Туған жердің текті ұлдары еленсе…
Ерлік пен еңбекті ұштастырған,
Кешегі зұлмат соғыс заман ақыр,
Бірте-бірте алыстап бара жатыр.
Оқ пен оттың ішінен аман келген,
Біздегі солдаттардың бәрі батыр.
Ел басына күн туған шақта облысымыздан майданға 70 мыңнан астам азамат аттанған. 40 мыңға жуығы елге оралмаған. Майданда ерен ерлік көрсеткен 22 жамбылдық жауынгерлер «Кеңес Одағының батыры», 7-еуі «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Ал «Даңқ» орденін үш рет иеленген солдаттың әскери дәрежесі «Кеңес Одағының батырынан» кем болмаған.
«3-ші дәрежелі Даңқ орденінің» иегері бұрынғы Молотов қазіргі Сауытбек ауылының азаматы Әбіке Сабыралиевтің жауынгерлік жорық жолдары Совет Одағының маршалы И.Коневтің басқаруындағы 1-ші Украина майданынан басталады. Алғаш атты әскер полкінде болып, қысқа мерзімді дайындықтан өткен соң, алыстан көздеп нысанаға дөп тигізетін «соғыс құдайы» атанған 200 миллиметрлі артиллерия дивизионының зеңбірек оқтаушысы болып ұрысқа араласады. Киев, Житомир, Львов қалаларын азат етудегі ұрыстарға қатысады.
1-ші Беларусь фронтымен бірлескен ұрыстарда Одер, Эльба өзендерінің бойындағы қанды шайқаста қатты жарақаттанып, дала госпитальінде бір жарым ай емделіп шығып, ілгері Еуропа жеріне жылжып кеткен өз қаруластарының сапына қайта қосылып, жорық жолын жеңіспен аяқтап, елге келген. Соғыс жылдарында көрсеткен ерліктері үшін 3-ші дәрежелі «Даңқ ордені», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Праганы алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен қоса Бас қолбасшы И.В.Сталиннің өз қолымен берген Алғыс хатымен марапатталған.
-Осы күні ойлап отырсам, әкеміздің өте тиянақты, сөздің емес, істің адамы болғанын енді сезініп жүрмін. Себебі жан алысып, жан беріскен зұлмат соғысты басынан кешкен адамның бір күндік тыныштықтың қадірін біліп, тірлігіне тәубе етуіне себеп екен ғой. Әкеміз бен шешеміздің қосақтасып ғұмыр кешуінің арқасында бәріміздің оқып-жетіліп, білім алуымызға қаншама еңбек пен күш ғұмыр жұмсалды десеңізші?! Өмірі өнегелі әкеміздің соғыстан кейінгі еңбек жолының өзі біздерге үлкен өмір мектебі болды. Озат малшы атанып, ауылдастарының мақтанышына айналды. Сол кездегі озат қойшылардың жоғарғы көрсеткіші 100 бас саулық қойдан 100-120 қозы алып жатқанда Әбіке әкеміз 100 бас саулықтан 150 ден қозы алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 1966 жылы еңбегінің өтеуі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, 1968 жылы Қазақ ССР-нің «Алтын кітабынан» орын алды. Сол кездегі осындай көрсеткішке қол жеткізген шопандар Социалистік Еңбек Ері атағын иеленіп жатқандарына да өте сабырлылықпен қарап, менің де үлесім бар демей, жоққа салауат, барға қанағат айтып, «атақ-абыройдың төресі – миллиондап қырылған қырғын соғыстың ішінен аман келудің өзі ерлік емес пе» дегенін көз көргендер беріге шейін айтып отыратын. Бейбіт өмірде де соғыстағыдай тас–түйін болып әр ісіне өте ыждаһатты болуының арқасында абырой жинаған Әбіке әкеміз бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. Еткен еңбегінің жемісін көріп сый-құрметке бөленді. 1971 жылы «Қазан Революциясы» ордені мен бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің энциклопедия кітабына аты жазылып, көрменің алтын медалін иеленді. Қазір өткен заман деп айтатын болдық қой, кеңес заманының ұтымды саясатының бірі – еңбек адамының құқығын, мәртебесін көтермелеп, ешқашан ескерусіз қалдырмайтын. Бағалап әрі кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көтермелеп отыратын. Соғыста да, еңбекте де үлгі боларлық қасиеті болған әкеміздің қолда бар құжаттары мен орден-медальдары, марапат-алғыс хаттары әлі күнге дейін сақтаулы. Ауылымызда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, одан аман келген аталарымыздың еңбек майданына араласып, көрсеткен үлгілі істерін кейінгі ұрпақ есіне қалдыру мақсатында тарихи ескерткіш ретінде Сауытбек ауылындағы соңғы үлгімен соғылған мектеп үйінде арнайы мүйіс ашылса, құба-құп болар еді. Кейінгі ұрпақ есіне рухани дем беруге болатын игі іске көпшілік түгел атсалысады деген сенімдемін.
Ауылымызда соғыс құрбандарына арналған ескерткіш белгі бар. Десек те, оқушы балаларымыздың санасына сіңіру жолында мектептің оқу-тәрбие саласының рөлі ерекше ғой. Шешімін тауып жатса қолда бар құжаттар мен құнды заттарды мектеп мүйісіне өткізер едік. Бейбіт күндері еске алған зұлмат қанды қасапты көрген әкеміздің тілегі «құдай заманымызды тыныш қылып, ұрпағының амандығын берсін» деген ақ баталы тілеумен басталатын. «Ыржыңдап ойсыз адам құр күледі, басына түспеген жан не біледі?» дегенді жиі айтып отырушы еді, – деп өткен күндердің белгілерін есіне түсірген ауыл қариясы Сауытбек ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Нүсіп Әбікеұлы ағамыздың орынды ой–пікірі қоштауға тұрарлық іс екеніне көзіміз жеткендей болды.
Осындай өнегелі жанның екінші ұлы Бақтыбек Әбікеұлы Сабыралиев те биік мақсат-мұраттарды көздеген білімді жанның бірі еді. Облыс, республика басшылығының марапат-алғыстарын алған, 25 жылдан астам мектеп директоры қызметінде болып, оқу–тәрбие саласының сан қырлы әдіс-тәсілдерін меңгерген арда азамат ортамыздан ерте кетті. Тектілікпен дарыған ерекше қабілеті мен еңбекқорлығының арқасында өз әріптестерінің ішінде өте сыйлы, білікті басшы еді. Ана сүті мен әке қанының тектілігі осындайда білінсе керек. «Бүгінгі оқиға – ертеңгі тарих» демекші, ел есінде қаларлық еңбегі бар, азаматтық іс істеген аталардың ерлігі мен үлгі тұтар еңбегін бағалап құрметтеу – ұлттық мақтанышымыз емес пе?! Жоғарыда айтқан Нүсіп ағамыздың пікірі көпшіліктің қолдауына ие болып, айтқан уәжінің орынды екенін іс басындағы азаматтар ескереді деген ниеттеміз.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.