«Айтуға оңай» – қаз-қалпында
«Айтуға оңай»… Осы бір сөздің астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! Шын мәнінде қандай да бір істі айтуға оңай болғанымен, соның жолындағы талпыныс, ізденіс, еңбек, соған сай салмағы барын айтқанда ғана біліп жатамыз. Тіпті осы бір сөзді айтқанда қазақ көгінде күн болып жарқ етіп өткен белгілі журналист Бейсен Құранбектің ойға оралуы да тегін емес. Ал, осы Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» бағдарламасы өміршең қалпын сақтап, бүгінге жалғасып отқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Айтпағым, жуырда ғана Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің базасында «Айтуға оңай» бағдарламасы «Телефонға байланған ғұмыр» атауымен өтті.
Шығармашылық ізденіс жолында жүретін адамның өткізген іс-шаралары да бөлек болатыны бір қарағанда-ақ аңғарылып тұрады. Осы уақытқа дейін М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде қандай іс-шара өтсе де өзіндік мән-мағынасымен, айтар ойымен ерекшеленіп тұрады. Әр іс-шараны өз деңгейінде өтуге мектеп ұжымы атсалысса, оларға идея тастайтын негізгі құрамның да креативтілігі өз алдына. Осы тұста көпжылдық іс-тәжірибесі, терең білімі бар педагог, мектеп директорының эксперимент ісі жөніндегі орынбасары Жексенбаева Баян Ниятуллақызының әр іс-шарада өзіндік қолтаңбасы бар екендігін атап өтпеске болмайды. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, мектептің директоры Сұлтанова Махаббат Төлегенқызы қандай да бір іс-шара өтетін болса, соны қолдауға дайын тұрады әрі ой қосудан тартынбайды, тіпті үлкен көлемде өтуіне де ықпал етеді.
Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің көпшілігі телефонға тәуелділіктен арыла алмай, бұл қоғамдық мәселеге айналғалы қашан?! Көгілдір экранның арғы бетіндегі алдау-арбау дүниелерге бой алдырып, қателікке аяғын көп шалдырып жүрген жастардың санасы уланбауы үшін тәрбие ісін күнтізбеге қыстырғалы ел болып жұмылып әрекет етудеміз.
Қаншама шығарылымы теледидардан көрсетілген «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізілу тәртібін қаз-қалпында сақтап, сол арқылы телефонға байланған ғұмырдың ақыры қандай кеселдерге апаруы мүмкіндігін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған іс-шара өз деңгейінде өтті. Бағдарлама барысында М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектеп директоры Махаббат Сұлтанова, Еңбекші атындағы орта мектеп директоры Талап Майкеев, Алға орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Балнұр Диқанбаева, аудандық орталық аурухананың маманы Айжан Кемелханова, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лаура Мырзаханова және осы жолдардың авторы арнайы кеш қонағы болып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Кеш барысында барлығының ойы бір арнаға тоғысты. Яғни қазіргі кітап оқыған балалар келешекте телефонға телмірген балаларды басып озады деген ойын айтты. Меніңше, бала ерте жастан кітаппен дос болса, болашақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. Кітап оқу – миға жасалған жаттығу. Мысалы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өз білімін өз бетімен ізденуінің, кітапты көп оқуының арқасында бірнеше тілді меңгерді. Ал М.Горький болса, мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштармын деген. Ломоносов та жас шағында оқуға шамасы келмей, әбден есейген кезде оқыған. Сол секілді кітап оқудың еш кеші жоқ. Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат–міндеттердің ең бастысы – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан да осындай іс-шараларды жиі өткізіп, өскелең ұрпақты рухани арнаға бұрсақ, нұр үстіне нұр болмақ.
Айғаным Асқарбек.