Ақпараттық портал

Ұлттық мереке ұлықталды

Жұма күні аудандық мәдениет үйінде 25 қазан – Республика күніне орай «Әділетті мемлекет: Заң үстемдігі және тәртіп» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Ұлттық мерекеге арналған шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен түрлі мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын зал төріне алып шығудан басталды. Жүргізушілердің кіріспе сөзінен кейін жиналғандар Мемлекеттік Әнұранды орындап, ел рәміздеріне құрмет көрсетті.

Мерекелік шарада аудан тұрғындарын Республика күнімен құттықтау үшін аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібеков сөз сөйледі. Аудан басшысы ұлттық мерекенің тарихи маңызына тоқталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
– Баршаңызды егемендігіміздің бастауы болған Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баянды болашаққа бет түзеген еліміздің сапары сәтті болсын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси жаңғыруға бағытталған реформалар жүзеге асырылуда. Биылғы жылы еліміздің конституциялық дамуына қатысты маңызды өзгерістер қолға алынып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері күн тәртібіне шықты. Мұндай кезеңде ел бірлігін сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әр азаматтың әл-ауқатын арттыру – ортақ міндетіміз.
Жергілікті атқарушы биліктің басты мақсаты – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың талап-тілегіне сай қызмет ету. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Дегенмен, қол жеткен нәтижелермен шектелмей, жоспарланған міндеттерді толық орындауға күш саламыз, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Бірқатар азамат аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мерекеге орай өзге де марапаттар табысталып, еңбегімен ерекшеленген азаматтардың жұмысына лайықты баға берілді.
Салтанатты рәсімнен кейін әскери қызметшілер Мемлекеттік рәміздерді марш ырғағымен залдан алып шықты. Бұдан соң аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды.
Көрермендер назарына «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінің орындауындағы Құрманғазының әйгілі «Адай» күйі мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармасы ұсынылды. Жас әншілер мен дуэттер патриоттық әндерді шырқап, бишілер әсем билерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Ән мен күйге ұласқан мерекелік бағдарлама жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдады. Тарихи құжат Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуының саяси-құқықтық негізін қалап, елдің дербестігін айқындайтын маңызды қағидаттарды бекітті. Ал 2022 жылы Республика күні Мемлекет басшысының бастамасымен ұлттық мереке мәртебесіне қайта ие болды.
Республика күні – елдігімізді ұлықтап, тәуелсіздігіміздің қадірін бағалайтын, отаншылдық рухты асқақтататын маңызды мереке. Осындай тағылымды шаралар халықтың бірлігін нығайтып, туған елге деген құрметті арттыра түседі.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.