен өткізілді. 21 наурыз күні “Наурыз төбе” алаңында Наурыз мейрамы аудандық деңгейде өтсе, 22 наурыз күні ауданда орын тепкен ауыл-ауылдарда да жоғары деңгейде өткендігін әлеуметтік желілерден аңғардық. Соның бірі, Өндіріс ауылдық округіне қарасты Абай ауылында өткен Наурыз мейрамын ерекше атап өтуге болады. Қаймағы бұзылмаған, салтынан жаңылмаған, жолынан жығылмаған абайлықтар Наурыз мейрамын дүбірлетіп өткізді деуге дәлел боларлықтай дүниелер жетерлік. Абай ауылының абыройын асырған Наурыз мейрамына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы қатысты.
Дәл осы күні ауыл стадионының маңына ақшаңқан киіз үйлер мен шатырлар тігіліп, мол дастархан жайылып, қазан-қазан көже асылып, самаурынның шәйі бұрқырап, үлкен-кіші мәре-сәре, балалар азан-қазан болып, мызғымас бірліктің, жарасымды тірліктің көрінісі көңілдерді көкдөнен күйге бөледі. Ең алдымен сахна төрінде Наурыздың белгісіндей, жақсылықтың үрдісіндей театрландырылған қойылым қойылды. Қызыр ата мен Көктем ананың бейнесіндегі қос кейіпкер қазақ даласына наурыз келгенін жаршылап, игі істің бастауындай болып ақ батасын берді. Өз кезегінде аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы мінберге шығып, абайлықтарды ұлттық мейраммен құттықтап, ізгі лебізін арнады. Бұған қоса, Абай ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете әсем әнін шырқаса, балауса қыздарымыз мың бұрала би биледі. Ауылдың Наурыз тойының мәні мен мағынасын кіргізген “Келіндер сыны” да тартысты өтіп, көрерменнің назарын өзіне аударды.
Тәлім мен тәрбиенің мәйегін тамызған “Келіндер бәйгесін” ұйымдастыруда Өндіріс ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Мәрзия Омарова мен Абай ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Лариса Омарованың үлестері зор. Келіндердің бабы мен бағын қатар сынаған бәйгеде ауыл келіндері “Келіні жақсы үйдің керегесі алтын” (таныстыру), “Жақсы әйел-үй дәулеті” (ас мәзірі, қолөнер), “Балалы үй-базар” (бесік жырын айту), “Келін көркі-өнер” (өнерін ортаға салу) кезеңдері бойынша өз білгендерін ортаға салды. Игі дәстүрлерді дәріптеген байқау ұлт ұрпағын тәрбиелейтін келіндердің ынтасы мен ықыласын арттырды. Берікхан ата, Жүсіпбек ата, Сәбит ата, Әзімбай ата, Тоқтар ата келіндері өздерінің өсіп-өніп отырған әулеттерінің абыройын асырып, ел аузында айта жүрерліктей тәлім-тәрбиесін көрсетіп бақты. Тиісінше келіндерге жүлделі орындар мен арнайы сыйлықтар берілді. Атап өту керек, бағалы сыйлықтарды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ өз аттарынан беріп отыр.
Бұдан бөлек, ауылда “Тұсаукесер” рәсімі өтіп, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесті. Сондай-ақ, ұлттық ойындарымыз да өз деңгейінде өтіп, жеңімпаздарға да сыйлықтар үлестірілді. Бұның барлығының артында ауылдың жомарт азаматтары тұрғаны анық. Өткен ғасырларда ақтылы қой өргізуде алғы шептен көрініп, тарихта қалған Абай ауылының бұл күндері де ел аузында қаларлықтай өнегелі істері жетерлік. Осы жақсы дәстүр жалғасын таба берсін!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.