Ақпараттық портал

Бес айда атқарылған жұмыс баяндалды

Ағымдағы аптаның басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, қаңтар-мамыр айы аралығындағы жұмыстардың жайы тыңдалды. Онда аудандық аумақтық инспекция мен әкімдікке бағынысты бөлімдердің басшылары баяндама жасады.
Ең алдымен есеп берген аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Ақылбекова бес айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және бюджеттің атқарылуы туралы тарқатып берді. Дамира Әскерқызының айтуынша, биылғы бес айдың қорытындысымен жалпы шығарылған өнім көлемі 59,3 млрд. теңге, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,9 млрд. теңгеге артық немесе 127,7 пайызға орындалған. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 30,2 млрд теңгені құрап, жоғары көрсеткішке жеткен. Тек құрылыс саласы ғана кенжелеу қалып отырғаны мәлім болды.
Мұнан кейін аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Е.Рахимқұлов баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде 2025 жылға аудан бюджетінің жылдық жоспары 18 млрд 673 млн 549,7 мың теңге болатынын айтып, қаңтар-маусым айларына жоспар 8 млрд 24 млн 504,7 мың теңге екенін жеткізді. Ал 1 шілдеге болжамды игерілу көлемі 8 млрд 9 млн 504,7 мың теңге немесе 99,8 пайызды құрайды.
Мұнан соң Шу аудандық аумақтық инспекциясының атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндалды. Бұл туралы мекеме басшысы Жасқайрат Нұрсейітов мәлімдеді. Баяндамашы қазіргі таңдағы шаруаларды алаңдатып отырған шегіртке шабуылы туралы түсіндіріп өтті.
-Шу ауданы бойынша үйірлі шегірткелердің 3 түрі таралған. Олар марокка шегірткесі, итальяндық прус, азиат шегірткесі. Одан басқа саяқ шегірткелердің шамамен 20 түрі таралған.
Барлық дерлік шегіртке түрлері- нің ауыл шаруашылығы дақылдарына зияндылығы жоғары екендігі белгілі.
Шу ауданы аумағында зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күресу шараларын ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізетін аудандық штаб құрылды.
Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы мамандарының анықтау жұмыстарының методикалық есептеулері нәтижесінде ағымдағы жылы аудан бойынша 11765 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуі болжамдалған болатын.
Оның ішінде, марокка шегірткесіне 4745 га, итальяндық прусқа 4820 га және азияттық шегірткеге 2200 га, оның әуе арқылы орындалатыны 3800 гектар, жер үсті техникаларымен өңделетіні 6475 гектар және дрон арқылы орындалатыны 745 га,-деді Ж.Құдайбергенұлы.
Инспекция басшысы шегірткелердің марокко және италиялық түріне қарсы залалсыздандыру жұмыстары толығымен аяқталғанын айтып, шаруашылыққа зиян тимейтінін тілге тиек етті.
Аппараттық кеңес соңы 2025 жылдың ІІ жартыжылдығына мерзімді баспасөзге жазылу барысы туралы мәселесімен түйінделді. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Төлегенов газет-журналға жазылу баяу жүріп жатқанын жеткізді. Тіпті, төмен көрсеткіші бар мекемелер де баршылық. Науқан соңына дейін аз қалса да, құқық қорғау, теміржол мекемелері, халыққа қызмет көрсету орталығы, ветеринария бөлімі мен өзге де жұмысы тұрғындармен байланысты ұжымдар мерзімді баспасөзге мүлдем жазылмаған.
-Бірқатар мекеме, ұйымдар мерзімді басылымдарға жазылуда белсенділік танытпауда. Олар аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы. Сонымен қатар Қонаев ауылы мен Бірлік ауылдық округі әкімдері де бұл іске бей-жай қарауда,-дейді Бауыржан Қадырбайұлы.
Баяндамашыларға құлақ түрген аудан басшысы әрбіріне қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар мерзімді басылымдарға жазылу ісіне ерекше тоқталды.
-Қай саланы алып қарасақ та жұмысы халықпен байланысты. Газет-журнал арқылы біз өз жұмысымызды жұртшылыққа жеткіземіз. Оқырмандардың ойын білеміз. Ал енді газет оқымасақ, оны насихаттамасақ сіздерді кім таниды? Жұмыстарыңызбен қалай танысады? Сондықтан ар-ожданға сүйену арқылы басылымдарға қолдау көрсетуді сұраймын,-деп Бақытжан Оразалыұлы өз сөзін қорытындылады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.