Ақпараттық портал

Қолыма қалам алдым қуанғаннан

Шуақты Шудың көпұлтты ел жұрты Шу ауданының құрылғанына – 95, ауданның саяси айнасы атанған «Шу өңірі» газетінің жарық көргеніне 90 жыл толатындығын атап өтпекші. Қос қуаныш қарсаңында кіндік қаным Шу топырағына тамғандықтан және саналы ғұмырым «Шу өңірі» газетімен тығыз байланысты болғандықтан, аудан мен басылымның тарихы туралы тебіреніп, толқуыма тура келді. Көзбен көргендерімді, көңілге түйгендерімді, сондай-ақ жүрекке сақтағандарымды өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді мерейлі міндет санаймын. Аудан мен басылымның терең тарихын зерттеп, зерделеп жүрмесем де, біраз көкейкесті мәселелерді жариялауды жөн көрдім.

Ең әуелі Шу ауданының тарихындағы дәйекті деректерді тілге тиек етейін. Аға ұрпақ өкілдері жақсы білетіндей, Шу ауданы 1930 жылы өз алдына шаңырақ көтеріп, құрылды. Сол кезде Түрксіб темір жолының құрылысы қарқынды жүргізіліп, пайдалануға берілуге бет алған. Жасырары жоқ, теміржол салу құрылысы қол күшімен атқарылды. Жергілікті тұрғындармен бірге өткен ғасырдың басында басқа жақтан қоныс аударып келген көптеген ұлт өкілдері күш біріктіріп, тауды бұзып, тасты жарып, күннің ыстық-суығына қарамастан, кеңес үкіметінің тапсырмасын бұлжытпай орындауға күш салды. Бұрындары құс ұшып, аң жорытқан сайын далада буы бұрқыраған паровоздар ерсілі-қарсылы жүйіткей бастады. Жергілікті жұрт «отарба» немесе «шайтан арба» деп атап кеткен көп вагон тіркеген паровоздар күн-түн демей, халық шаруашылығы жүктерін тасымалдап жатты. Шу ауданының экономикасына Түрксіб темір жолының келтірген пайдасы ұшан-теңіз деуге болады. Осы уақытқа дейін негізінен мал шаруашылығымен айналысып жүрген қандастарымыз темір жол саласында әр түрлі жұмыс атқарып, күнкөрістерін арттыра түсті.
Отызыншы жылдары қазақ елін жайлаған алапат ашаршылық Шу жұртын да айналып өтпеді. Партияның «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген солақай саясатының салдарынан жергілікті жұрт қолдан жасалған нәубетке шыдас бермей, шыбын жандарын шүберекке түйіп, бастары ауған жаққа қоныс аударды. Олардың ата жұрттан, ата қоныстан амалсыз көшіп кеткендіктен, қатігез тағдырдың тәлкегіне түскендігін енді ғана біле бастадық. Бұл тақырып әлі де болса терең талқылауды кеңінен жариялауды талап етеді. Ашаршылық құрбандары туралы нақтылап айту қиын. Кейбір деректерге қарағанда, Шу ауданында қайтыс болғандардың мыңдап саналатындығын естіп жүрміз. Сондықтан бүгінгі өскелең ұрпақ нан қадірін біліп, тоқшылыққа аса құрметпен қараса дейміз.
Кеше ғана сексен жылдығын атап өткен Ұлы Жеңістің қазақ халқы үшін қаншама қымбатқа түскендігі жазылып та, айтылып та келеді. Бірақ бұл қайғы-қасірет ел есінен кеткен емес. Сондықтан бізге бейбіт өмірді сыйлаған ержүрек жауынгерлердің рухтарына бас иіп, олардың ұрпақтарын ұлықтай беруге де міндеттіміз. Мәселен, Төле би ауылындағы белгісіз солдаттың ескерткіші жанында орын тепкен қос қабырғадағы он бір мыңға жуық майдангердің аты-жөнін оқығанымызда ет жүрегіңіз елжірейді, шат көңіліңіз құлазиды. Осы қабырғада аты-жөні ойып жазылған майдангерлердің бәрі Шу аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға жіберілгенін жадымызда сақтай білейік. Соғыс қасіреті мен қайғысы туралы қанша айтсақ та, көп болмайды. «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран!» деген қанатты сөз күні бүгінге дейін күш-жігерімізді тасытып келеді.
Шу елі, тылдағы еңбеккерлер «Майдан үшін!» «Жеңіс үшін!» деген ұранмен ауылдарда, өндірістерде еңбек көріктерін қыздыра түсіп, халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруде аянбай тер төкті. Осының нәтижесінде ауылшаруашылық саласында маңдай терін төгіп, маңдайалды еңбеккер атанған отыз алты шулық еңбеккер Социалистік Еңбек Ері атағын алып кеуделеріне «Алтын Жұлдыз» тақты. Бұл еңбек ерлерінің қатарында аға шопан, майталман механизатор, білікті бригадирлер және жекелеген колхоз, совхоз басшылары да болды. Сондай-ақ олардың ұлттары әртүрлі болғандығын атап өткен жөн. Осындай қатардағы жұмысшыдан шыққан еңбек ерлерінің ескерткіштері орталық саябақта қаздай тізіліп тұрғандығын көргенде тал бойынды қуаныш кернейді.
Аудан тарихындағы елеулі оқиғалардың бәрін бірдей айтып шығу мүмкін емес. Әйткенмен, тағы да бір-екі мәселеге тоқтала кетейін. Елуінші жылдардың бас кезінде «Мойынты-Шу» теміржолы пайдалануға беріліп, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігіне қатынас жақсара түсті. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесінің қолға алынғандығына да жетпіс жылдан асты. Қаншама жаңа шаруашылықтар шаңырақ көтерді десеңізші!? Атап айтқанда, біздің ауданда «Шоқпар» және «Далақайнар» кеңшарлары тың игерудің арқасында бой көтеріп, құрылды. Жетпісінші жылдардың соңына таман Отан қоймасына шоқпарлықтар екі миллион, далақайнарлықтар бір миллион пұт астық тапсырып, бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Сондай-ақ пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан «Тасөткел» су қоймасы да жергілікті жұрттың көсегесін көгертіп, көрпесін ұзартты десек те, артық айтқанымыз емес.
Еліміз егемендік алғаннан кейін де Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқын ала бастады. Әлеуметтік мәселелер де түбегейлі шешімін тауып келеді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қоғам қайраткері, Шу жерінің тумасы Төле би Әлібекұлының туғанына 330 жылдығы айрықша атап өтілді. Күре жолдың бойына өз дәуірінің кемеңгері – төбе бидің ескерткіші тұрғызылды. Бұдан он жыл бұрын Астана қаласында бастау алған Қазақ хандығының құрылғандығына 550 жыл толуына арналған мәдени шаралар Тараз қаласында және Төле би ауылында ұтымды ұйымдастырылғанын әлі күнге дейін мақтаныш етеміз.
Аудан тарихын айта отырып, оны білікті басқарған аудандық партия комитетінің бірінші секретарлары – Қаржас Қарманов, Жапар Түйебеков, Ахметбек Әспетов, Халел Бейсеев, аудан әкімдері – Аманкелді Кәрентаев, Болат Рысмендиев, Бағлан Қарашолақов, Қожахан Жабағиев сынды азаматтардың есімдерін атап өткен орынды.
Аудандық «Шу өңірі» газетінің редакциясы мен үшін үлкен тәлім-тәрбие алған, болашағыма бағыт-бағдар нұсқаған өмір мектебі іспетті. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқып жүріп, 1972 жылы күзде осы редакцияға корректордың көмекшісі қызметіне қабылдандым. Содан бері 33 жыл бойы аудандық газеттің қосшысы да, басшысы да бола білдім. Құдайға шүкір атақ-абыройдан кенде емеспін. Газет жұмысын жандандыруға күш салдым.
Партия билігі тарап, ел егемендігінің алғашқы жылдарында жергілікті басқару жүйесі де түбірінен жаңарды. 1992 жылғы көктемде біздің ауданда да басқарудың әкімдік аппараты жасақталды. Сол кезде жаңадан сайланған ауданның алғашқы әкімі мені өзіне идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары етіп қабылдады. Қызметім бір саты жоғарыласа да, аудандық газет пен аудандық баспахананың жұмысына бақылау жасап отыратын жағдайда болдым.
Ендігі кезекте ауылдас ағайын Төлеу Жамауұлының былай деген сөзі есімде сақталып қалыпты: «Қарағым Ахмет, «Кировшы» газетіне жұмысқа тұрыпсың. Қызметің құтты болсын! Мен «Правда», «Известие», «Труд» газеттерін оқығанда кімді танимын? Ал сенің газетіңді оқығанда біреуі болмаса, біреуін танып отырамын»,-деп ақ батасын беріп, арқамнан қаққаны бар.
«Шу өңірі» газетінің тарихы да тереңнен сыр шертеді. Алматыда оқып жүргенімде бұрынғы А.С.Пушкин атындағы, қазіргі республикалық ұлттық кітапхананың архиві арқылы біздің аудандық газеттің 1935 жылғы 16 маусымда жарық көрген алғашқы санын көргенім бар. Өкінішке қарай, газеттегі әріптерді тани алмадым. Кітапханашылардың айтуынша, ол латын әріптерімен терілген көрінеді. Төл газетіміздің алғашқы атауы «Социалды еңбек» деп жазылған екен. Сол тұста Кеңес Одағы социалистік қоғамды құрып жатқандықтан, осындай атауға ие болса керек. Арада бір жыл өткен соң, коммунистік партияның көрнекті өкілі С.М.Кировтың қаза болуына байланысты оның есімін есте қалдыру мақсатында Киров атымен көшелер, ауылдар, мектептер, аудандар атала бастады. Қазіргі Әл Фараби атындағы мемлекеттік университет те бір кездері С.М.Киров атымен аталғандығын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Осындай өзгерістерге байланысты аудандық «Социалды еңбек» газеті «Кировшы» атауына ие болыпты. Оның алғашқы редакторы болып Қартайған Молдағұлов тағайындалыпты. «Кировшы» газеті 1954 жылға дейін тек қазақ тілінде шығарылған. Сол жылдан бастап оның орыс тіліндегі аудармасы «Кировец» газеті жарық көре бастайды. Бұл газеттердің атаулары 1962 жылы «Шу өңірі»–«Шуская долина» болып өзгертіледі. Бұл ретте газет редакторлары Жұмабай Райымқұлов, Нұрмаханбет Ордабаев, Оспанбек Хатиев, Беген Байсақалов, Әбіғұл Ибрагимов, Рахметілдә Құдабаев, Қуантай Байжолов, Дихан Әбдиев және тағы басқаларының абыройлы қызмет атқарғандығын атап өткен жөн. Сондай-ақ, аудандық баспахананы Петр Алексеевич Бугаев, Асылбек Рүстемұлы Айнақұлов, Лаврентий Анатольевич Кан, Әлкен Әбенұлы Әбенов баянды басқара білді. Ол кезде баспаханадағы атқарылатын жұмыстар қол күшін қажет етті. Әрбір жұмысшы мақалалардың бас әріптерін қолмен теріп, жинақтады. Баспахананың аға ленотиписі Светлана Жигина аудандық кеңестің депутаттығына, аудандық партия комитеті бюросының мүшелігіне сайланды. Әріп теруші Ақтолқын Сыдықова «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, Орынбасар Шоқабаева, әпкелі-сіңлілі Әлия, Роза Кейкиевалар, Әлия Сейітқожаева, Күлдана Самбетбаева және т.б. жұмысшылар ілкімді іскерлігімен көзге түсіп жүрді.
Қаламы жүйрік журналистер қатарынан Бердібек Атаев, Умэльс Шоқалақов, Жанайдар Бұралқиев, Петр Норкин, Малик Халфудинов, Мұрат Сыздықов, Тұрсынбай Нұрғалиев, Кифаят Аскерова, Ләззат Тастанова және тағы басқаларын атап өткен орынды.
Мерейлі мереке қарсанында газетіміздін жарық көруіне өзіндік үлес қосқан бірлікүстемдік Орынбай Болатов, көктөбелік Қатшатай Баясилова, балуаншолақтық Бақытжан Текебаев, ақсулық Мәми Әбдіқұлов, төлебилік Әбдіжапар Жақыбаев есімді штаттан тыс тілшілерімізді еске алып, рухтарына бас иеміз.
«Шу өңірі» газетінің таралымы Рахметілдә Құдабаев редактор болып тұрған кезде 12000 данаға жетіп, облыс бойынша социалистік жарысты насихаттауда жүлделі орындарға ие болып жүрдік. Ол кезде газетіміз екі тілде, аптасына үш рет жарық көретін. Кейбір өткір жазылған сын мақалалар аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде талқыланып, жауапты басшылар дер кезінде жазаланатын. Әрине, мұның бәрі тарих құшағында қалды десек те, тағылымды тұстары көп, игілікті істер қатарына жатқызылатын. Атап айтар жайт, редакторымыз Рахметілдә Құдабаев Мәскеуде өткен КСРО журналистерінің кезекті съезіне делегат болып қатысып, аудандық газеттердің проблемасы жайлы өз ойын ортаға салғандығы әлі есімізде.
Төл газетіміздің жарық көргеніне тоқсан жыл толуы қарсаңында көңілді толқытатын, жүректі тебірентетін мәселелер жоқ емес. Солардың бәрін болмаса да, біразын ортаға салып, көпшілік болып ой таразысына салсақ деген ниетім бар. Атап айтқанда, алдымен аудандық баспахананы қайтадан қалпына келтіру күн тәртібіндегі күрмеуі шешілмей тұрған мәселенің бірі. Өз ауданымызда баспахана болмағандықтан, кейінгі жылдары аудандық басылым Қордай ауданында немесе Тараз қаласындағы баспаханаларда басылып келеді. Осындайда «Кісідегінің кілті аспанда» деген аталы сөз ойға оралады. Сонымен қатар, Алматыдағы полиграфиялық училищеде дәріс алып жүрген жерлестеріміз ауданымызда баспахана болмағандықтан, нәпақасын жан-жақтан табуға мәжбүр болуда. Ел Президенті атап көрсеткендей, үстіміздегі жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Осыған орай, алдағы кезде аудан басшылығы жаңа баспахананы пайдалануға беруді жан-жақты ойластырса деген тілек бар.
Екінші мәселе – төл газетіміздің таралымы да көңіл қуантпайды. Облыс басшысы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп аталған бағалы бастама көтергені баршаға аян. Оқырмандарымыз кітаппен бірге аудандық газетті де жаздырып алып оқып жатса, нұр үстіне нұр емес пе.
Егемендігімізді алып, еңсеміз көтерілген сайын Шу ауданының атақ-даңқы алысқа тарап, мерейі асқақтап жүргендігін көзбен көріп келеміз. Ауданымызда темір жол қатынасы ерекше дамыған. Соңғы жылдары Меркі-Бурылбайтал жолы пайдалануға беріліп, Астана мен Тараз қаласына баратын жолдардың жағдайы көп жақсарды. Алдағы кезде Алматыға баратын жол пайдалануға берілсе деп күтіп отырмыз. Сонымен бірге ауданымыз бен Шу шаһарының тұрғындары негізінен көгілдір отынды пайдалануда. Таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғаса түсуде. Жақында ғана Шу шаһарында электровоз жөндейтін депо іске қосылды. Ал «Жібек жолы» экономикалық аймағында салынып жатқан металлургиялық өнімдер шығаратын зауыттардың құрылысына ҚР Премьер-Министрінің жақында келіп кеткендігі де жергілікті жұрттың рухын көтеріп тастағандай. Тағы да атап айтар жайт, Алға ауылдық округі аумағында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың алдағы уақытта бой көтеретіндігі жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына негіз болмақ. Осындай оңды өзгерістер алдағы уақытта да жалғаса береді деген сенімдеміз.
Осы туындымды мынадай өлең шумақтарымен түйіндегім келеді:
Бүгінде жасым жетті жетпіс беске,
Демеймін көргендердің бәрі есте.
Тарихты танып білу керек екен,
Қызығы бұл дәуреннің сол емес пе?!
Ауданым тоқсан беске енді толар,
Бұйыртса үлкен думан елде болар.
Жұмысшы мамандығы мақтанышым,
Бақ-дәулет еңбек сүйген ерге қонар.
Бойымды билеп алды туғаннан ән,
Көркейдім көркем сөзге жұбанғаннан.
Газетім «Шу өңірі» тоқсан жаста,
Қолыма қалам алдым қуанғаннан.

Ахметжан ҚОСАҚОВ,
баспасөз ардагері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.