Ақпараттық портал

Төл газетіміздің торқалы тойы

Ағымдағы аптаның алғашқы күні журналистер мен бұрынғы баспагерлер қауымы үшін ерекше күн болды. Өйткені, дәл осы күні жүз мыңнан астам халқы бар өңіріміздің төл газеті торқалы тоқсан жасқа толып, бұл мерейлі белес салтанатты түрде аталып өтті. Мұны жалғыз жергілікті журналистер қауымының ғана емес, жалпы аудан жұртшылығы өкілдерінің мерейлі мерекесі десек, артық болмайды. Өйткені, көптеген жерлестеріміз ауданымыздың саяси айнасы болған жергілікті газет арқылы өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, аудан өмірінің сан түрлі саласындағы жаңалықтардан хабардар болып қана қоймай, қажет кезде өздерінің көкейлеріндегі шешімін табуды қажет ететін түрлі мәселелерді билік өкілдеріне газет арқылы жеткізіп, қоғамдық-саяси газетті өзінің лайықты дәрежесінде пайдалана білді. Бұған ондаған жылдар бойы бұқара мен билік арасындағы алтын көпір болып келген аудандық газеттің тоқсан жылдық белесі айқын дәлел.

Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтіп, оған аудандық газет қызметкерлерінен бөлек, жергілікті билік өкілдері, облыстық, республикалық деңгейде қызмет етіп жүрген қаламы қарымды журналистер, осы салада талай жыл тер төгіп, бүгінде ардагерлер қатарын толықтырып жүрген аға буын өкілдері, аудан өмірінің түрлі саласындағы қызметкерлер қатысты.
Осы тұста газет туралы қысқаша айтып өткенді жөн көрдік. Жергілікті «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің алғашқы нөмірі 1935 жылдың 16 маусымында “Социалды еңбек” деген атпен жарық көрген екен. Мұнан кейін «Кировшы»-«Кировец» деп аталып, ал 1962 жылдан «Шу өңірі»-«Шуская долина» атауымен аптасына екі рет жарияланып, халық үнін жеткізіп отырды.
Тоқсан жылдық торқалы тойда аталмыш газетке зор еңбек сіңірген алдыңғы буын ағалардың өнегелі еңбек жолын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Солардың бірегейі – Қартайған Молдағұлов. Айтулы азамат сол кездегі полиграфиялық құрал-жабдықтардың тапшылығына қарамастан, жоқтан бар жасап, газет шығару жолында түрлі ауыртпалықтарды бастан өткерген. Еселі еңбек еленіп, 1995 жылы төл газеттің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында тағылымы мен тәрбиесі мол газеттің алғашқы редакторының есімі аудан орталығы – Төле би ауылының бір көшесіне берілді. Бұл жергілікті жұрттың қаламы қарымды баспасөз ардагеріне деген құрметі екені сөзсіз. Сондай-ақ алғашқы тілшілердің қатарынан Сағынбек Несіпбаевты да атап өткен жөн. Мемлекет және партия қайраткері Сергей Кировтың бұл басылым тарихынан алатын орны ерекше. Сонымен қатар әр жылдары аудандық газетке басшылық еткен азаматтардың қай-қайсысы болса да кәсіби шеберліктерін шыңдай отырып, газеттің беделін көтеруге, абыройын асыруға аянбай тер төккені ақиқат.
Тарих үшін тоқсан жыл қас-қағым сәт болғанымен, осы жылдар ішінде басылымның атауы бірнеше рет өзгеріп, уақыт ағымына қарай әлденеше рет түрленсе де, ол өзінің негізгі мақсатынан бір сәтке де ауытқыған емес. Соғыс жылдарында ел басына түскен таудай тауқымет те бұл басылымның меселін қайырып, қажырын мұқата алмаған. Керісінше, қаншама адамның ой-санасын байытып, қаншама жанның рухани өрісін кеңейтуге қызмет етті. Бүгінде әлеуетті ауданның тыныс-тіршілігінен тынымсыз хабар таратып жүрген басылымда қаншама жас маман еңбек етіп, ысылып шықты. Қазақ және орыс тілдерінде қатар шығып жүрген аудандық газетте бірнеше буын алмасып, олардың бірқатары облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүргендігін мақтан тұтамыз және желдей жүйткіген уақыттың сан қырлы тезінен сүрінбей өткен абыз жастағы ақпарат құралының ғасыр тойы тойланатынына сенім мол.
Мәдени шараға жиылған жергілікті тұрғындар мен алыстан ат терлетіп, арнайы келген қонақтар әуелі мәдениет үйінің дәлізінде орналасқан көрмені тамашалады. Олардың арасында облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, “Salyq tartibi” газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, ардагер журналистер Қуаныш Иембердиев пен Көсемәлі Сәттібайұлы, “Egemen Qazaqstan” газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, “Jambyl TV” облыстық телерадиоарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, “Tekturmas” республикалық журналының бас редакторы Маржан Рақай және өзге де жамбылдық қаламгерлер болды.
Тоқсан жылдық белесті артқа қалдырған ауданның шамшырағы саналатын “Шу өңірі” газетінің мерейтойына арналған салтанатты жиында өткен тарихтан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Көрме барысында аудандық газеттің фототілшісі, саналы ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын баспаның тыныс-тіршілігіне арнаған, талай тарихи сәттерді таспалаған, өзінің мұрағатын қалдырған Петр Норкиннің фотосуреттері шараның мән-мазмұнын арттыра түсті. Бір суретке бір кезеңнің тарихының жүгін артқан фотосуреттерде мемлекет және қоғам қайраткері, Дінмұхамед Қонаев, Өмірбек Байгелді, халық ақыны, әнші әрі композитор Кенен Әзірбаев, Жақсыбай Жантөбетов, Аяз Бетбаев секілді тау тұлғалы азаматтардың Шу топырағындағы сәттері бейнеленген. Бұған қоса арнайы стендте “Шу өңірі” газетінің қоғамда орын алуына өзіндік үлес қосып, ауданның шежірелі жылнамасында өзіндік қолтаңба қалдырған редакторлардың суреттері ілінді. Сондай-ақ, аудандық газеттің әр жылдардағы тігінділері мен Петр Норкиннің фотоаппараттары қойылды. Келген қонақтардың барлығы тарихи жәдігерлерге көз жүгіртіп, өткен тарихқа бойлады. Өз кезегінде “Шу өңірі” газетінің тілшісі Айғаным Асқарбек алыстан ат терлетіп келген қонақтарға көрмеде қойылған құнды дүниелерді ретімен таныстырып өтті.
Ал, салтанатты жиын «Шу» халық театры ұжымының «Ұлттың ұлы көсемі – Ахмет Байтұрсынов» атты сахналық қойылымымен басталды. Театр өнерпаздары қойылым арқылы газеттің қоғамдағы рөлін, мәні мен маңызын айшықтап, әсерлі жеткізе білді.
Мұнан кейін облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Ерболатұлы сөз алып, бір дәуірдің шежіресіне айналған басылым ұжымын, аудан жұртшылығы өкілдерін мерейлі белеспен құттықтады. Ол өз сөзінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің жүрекжарды лебізін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді. Мұнан соң Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаевтың құттықтау хатын «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайғанға табыстады. Сондай-ақ жиында аталған басылымда 20 жылға жуық басшылық қызмет етіп, уақыт ағымында аудан әкімінің орынбасары тізгінін ұстап, ауданның идеология саласын ілгерілетуге елеулі үлес қосқан жерлесіміз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, журналист Ахметжан Қосақов және төл басылымда ұзақ жылдар бойы еселі еңбек еткен ардагер журналист, ақын Тампылбай Молдақұлов сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өзінің құттықтау сөзінде газет мемлекеттік саясатты насихаттау ісінен бастап, айтулы жаңалықтарды, тарих пен тағылымды жұртшылыққа таныстыруда міндетін мінсіз атқарып келе жатқандығын атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде: «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр» – деген болатын. Бұл сөз баспасөздің қоғамдағы орны мен оның ұлт санасына әсерін терең бағалағанын көрсетеді. Газет тек ақпарат көзі ғана емес, тарихи жады, ұлттық ой мен пікірдің алаңы. Кешегі аға буын мықты мектеп қалыптастырып, қалыбы дұрыс құйылып, кірпіші түзу қаланған редакция қызметі бұқара сұранысына ие. Алыс-жақын елді мекен тұрғындары басылымның әр санын асыға күтетінін жақсы білеміз. Оның ішінде еңкейген қарт, еңбек адамы мен көкірегі ояу азаматтар жетерлік. Қазіргідей ақпараттық технологиялардың дамуына қарамастан, газет-журнал оқитын жерлестеріміз аз емес.
Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр ардагер-журналистер әрдайым ойымызда. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, дәл осындай сипатқа ие «Шу өңірі» газеті халқымыздың 90 жыл бойғы айнымас серігі әрі рухани жаршысы. Кейінгі жылдары жаңа сипатқа ие болған газет бастапқы мақсатынан айнымай, оқырман қауымға тұщымды ақпарат, түйткілді мәселелер мен олардың шешімдерін, халық үнін жариялауда. Газеттің көлемі ұлғайып, дизайны өзгерді. Қорыта айтқанда, аудандық басылым — оқырмандардың ой түзейтін, бой түзейтін рухани бағдарына айналды. Оның үні әлсіресе, жергілікті рухани өмірдің де мәні кеми түседі. Сондықтан аудандық газетті қолдау — туған жерді қолдау. Осы ретте барлық жұмыстың басты насихатшысы, сыншысы және серігі болған, тәрбие бұлағы, зерде шырағы – «Шу өңірі» газеті ұжымын мерейтойымен құттықтаймын. Шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін. Басылымның ғұмыры ғасырлар бойы жасай беруіне тілектеспін, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Шара барысында аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен жарық көрген балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев пен балалар ақыны Бақыт Исаеваның ғибратты ғұмыр жолынан сыр шертетін қос кітаптың тұсауы кесілді. Сонымен қатар, Шу ауданының құрылғанына 95 жыл, аудандық «Шу өңірі» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Шуақты Шу өңірім – шежірелі құт мекенім» атты байқаудың «Үздік мақала» номинациясын иеленген Ахметжан Қосақов пен «Үздік ақын» номинациясын иеленген Тампылбай Молдақұлов қаржылай сыйлықтың сертификатымен марапатталып, құрметпен иықтарына шапан жабылды. Осы тұста сахнаға көтерілген А.Қосақов газеттің өткенінен сыр шертіп, аудан газетінің тарихы мен оның қоғамдағы рөлін жан-жақты әңгімелеп, газет жұмысына қатысты өзіндік ой-пікірін ортаға салды.
Бұдан өзге бірқатар азаматтарға “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, жергілікті мәслихат тарапынан Шу ауданының Құрмет грамотасы, «Аманат» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы табыс етілді.
Марапаттар легі мұнымен шектелген жоқ. Осыдан бірер күн бұрын дәл осы басылымның мерейтойына орай жамбылдық журналистер арасында тастаяқтан турнир өткен болатын. Тартысқа толы ойын нәтижесінде жеңімпаз атанған азаматтар да осы шара барысында марапатталып, арнайы сыйлықтарын еншіледі. Атап айтар болсақ, “Egemen Qazaqstan” газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев жеңімпаз деп танылса, жүлделі екінші орын “Astana” телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Берік Жакулаевқа бұйырды. Ал, үздік үштікті Нұрболат Сатымқұл түйіндеді. Аталған бильярд турнирінде ерекше ойын өрнегін көрсеткен Көсемәлі Сәттібайұлы «Үздік ойыншы», Ғалым Қасабай «Сұрмерген», Қуаныш Иембердиев «Көрермен көзайымы» номинацияларын иеленіп, жеңімпаздар мен арнайы номинация иелеріне қаржылай сыйлықтың сертификаттары табысталды.
Мәдени шараны аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнмен әрлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты жиын аяқталған соң, газет ардагерлері мен өзге де қонақтар Шу қаласындағы «Дәулет» мейрамханасында жайылған ас дастарханында бас қосты. Мұнда аудандық газетте абыройлы еңбек етіп, өмірден өткен аға буын өкілдерінің рухына құран бағышталды.
Аудандық газеттің бас редакторы Ерғали Қартайған өз сөзінде бүгінгі журналистер аға буынның ақылын азық етіп, өнегесін қазық етуді ешқашан естен шығармайтындығын жеткізіп, мерейтойға орай жылы лебізін арнап, келген қонақтарға зор алғысын білдірді.
Осылайша, төл газеттің тоқсан жылдығы барынша лайықты аталып өтіп, жиылған қауым да ризашылықпен тарқасты.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.