Ақпараттық портал

Интернат – тәрбиенің қайнар көзі

Осыдан екі ғасыр бұрын хакім Абай “Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы, жаңа өспірім, көкөрім, бейне қолдың саласы” деп өлең жырларын өрген еді. Әлі күнге сол арқау үзілмеген-ді.
Біздің ауданда да Шу қаласындағы А.С.Макаренко атындағы орта мектеп пен Шоқпар ауылындағы О.Жандосов атындағы мектеп жанында интернат жұмыс істеуде. Бұл қос интернатта көбіне шопанның балалары, көпбалалы және толық емес отбасының балалары білім алады. Кей жағдайда ғана ата-ананың қарауынсыз қалған және мінез-құлқында өзгеріс, сабақ үлгерімінде артта қалушылығы бар балалар оқиды. Аталған мектеп-интернаттарында жалпы білім беру ұйымдарындағыдай білім мен тәрбие қатар беріледі. Интернатта оқитын оқушылардың қатарында да білімді, өнерлі, жан-жақты, қоғамдық істерге белсене араласатын оқушылар жетерлік. Біз оған мектеп-интернаттарда өткен іс-шараларға қатысу арқылы көз жеткізіп келеміз.

Сондай іс-шараның бірі – А.С.Макаренко атындағы орта мектеп жанындағы интернатта өткен “Интернат-тәрбиенің қайнар көзі” атты аудандық семинар. Семинар барысында мектеп директоры Асхат Тунгатаров сөз алып, интернаттың жай-күйін баяндады. Мұнан кейін мектеп психологы Ж.Ченсызбаева семинарға қатысушылармен психологиялық тренинг өткізді. Бұған қоса семинар қонақтары мектеп-интернаттың ұлттық қолөнер ұйымының шығармашылық көрмесін аралады. Бұдан әрі бағдарламаға сәйкес, “Жақсылық жасай білейік” атты тәрбие сағаты, “Тәрбиенің ең тамаша мектебі-отбасы” тақырыбында ата-аналармен жиналыс, М.Дулатұлының “Бақытсыз Жамал” шығармасының аясында конференция, “Интернаттағы тәрбиенің ерекшеліктері мен заманауи әдістері” атты мұғалімдермен коучинг өткізілді.
Қазіргі күні оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын оятуға арналған түрлі іс-шаралардың жүзеге асып жатқанын көріп жүрміз. Аталған мектеп-интернатта да оқушылардың кітап оқуға ден қоюы педагогтың шеберлігінің жемісі деп айтуға болады. Конференция кезінде оқушылар Міржақып Дулатұлының “Бақытсыз Жамал” романындағы әр кейіпкерге жеке-жеке тоқталып, портреттік мінездеме беріп шықты әрі өздерінің ой-пікірлерін де ортаға салды.
Сондай-ақ, ата-аналармен жиналыс бөлімінде кері байланыс орнатуға негізделген ситуациялық ойындар ойнатылды. Ата-аналар кері байланыс берген сәттерінде мектеп интернаттың жұмысына көңілдері толатындығын, білім мен тәрбие жолға қойылғандығын атап өтіп, тіпті көз жастарына да ерік берді. Осы мектеп интернатта білім алып жатқан балаларына еш қам жемей, алаңсыз өмір сүріп жатқандығының артында ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі тұрғандығын да тілге тиек етті.
Семинар соңында А.С.Макаренко мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Жамал Мыктыбекова, Сауле Ильясова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асем Омарова, құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рада Исмаилова, мектеп жанындағы интернат меңгерушісі Гулназ Адамжанова, мектеп жанындағы интернат тәрбиешілері Карлыга Үрпебаева, Умит Байгараева, Эльмира Киялбекова, Сандугаш Есемуратова, мектеп жанындағы интернаттың үйірме жетекшісі Дамир Дарбектерге іс-тәжірибесімен бөліскені үшін сертификат берілді.
Ұлтына жанымен беріле қызмет ететін ұлтшыл ұрпақты тәрбиелеу жолында ұстаздың алар орны ерекше. Дана Абай “Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады” деп текке айтпаса керек-ті. Әсіресе, осы айтылғандардың соңғысына артылар жүк ауыр. Әрбір ұстаз тәрбие мен білімді ұштастыра білгенде ғана ұлт ұрпағын тарихымызға тереңінен бойлата алады. Өскелең ұрпағымыз қандай мекемеде білім алса да, ең бастысы, қоғамға пайдасы тиетін азамат болып қалыптасса, үміттің ақталғаны сол емес пе?!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.