Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жүргізілу жолдары
Ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет. Санақ жүргізу және оның мерзімдері туралы шешім Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданды. Оны өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы және ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып, таңдалған.
Санаққа дайындық жұмыстары 1,5 жыл бұрын басталған. Үкімет, облыс және аудандар деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Осы уақыт ішінде қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жұмылдырылды. Өткен жылы біз пилоттық ауыл шаруашылығы санағын Байзақ ауданының Көктал ауылында, Меркі ауданының Ақтоған және Талас ауданының Қаратау қаласында пилоттық ауыл шаруашылығы санағын (2024 жылдың 21-тамызы мен 9-қыркүйегі аралығында) өткіздік. Онда ақпараттық жүйелерімізді, әдіснамамызды және дала жұмыстарын жүргізудің ұйымдастырушылық ерекшеліктерін сынап көрдік.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (БҰҰ ФАО) халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауыл шаруашылығы санағы әр бес-он жыл сайын жүргізілуі керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары ғана жүргізілді. Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде ауыл шаруашылық санағы екі кезеңде жүргізілді – өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. 2025 жылы барлығы бір мезетте өтеді.
Ауыл шаруашылығы санағына кімдер қатысады, біріншіден, бұл – мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғандағы, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер.
Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және/немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары. Ашып айтқанда, бұл бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретіндер және т. б.
Негізгі санақ кезеңдері басталғанға дейін 2025 жылғы 1-30 маусым аралығында аймақтың Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында жеке қосалқы шаруашылықтарын алдын ала аралау жүргізілетін болады. Листинг деп аталатын бұл кезеңде санақ қызметкерлері үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды. Бұл жұмыс таңдалған мекен жай бойынша тұрғындардың шынымен тұратынын және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетінін растау үшін жүргізіледі. (Негізгі мәселелер: жер учаскесінің болуы, жалпы ауданы және респондент, онда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіре ме, ауыл шаруашылығы малдарының болуы)
Санақтың негізгі кезеңі 1-тамыз бен 20-қазан аралығын қамтиды. Ол өз ішінде онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді. Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизациядан өтуі қажет. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Респондент көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларды өзектендіре алады. Респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруды жалғастыра алатынын ескертеміз. Сауалнамадан өткеннен кейін, респондент электрондық пошта арқылы санақтан өткені туралы хабарлама алады.
Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы қылу үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.
Заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлермен шаруа-фермер қожалықтары сияқты шаруашылықтың барлық ұйымдастырылған нысандары сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуі тиіс екенін ескертемін. Қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысы бар өндірушілер санаққа қатысуға міндетті.
Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады. Сондай-ақ 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде тәулік бойы, аптасына жеті күн қабылданады.
Екінші кезең – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы, ол 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтеді. Неліктен араға 20 күн қалдырып отырмыз? Себебі, бізге сауалнаманы өз бетінше аяқтағандарды ескере отырып, үй шаруашылықтарының тізімдерін қалыптастыру үшін қосымша уақыт қажет.
Осылайша, санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды және ақпарат жинаудың барынша толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Санақ барысында облысымызда барлығы 129 мыңға жуық үй шаруашылығын және 34 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланған.
Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 497-бабы – «Бастапқы статистикалық деректерді беру тәртібін бұзу» бойынша жеке тұлғаларға 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), заңды тұлғаларға айыппұл-кәсіпкерлік субъектісінің мөлшеріне байланысты 14-тен 120 АЕК-ке дейін). Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, ұлттық санақтар барысында алынған мәліметтер бастапқы статистикалық деректерге жатады және міндетті түрде өтеусіз негізде ұсынылады.
Біздің интервьюерлердің атрибуттары-бейсболка, жамылғы, ауылшаруашылық санағының символикасы бар портфель, планшет және QR коды бар куәлік.
Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз. Өйткені, бұл жай статистикалық шара емес, барлық азаматтарды қамтитын мемлекеттік маңызы бар іс.
Сауалнамаларда қандай сұрақтар болады? Заңды тұлғалар үшін сұрақтар жер және егіс алқаптары, мал басы, ауыл шаруашылығы техникасы және инфрақұрылымға байланысты болады. Сондай-ақ, респонденттерден олардың қызметінің сипаттамалары, еңбек ресурстары және ауыл шаруашылығы қызметінің басқа да аспектілері туралы сұралады. Үй шаруашылықтарында біз жер аумағы туралы сұраймыз, олар маусымдық немесе көпжылдық дақылдар егеді ме, мал немесе құс ұстайды ма, оларды жайылымға шығарады ма деген сияқты анағұрлым қысқартылған нұсқадағы сауалнама болады.
Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретінін атап өткім келеді. Сандар респонденттің бастапқы деректерін көрсетпей-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.
Санақ жүргізу үшін біз жұмыссыз азаматтар мен студенттер қатарынан, сондай-ақ барлық ниет білдірген азамат санатынан 280-нен астам адамды интервьюер ретінде жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз. Оларды оқыту Бюроның data Literacy Hub платформасында ұйымдастырылған, онда қатысушыларға әртүрлі оқу материалдары: мәтіндік құжаттар, бейнероликтер және бейне слайдтар қолжетімді. Оқу аяқталғаннан кейін, барлық қатысушы білімдері мен жұмысқа дайындығын растау үшін міндетті тестілеуден өтуі керек. Бұл тәсіл санақ жүргізудің жоғары сапасын және жиналған деректердің дәлдігін қамтамасыз етеді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бізде қызметкерлерді қабылдау науқаны жүріп жатқанын жеткізгіміз келеді. Интервьюер мен нұсқаушы ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы біздің 1446 байланыс орталығына немесе аудандық статистика басқармасына өтініш қалдыра алады.
Барлық кезең аяқталғаннан кейін, біз 2025 жылғы желтоқсанда санақтың алдын-ала нәтижелерін жариялаймыз. Соңғы жиынтық деректер мен аналитикалық есептер Ұлттық статистика бюросының сайтында көпшілікке 2026 жылы ұсынылады.
2025 жылғы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – Қазақстанның аграрлық секторын және азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты дамытуға арналған стратегиялық маңызы бар іс-шара. Алынған деректер тиімді мемлекеттік саясат пен барлық деңгейдегі ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға негіз болады. Барлық қатысушы тарапты өздерінің азаматтық ұстанымын танытып, санаққа белсенді түрде қатысуға шақырамыз.
Санаққа қатыс, үлес қос!
«2025 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына сәйкес ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1-тамыздан бастап 20-қазан аралығында жүргізілетін болады.
Ауыл шаруашылығы санағы кемінде он жылда бір рет өткізіледі. Қазақстандағы алғашқы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары өтті және екі кезеңде жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы санағының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығының жай-күйі, оның құрылымы, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің санаттары, ресурстардың болуы мен пайдаланылуы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің экономикалық сипаттамалары туралы толық және шынайы деректерді алу. Алынған мәліметтер іріктемелі ауыл шаруашылығы зерттеулерін жүргізу үшін шаруашылық жүргізуші субъектілердің ауыл шаруашылығы тіркелімін өзектендіруге, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарын, ғылыми-зерттеу ұйымдарын және басқа да мүдделі тараптарды агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тиімді мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру үшін қажетті объективті ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңға ауыл шаруашылығы санағын өткізу мерзімдері және деректерді жинау әдістері айқындалды. Ауыл шаруашылығы санағының бірінші кезеңі 1-30 маусым аралығында Шу қаласындағы жеке шаруашылықтарды алдын-ала аралау арқылы нақтылаумен жүргізіледі. Жер учаскесінің жалпы ауданын нақтылау, өз жерлерінде ауыл шаруашылық дақылдарын өсірумен айналысады ма, ауыл шаруашылығы жануарларының барын анықтау. Шу қаласында 8717 жер үй бар, аралау үшін 1-ші кезеңге 6 интервьюер жұмысқа қабылданады (1 интервьюерге 1380 үй аралау жүктеледі).
2025 жылдың 1-31 тамыз аралығында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, жеке кәсіпкерлер, шаруа (фермер) қожалықтары sanag.gov.kz сайты арқылы онлайн сауалнамадан өтеді.
Аудан бойынша 99 заңды тұлға, 4412 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер тіркелген.
Негізгі кезеңде 20-қыркүйек – 20-қазан аралығында интервьюерлер үй аралап, планшетпен сауалнама жүргізеді. Қалалық жерде 1 интервьюерге 480 үй (1 интервьюер), ауылдық жерде 1 интервьюерге 540 үй (22 интервьюер) беріледі. Аудан бойынша аула саны – 20321, оның ішінде Шу қаласында 8717 аула, ауылдық округтерде 11604 аула бар.
Құрметті аудан тұрғындары, ауыл шаруашылығы санағына өз үлестеріңізді қосыңыздар!
Г. Аязова,
Шу ауданы статистика басқармасының басшысы.