Ақпараттық портал

Тартысты тастаяқ турнирі

Басылымның өткен санында баяндағандай, Шу ауданында өңірдің қоғамдық-саяси басылымы – “Шу өңірі” газетінің 90 жылдығын тойлау жоспарланған-ды. Жоспарға сәйкес, мерейтойдың шымылдығы тастаяқ турнирімен ашылып, облыс журналистерінің басын қосты. 30-ға жуық қатысушы бақ сынаған додада аға буын, орта және жас толқын әріптестер өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың ашылу сәтінде ардагер журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аудандық газетті жиырма жылға жуық басқарған Ахметжан Қосақов ақ батасымен ашып, басылымның арғы-бергі тарихынан сыр шертті. Сонымен қатар аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков құттықтау сөз алып, турнирге қатысушыларға табыс тіледі.
– Биыл Шу ауданында бірқатар көлемді іс-шаралар жоспарланып отыр. Мәселен, биыл ауданның құрылғанына 95 жыл толса, Шу шаһарына 65 жыл. Солардың қатарында шежірелі басылым – “Шу өңірі” газетінің 90 жылдық мерейтойы бар. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесін аудандық газеттің тойымен тоқайластырып отырмыз. Оның бастамасы – осы тастаяқ турнирі. Шығармашыл қауым үшін бұл жарыстың бәсі бөлек. Алыс-жақыннан ат терлетіп келген қонақтарға сәттілік тілеймін! Турнирдің табысты өтуіне тілектеспін! Газет ғұмыры ғасырдан ассын,-деген аудан басшысы турнирдің алғашқы соққысын жасады.
Мұнан кейінгі ақжарма тілектерге Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуаныш Иембердиев, Ғалым Қасабай, Жасұлан Әбдіхалық сынды сала журналистері қосылып, құттықтауын жеткізді. Мерейтой құрметіне арналған тастаяқ сайысы «мәскеу» нұсқасында өтіп, жүзден жүйрік шыққандар финалда жүздесті. Түске таман басталған бәсеке түн ауғанша жалғасты.
Жиын барысында «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған бұл турнир – шығармашылық өкілдерінің достығы мен спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған тамаша бастама екендігін атап өтіп, қолдау көрсеткен демеушілерге, қуанышты бөлісе келген әріптестерге алғысын білдірді. Сондай-ақ, тастаяқ турнирінің жеңімпаздары салтанатты жиында марапатталатынын жеткізді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.