Ақпараттық портал

«Алтын белгі» иегерлерінің абыройын асырды

Елдің өркендеуі, ұлттық дамудың даңғыл жолға түсуі ең алдымен, білім мен ғылымға көңіл бөлу арқылы жүзеге аспақ. Соңғы жылдары білім саласына айтарлықтай қолдау көрсетіліп, қомақты инвестиция тартылуда. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деген сөзі дәлел. Міне, соған сай білімге талпынған жас өрендерді арқасынан қағып, алға қарай қанаттануына жол ашу да мемлекет үшін маңызды міндет саналады. 2024-2025 оқу жылында ауданымыздың 39 білім ошағын 1236 түлек аяқтап, 77 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін иеленіп отыр.
Осыған орай, «Құралай» мейрамханасының үлкен залында аудандағы білім беру ордаларын «Алтын белгімен» бітіруші түлектермен салтанатты кездесу өтті. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Таткеев, мектеп директорлары, аяулы мұғалімдер, “Алтын белгі” иегерлері және олардың ата-аналары қатысты.
Ең алдымен аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы «Алтын белгі» иегерлеріне ізгі тілегін арнап, он бір жылдың жемісі саналатын төсбелгіні өңірлеріне қадап, олардың ата-аналарына Алғыс хат берді. Сондай-ақ, Ұлт жанашыры, «Батыр ана», «Батыр шапағаты» төсбелгісінің иегері, республикалық «Мерейлі отбасы-2023» байқауының жеңімпазы, Шу ауданының Құрметті ардагері, М.Ғабдуллин атындағы орта мектебінің «Алтын белгі» иегері Нұрмаханбет Құралай Сағадатқызының әжесі Шымшық Мадалиева мен «Құрмет» орденінің иегері, ҚР ағарту ісінің үздігі, «Ұлағат отауы» ҚБ-нің төрағасы, ұзақ жылдар білікті басшы болған, білім бөлімінің ардагері Гүлжаһан Кәрібайқызы да түлектерге жүрекжарды аналық ақ тілегін ақтарып, ақ жол, сәт сапар тіледі.
«Алтын белгі» иегерлері мен олардың мұғалімдеріне, ата-аналарына ерекше сезім сыйлаған мерекелік кеште «Түлектерге тілек» атты жауһарлы жырлар оқылып, әсерлі әндер шырқалды. Салтанатты жиын соңында жүректері жалындаған жас түлектер аудан әкімімен алма-кезек естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.