Ақпараттық портал

Елі үшін жанын берген ерлер аз ба?!

Текті еліміздің тарихына көз жүгіртсек, халқы үшін жанын құрбан еткен қаһарман батырларымыз аз болмаған. Ел басына күн туғанда қолына қару алып атқа қонған ерлеріміз қарсы келген жаудың желкесін үзіп, жанын түйреген. Аңырақай шайқасы, Орбұлақ шайқасы, Жоңғар шапқыншылығы секілді небір соғыстарда жау қолынан қаза тапқан батыр бабаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Одан берідегі Екінші дүниежүзілік соғыстың тарих қойнауына енгеніне де ғасырға жуықтап қалыпты. Айтуға оңай болғанмен басымызға қара бұлт үйірілген бұл кезеңдердің ауыртпалығы сезінген жанның жүрегіне өшпес сызат қалдырғаны жасырын емес.
Сол соғыстарда қыршын кеткен боздақтарымыз да аз болмаған. “Ер жігіт үйде туып, түзде өлер” дегендей, Отан қорғау жолында жанын беретін ерлеріміздің бір оқтық болуы да жаныңды тілгілейді. Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласы қанға бөксе, қара қағаз алған ата-ананың, аяулы жардың, туған-туыстың етегі жасқа толды. Тіпті, кейбірінен қара қағаз да келмей, ізім-қайым жоғалып кеткендері де бар. Ел қорғауда артқы шепке шегінбей, жанын сауғалап жасырынбай көзсіз батырлықпен көз жұмған батырларымыздың есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс, керісінше кейінгі ұрпақтың жадында жаңғыра түскені абзал.
Қаншама халықтың тарихында қанды жолдармен жазылған Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр. Осы соғысқа Жамбыл өңірінен 40 мыңнан астам жауынгер аттанса, оның көбісі соғыстан оралмай қалды. Бұл, әрине, жанға батады. Шу жерінен де соғысқа аттанған қанша жалындаған жауынгерлеріміз майдан даласында мәрттікпен қаза тапты. Соларды бірі – 1920 жылы Шу ауданы, Қарауылтөбеде дүниеге келген Турлыбеков Темір Умербайұлы. Ол желік қуған жігіт шағында ойын қумай Отан қорғауға өзі сұранып барады. Турлыбеков Темір туралы толыққанды деректер жоқ. Темір Умербайұлы 143-ші атқыштар дивизиясының 1-ші атқыштар бөлімшесінде 3-ші атқыштар ротасының командирінің орынбасары болады. Бұндай атақ кез келгенге бұйыра бермейді, әрине қиян-кескі ұрыста ержүректігімен, қайсарлығымен көзге түскен жауынгерге беріледі. Темір Умербайұлы көп ұзамай 1942 жылы Сталинградты азат ету үшін болған шайқаста көз жұмып, сол жақтағы Кароватка деген жерде жерленеді. Небәрі 22 жасында лейтенант деген әскери шенге ие болу, дивизия командирінің оң қолы болу дегеніңіз нағыз қаһармандықтың үлгісі емес пе?!
Отаны үшін кеудесін оққа төсеген Темір атамыздың ерен ерлігі шулықтар үшін қашанда үлгі-өнеге. “Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды” демекші, батыр бабаларымыздың атын ұлықтау ісін кейінгі өскелең ұрпаққа жүктеу – азаматтық парызымыз. Батыр елі үшін туып, елі үшін өлсе, сол ерлеріміз ел үмітін ақтаса, ер атағын елі сақтар әманда… Соғыс деген жалғыз сөз жойылып, бейбітшілік орнасын!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.