Қара халықтың өкпесі неге «қара қазан?» немесе Құрбан айттың қасиеті қайда қалды?
Құрбан айт – мұсылмандардың ең ұлық мерекесі. Бұл күндері қолдан келгенше ізгі әрі сауапты істер кеңінен жасалып, Аллаға жақындаудың амалы атқарылады. Құрбан шалу, оның өзіндік тәртібін сақтаудан бөлек, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, киім, тамақ, қаржылай көмек көрсету де дәл осы кезде айқын көрініс беріп жатады. Әлдекімге реніші барлар да сол күні кешірімге келеді. Өйткені, Құрбан айт байланысты нығайтатын, татулық мерекесі.
Иә, Құрбан айт мейрамы осындай ізгі амалдарға бағытталғанымен, кейбір жерлестеріміздің мұны асыра пайдаланып, сауапты істен гөрі пайдакүнемдікке бой алдырғандығы көңіл қынжылтады. Біздің айтпағымыз, Құрбан айт қарсаңындағы жергілікті сауда орын-дарындағы жағдайға байланысты болмақ. Нақты айтқанда, Айт мерекесі қарсаңында, яғни қасиетті мейрамнан шамамен бір апта бұрын орталық базар мен сауда орындарындағы бағаның еселей көтеріліп, қара халықтың ашуын туғызғаны жасырын емес. Оған айттық дастарханның қамымен жүріп, өзіміз де айқын көз жеткіздік. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік құнына айтарлықтай қосыла қоймаса да, есесіне жеміс-жидек, көкөніс, түрлі тәттілер мен дән бағасы бірден шарықтап шыға келді. Мысалы, Құрбай айт мейрамынан он күн бұрын алманың келісі 450-500 теңге болса, бұл күні 1000 теңгеден, 800-900 теңгеден сатылып жүрген қызанақтың (помидор) келісі 1000-1200 теңгеден, келісі 350 теңгеден сатылған сәбіз бен қияр 450 теңгеден, 400 теңгеден сатылып келген картоп 500 теңгеден сатылды. Бұдан бөлек, әсіресе арапа күнінде өрік, алмұрт, мандарин сынды тағы басқа жемістер мен өзге де дастархан дәмдерінің бағасы әдеттегіден жоғары болғандығы айқын байқалды. Бұл күні «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» қағидасын ұстанған кәсіпкерлер мынадай еселеумен қалтасын әдеттегіден қалыңдатып қайтқанына күмән жоқ. Бұл тұста біз біреудің бас пайдасына шек келтіруден аулақпыз. Алайда, көкейімізде сауапты істерге баулитын Құрбан айттың мәні не болды?-деген сұрақ өздігінен туындап, базардың бағасына басымызды шайқап, салымыз суға кеткендей кейіппен қайттық.
Айт мейрамы күллі мұсылман халқы ерекше атап өтетін мейрам болғандықтан, оған дайындық мақсатында жергілікті тұрғындардың жаппай сауда орталықтарында жүретіні заңды құбылыс. Арапа күнінде де орталық базарға келушілердің қарасы қалың болды. Жасы бар, жасамысы бар, ығы-жығы халықтың ортасында сауда жасап жүріп, базар бағасына көңілі толмаған бірнеше жанды кезіктірдік. Мысалы, Анар есімді Шу қаласы, Қосқұдық мөлтек ауданының тұрғыны:
-Құрбан айт санамызда қашанда ұлық мейрам, сауапты істердің жарқын көрініс беретін күні, адамдардың бір-біріне жақсылық жасауға тырысатын сәті ретінде орныққан еді. Бірақ, бүгінгі базар бағасын көріп, сол адамдардың ниеті туралы ойым өзгерді. Бұл құдды бір қарапайым халықты қанау үшін қолдан жасалған әрекет пе дерсің. Басқаны былай қойғанда, дәл Құрбан айтта бағаны бірден шарықтатып жібергендігін өз басым құптамаймын. Сонда Құрбан айттың қасиеті қайда қалды?-деп налыды.
Ал, базардан қайтып келе жатып, таксиде жолыққан, есімі белгісіз, тағы бір жерлесіміз:
-Еліміздің жағдайы не болып барады, біз қайда бара жатырмыз? Қара халықтың қамын ойлайтын үкімет бар ма өзі? Тұрғындар арасында әйтеуір өлместің күнін кешіп жатқан қаншама адам бар. Бірақ, біз қазақ намысқа тырысып, шамамыз жеткенше жоқтан бар жасауға талпынамыз.
Бүгінгі базардан жеміс-жидектің бағасын көріп, абдырап қалдым. Білгендерін істеуде. Қаражатым аз болса да, Құрбан айттың құрметі үшін, әйтеуір ырымын жасап, аз-маз ғана алып келе жатырмын. Жалпы, мына жағдайды дұрыс емес деп санаймын,-дейді.
Сондай-ақ, халық көкейіндегі кейбір өзекті мәселелерді дөп басып айтып отыратын жандардың ой-пікірлері жарияланып тұратын «Тик-ток» әлеуметтік желісінде Аспанбек Шұғатай есімді белгілі ақын: «Құрбан айт мерекесін тойлағасын.
Ібіліс іргемізде ойнамасын.
Арзандап бара жатыр біраз адам,
Қымбаттатып жіберген қой бағасын.
Солардың ниетіне қарайсың да,
Болашақ не болад(ы) деп ойланасың,-деп астарлы ойын өлең шумақтарымен жеткізген екен.
Иә, мұның барлығы ашынғаннан шыққан ащы дауыс, өз ортамыздағы жағдайларға көңіл толмағандықтан, келешекке алаңдаушылықтан туындаған ойлар болса керек. Осының бәрін ретке келтіру әр өңірдегі басшылардың міндеті болса да, олар да бұл күндері «Сен тимесең, мен тиме бадырақ көз» қағидасын қатаң ұстанып, жәй ғана күн өткізіп, қызметтік міндеттеріне селқос қарауды дәстүрге айналдырғандай. Өкінішті-ақ.
Көңілде кірбің болса да, бұл күнгі сауда жоспарын қолдан келгенше жүзеге асырып, түс ауа базар тарқағанда біз де қайттық. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, әңгіменің көкесі ертеңгі яғни, айттың бірінші күнінде бұрынғыдан да қыза түсті. Топтасып айттап жүрген жұртшылық өкілдері Құрбан айттың қасиетіне бас иіп, барынша ізгі амалдарын атқарып жатқанымен, ішкі өкпе-наздарын жасыра алмады. Барлығының айтатыны, күн өткен сайын қымбатшылықтың жағадан алып, жағдайдың ушығып бара жатқандығы. Бағаны бақылаусыз қалдырған билікке өкпелегенімен, оны еститін құлақтың жоқтығын еске түсіреді де, әрі қарай күнделікті күйбең тірлігінің әңгімесін жалғастыра түседі. Амал не?
Осыдан екі жыл бұрын қоғам өкілдерінің пікірімен санасуға негізделген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданғанымен, еститін құлақтың жоқтығына қара халықтың бойы да, ойы да үйренгендей.
Дегенмен, осы тұста әр өңірдегі билік өкілдері қоғамдағы өзекті мәселелерді назарға алып, оның оң шешімін табуға септігін тигізбесе, мұндай қызметтің мәні неде?-деген ой да алыста қалмайды.
Сондықтан алдағы уақытта жергілікті әкімдік қызметкерлері, халық қалаулысы деп жүрген депутаттар қауымы, қоғамдық кеңес басшылары халық наразылығын туындатып отырған мұндай мәселелерді бақылауға алып, тиісті әрі оң шешім шығаруы қажет деп білеміз.
Динара Батырхаирова.