Ақпараттық портал

ДАРЫНДЫ ШӘКІРТ – ШЫҒАРМАШЫЛ ҰСТАЗДАН

Төле би атындағы білім шаңырағында аудан мектептері ұстаздарының қатысуымен “Дарынды шәкірт – шығармашыл ұстаздан” атты семинар өткізілді.
Семинардың басты мақсаты – дарынды балалар мен ұстаздардың бәсекеге қабілетті құзіреттілігін қалыптастыру және оқушы шығармашылығын дамыту бойынша әдістемелік тәжірибе алмасу болды.
Ғылыми-әдістемелік жұмыс бойынша директордың орынбасары, “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісінің иегері Салтанат Жұмабаева семинар жұмысының барысына тоқталса, “Тақырып таңдаудан сәтті қорғауға дейін” қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқушыларды ғылыми жоба жұмысына баулу мен “Тиімді әдіс – шығармашыл шәкірт” туралы ашық сабақтар шеруімен жалғасын тапты.
Мектеп директоры Ардақ Джаңғарашева мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Айсұлу Байжолова жас қаламгер оқушылар Меделбай Асфендиярдың “Ұшқын”, Айдана Мұсабаева, Амина Мырзахан “Қойшы батыр”, Заурбек Аянат, Елдана Әліш “Көркемсөз – жанның сәулесі”, Әнел Тұрсынбек “Шабыт”, Сезім Талғатқызы “Ғибрат”, Айару Асет “Асыл сөз”, Айкен Бейсенғали “Өнерпаз болсаң арқалан”, Балауса Нысанбектің “Шуақ” кітаптарының тұсауын кесті.
Дарынды оқушыларды шығармашылыққа баулып, бұлақ көрсе көзін ашқан, “Қазақ тілі пәнінің үздік педагогі” атты республикалық байқаудың жеңімпазы Нағима Қуанышбекова, “Білім шыңы – Ғылым сыры” мәресінде “Қазақ елінің үздік ұстазы” төсбелгісімен марапатталған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Сатқынова, республикалық жобалар жүлдегері Гүлжан Құлмахамбетова сияқты майталман ұстаздар бағыт-бағдар берді.

Ләззат Оразбаева,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шу қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.