Төле би біздің рухани тұмарымыз
Шудың бойы көрікті, гүл өңірі,
Ел тарихы шежіре, жыр өмірі.
Айналған көпшіліктің мінберіне,
Біздің газет – аудандық “Шу өңірі”.
Тоқсан жыл оқырманмен сырласқанға,
Көтерген көңіл-күйін мұң басқанда.
Бірге болып диханмен, малшымен де,
Еңбегін арқау еткен жыр-дастанға.
Қамдамай алдын ала жазатынын,
Болмайтын тілшілерде маза, тыным.
Алақайлап жеткізген тоқсан бірде,
Жар салып еліміздің азат үнін.
Тілшілер де жас болды жалындаған,
Шеттерінен талантты, дарынды адам.
Риза халық басшыға Қосақовтай,
Күн талабын мұқият орындаған…
* * *
Қорықса да баяғы ел бүліктен,
Арыла бастаған-ды бұл күдіктен.
Бостандықты қуаттап болашаққа,
Қарайтын болды халық енді үмітпен.
Іске бейім, білімді өрен лайық,
Алғашқы әкім, ауданда Кәрентаев.
Қосақовты “зам етіп” бекітті де,
Қолын алып “іске сәт” деген-ді анық!
-Ахметжан, уақыт жоқ шуақты іздер.
Керегі қайрат-жігер, қуат бізге.
Алда той, үш ғасырлық баба тойы,
Әр сөзі мына жұрттың сынақ бізге!
* * *
Құттықтап тұңғыш рет әкім халқын,
Ұстанды бұрынғының дәстүр-салтын.
Мәслихатта талқылап шешім етті,
Өзгертуге орысша жер-су атын.
Орысша атауларды жиі айтумен,
Келеді мәселені ширатумен.
Ауданның орталығы “Тройцкіні”,
Атады Төле би деп би атымен.
Шу бойы Төле туған киелі жер,
Бұл жерді жүрегімен сүйеді ел.
Қара қылды қақ жарған бабамызды,
Тура би, туғаны жоқ би еді дер.
Жайсанның Төле туған даласына,
Тастан белгі орнатты бабасына.
Мерейтойын өткізбек үш ғасырлық,
Үйсіннің Алашқа ортақ данасына.
* * *
Ұсыныс айтқан әкім жиында бір:
-Жалтақтамай қолдағы тиынға құр.
Ескерткішін ауылға орнатайық,
Соншалықты, мырзалар қиын ба бұл?!
Төле би бар қазаққа арда тұлға,
Тарихта мәңгілік боп қалды аты да.
Ахмет, саған зор сенім артып тұрмыз,
Барып қайт, астанамыз – Алматыға.
Неше барып Алматы астанаға,
Жолықты Ахаң, танысқа, басқаға да.
Жас шебермен бір досы таныстырды,
Қашап жатқан әлдене тасқа жаңа.
Сыйлық беріп, бітерін білді ісінің,
Көңілін жібітпей ме сый кісінің.
Шебер де Ахметпен келісіпті,
Қоладан құймақ болып би мүсінін.
* * *
Жеткізілді ауылға күткен мүсін,
Қызықтадық шебердің біткен ісін.
Ұқсамайды Төлеге депті біреу,
Бәлкім өзі қызғаншақ болар кісің.
Айналма жолға әкеліп бабамызға,
Орнаттық ескерткішті данамызға!
Үш жүздің төбе биі Шу жерінен,
Тақта отырып қарайды даламызға!
* * *
Шу бойы сұлулықтың мекені бұл,
Көмкерген Керегетас етегін гүл.
Көркіне көзің түссе бір керемет,
Төгіліп көмейіңнен кетеді жыр.
Төрт жүздей үй тігіліп жайлауында,
Құлашын жайды дала, жайды ауыл да.
Жиылды бар аймақтан ағайындар,
Керілген Керегетас баурайына.
Хабарлап тойдың жөнін елден ерек,
Сәл бұрын Қонаевқа жеткен дерек.
Қамданып тойға барам деген күні,
Димакең сырқаттанып қалса керек.
Көрмеген жалақордан жасқанып та,
Келіпті Алматыдан Асқаров та.
Сырласып халқыменен емен-жарқын,
Арнады ізгі тілек дос-халыққа.
Даусын-ай қалықтаған Розаның,
Әнмен әрлеп шараның ашты ажарын,
Әнші қыз Рымбаева әсем үнмен,
Халыққа тарту етті әуезді әнін.
Өрлей бергін, қолдасын би атамыз!
Деп жүзік, сырға, ұсынды бір апамыз.
-Жо…жоқ сыйлыққа зор рахмет,
Тек шынайы алғыспен қыр асамыз.
Шақыру жетпегенмен маған бірақ,
Мен мұнда келгенім жоқ дүние сұрап.
Бабамның әруағын сыйлап келдім,
Соның өзі ағайын, ойға шуақ.
Ауылға қайтам бүгін, концертім бар.
Жер қашық, ауыл алыс, жол да жырақ!
Той бітті, жұрт тарады, ертеңіне
Ән тербеліп Жайсанда қалды бірақ!
Той қызығын ел көрді, ата көрді,
Үлкендер Қосақовқа бата берді.
Тойдан соң үш жыл өтті Ахметжан,
Сүйікті газетіне қайта келді.
Толғанып жүрер әр кез қалың оймен,
Өтпеген күндерінің бәрі тоймен.
Он тоғыз жыл басқарып “Шу өңірін”,
Зейнетке шықты Ахмет абыроймен.
* * *
Төле біздің рухани тұмарымыз,
Өсиетін ұстанған ұланымыз.
Әділеттен айнымай алға бастар,
Көкірекке жазылған ұранымыз.
Тампылбай Молдақұлов,
ақын.