Ақпараттық портал

Тарихы терең басылым

Құрметті қалам ұстаған қауым!
Биыл ауданымызда бірнеше мерейтой өткелі тұр. Құтты шаңырағымыз Шу ауданының құрылғанына 95, теміржолшылар қаласының қала мәртебесін иеленгеніне 65 жыл толып отыр. Солардың қатарынан өңірдің үнін тыңдатып, тынысын кеңейткен «Шу өңірі» газетінің 90 жылдығын ерекше атап өткім келеді.
Тереңнен тамыр тартқан төл газетіміздің тұңғыш саны сонау 1935 жылы 16 маусым күні жарық көрген. Сол мезеттен бастап аудандық басылым қилы жылдардың куәгеріне, жаңалықтың жаршысына айналды. Ауданымыздың бастан кешірген оқиғалары, еңбегімен елге қызмет еткен тұлғалары мен олардың толайым жұмыстары сарғайған газет беттерінде сақтаулы.
Біз үшін басылымның бәсі әрдайым жоғары. Себебі сүйікті газетіміз өз сертіне сәйкес, мақсат-мұратына сай ұлттық мүдде жолында қызмет етуде. Газет ұжымы мемлекеттік саясатты насихаттау ісінен бастап, айтулы жаңалықтарды, тарих пен тағылымды жұртшылыққа таныстыруда өз міндетін мінсіз атқаруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр» – деген болатын.
Бұл сөз баспасөздің қоғамдағы орны мен оның ұлт санасына әсерін терең бағалағанын көрсетеді. Газет тек ақпарат көзі ғана емес, тарихи жады, ұлттық ой мен пікірдің алаңы екенін аңғартады.
Кешегі аға буын қалыптастырған мықты мектеп, қалыбы дұрыс құйылып, кірпіші түзу қаланған редакция ұжымының қолтаңбасымен жарыққа шығып жүрген аудандық газет қалың бұқараның сұранысына ие. Алыс-жақын елді мекен тұрғындары басылымның әр санын асыға күтетінін жақсы білеміз. Оның ішінде еңкейген қарт, еңбек адамы мен көкірегі ояу азаматтар жетерлік. Қазіргідей ақпараттық технологияның дамуына қарамастан, газет-журнал оқитын жерлестеріміз аз емес.
Соңғы жылдары жаңғырып, жаңаша кейіпке енген газет бастапқы мақсатынан адаспай, оқырман қауымға тұщымды ақпарат, түйткілді мәселелер мен олардың шешімдерін, халық үнін жариялауда. Газеттің көлемі ұлғайып, заман ағымына қарай түрленіп келеді. Аға буынның оқуына ыңғайлы болды.
Қорыта айтқанда, аудандық басылым — ел ішіндегі тыныс-тіршіліктің шынайы айнасы. Оның үні әлсіресе, жергілікті рухани өмірдің де мәні кеми түседі. Сондықтан аудандық газетті қолдау — туған жерді қолдау.
Біздің жұмыстың басты насихатшысы, сыншысы және серігі болған, тәрбие бұлағы, зерде шырағы – «Шу өңірі» газеті ұжымын мерейтойымен құттықтаймын!
Шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін! Басылымның ғұмыры ғасырлар бойы жасай беруіне тілектеспін!

Бақытжан Жәнібеков,
Шу ауданының әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.