Ақпараттық портал

Жерлесіміз Президент қолынан Алғыс хат алды

Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысып, онда бүгінгі таңдағы бірқатар өзекті мәселелер жайлы ой қозғағандығынан әр саналы азамат хабардар деп білеміз. Ел Президентінің осы жиында сөйлеген сөзі газетіміздің өткен санында жарық көрген болатын. Көзі қарақты оқырман осы жарияланымды оқып, танысқан болса, құқық қорғау саласына қатысты көптеген маңызды мәселелердің көтерілгендігіне көз жеткізетіні ақиқат.

Ал, келелі кездесу соңында Қасым-Жомарт Кемелұлы ерлікпен қаза тапқан полициялардың, өрт сөндірушілердің, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде ерлік жасап, соның салдарынан денсаулығына кері әсер алған қызметкерлердің жақындарын, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосқан өзге де азаматтарды Алғыс хатпен марапаттағаны белгілі. Мемлекет басшысының қолынан марапат алған бір топ отандастарымыздың арасында өзіміздің жерлесіміз, Балуан Шолақ ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Текебаев Есенгелді Мұқатайұлының болғандығын мақтанышпен айтқымыз келеді.
Қызмет еткен жылдарында 15 жыл мектеп директоры, 6 жыл директордың орынбасары болып, 2022 жылы зейнеткерлікке шыққан Е.Текебаев, осы жылдан бастап аталмыш елді мекендегі ақсақалдар кеңесіне төрағалық етіп келеді. Ол бізбен әңгіме барысында соңғы үш жылда ауылда бірде-бір қылмыс пен өзге де бұзақылық әрекеттердің орын алмауы ең алдымен ұйымдастырушылық, алдын алу жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне байланысты екендігін айтады.
-Ауылдық ардагерлер кеңесі құрамында 8 адам бар. Оған қоса округ әкімдігі жанынан 3 адамнан тұратын әкелер кеңесі, 3 адамнан тұратын билер алқасы, аналар кеңесі жұмыс жасайды. Біздің жұмысымыз осы ұйымдармен тығыз байланысты. Өзара келісе отырып, жастар арасында түрлі тәрбиелік шаралар ұйымдастырып отырамыз. Бұл тұста ауылдағы жастар ісі жөніндегі үйлестіруші маманның да еңбегі зор. Ол да өз бағыттары бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатады. Өзі іске ширақ, білікті маман деп айтуға болады.
Ауылда ішімдікке тосқауыл қойылды. Өткен жылдың күзінде спорт кешені ашылды. Сонымен қатар, ән, би, теннис үйірмелері ауыл жастарына қызмет көрсетуде. Мектепте кітап оқудан жарыс ұйымдастырылып тұрады. Әсіресе, спорт кешенінің ашылуы жастар тәрбиесі үшін тамаша мүмкіндік болғандай. Мұнда облыстық, аудандық деңгейдегі түрлі спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Бұл бір жағынан жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, теріс әрекеттерге бой алдырмауына өз септігін тигізеді. Енді, алдағы уақытта тағы бір ауылдасымыз өз үйінің жанындағы осыдан біраз жыл бұрын дүкен болып ашылып, қазіргі уақытта бос тұрған ғимараттан тігін үйірмесін ашып, ауылдағы оқушы қыздарды тігіншілік ісіне баулуды көздеп отыр. Бұл да қажет дүние.
Тағы бір айтарым, кейде көшеде келе жатып велосипед айдап жүрген балалар велосипедтен түсіп, алдыма келіп амандасқанда қуанып қаламын. Бұлардың барлығы өнегелі тәрбиенің жемісі деп санаймын,-дейді Есенгелді Мұқатайұлы.
Айтуынша, ауылда бей-берекет жүрген адам жоқ көрінеді. Барлығы жұмысбасты, ал жастар қауымының айналысатын өз істері бар. Кейбір елді мекендерде орын алып жататын мал ұрлығы, өзге де ұрлық, бұзақылық оқиғалары бұл ауылда соңғы жылдары мүлдем болмаған.
Мұның барлығы қылмыстың алдын алу жұмыстарының тиімді жүзеге асырылғандығының жарқын көрінісі болса керек. Ал, оған ауылдық ақсақалдар кеңесінің қосып отырған үлесі зор. Осыны ескерген жергілікті билік өкілдері 2022 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген Балуан Шолақ ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Е.Текебаевты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін марапатқа ұсынған екен. Жуырда елордада өткен алқа мәжілісінде Есенгелді Мұқатайұлы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолынан Алғыс хат алып, мерейі еселеніп қайтты.
-Президентіміз жүзі жылы адам. Өте ризамын. Басында аздап толқу сезімі болған. Мемлекет басшысының қолын алғаннан кейін, толқуым бірден басылды. Осы шара барысында өзім де сөз сөйледім. Жиын соңында облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полковник қолымды алып: «Жақсы сөйледіңіз» деген кезде тағы бір марқайып қалдым. Бұл марапат жұмыла жасаған жұмыстың нәтижесі деп білемін. Сондықтан, қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін,-дейді Е.Текебаев.
Біз де өз кезегімізде жерлесімізді мәртебелі марапатымен құттықтай отырып, осындай марапат өзгелерге де жұғысты болсын демекпіз.
Сонымен қатар, жалпы аудан, оның ішінде Балуан Шолақ ауылдық округі үшін ерекше маңызға ие бұл жағдай жайында аталмыш округ әкімі Данияр Сандыбаев та Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында және елдегі құқықтық саясат тұжырымдамасында заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өткендігін, осы тұжырымдама аясында ауылдық жерлерде де қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты іс-шаралар қолға алынып, жоспарлы түрде жүзеге асырылып отырғандығын айтуда.
-Ауылымызда құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторымен бірлесіп, күнделікті рейдтік шаралар, кешкі патруль жұмыстары ұйымдастырылып отырады. Бұған қоса, жастар мен жасөспірімдер арасында құқықтық тәрбие жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, түнгі мезгілде, яғни түнгі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілсіз жүрген жасөспірімдер мен мас күйде қоғамдық орында жүрген азаматтарға қатысты түсіндіру жұмыстары және әкімшілік шаралар қолға алынуда.
Ағымдағы жылы қоғамдық қауіпсіздікті техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында ауылдың орталық көшелеріне және адамдар жиі жиналатын орындарға бейне бақылау камераларын орнату да жоспарланып отыр. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алуға және тіркелген оқиғаларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Әлбетте қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне ауыл тұрғындарының белсенді қатысуы өте маңызды. Бұл ретте ақсақалдар кеңесі, ардагерлер ұйымы және жастардың бастамашыл топтары белсенділік танытып келеді. Қоғамдық кеңестің қатысуымен көшелердегі тәртіп, түнгі тыныштық, көршімен татулық сияқты мәселелер жиі талқыланып, нақты ұсыныстар беріліп отырады.
Сондай-ақ, ауыл әкімдігі мен учаскелік полиция инспекторы арасында өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тұрақты түрде жүргізілуде. Қоғамдық орындарда, мектептер мен дүкендер маңында заң талаптарының сақталуы, санитарлық нормалар және тыныштық режимі қатаң бақылануда.
Балуан Шолақ ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Есенгелді Текебаев ағамызға берілген марапат жалпы ауылға берілген марапат деп қабылдаймыз. Бұл ауыл тұрғындарының мәртебесін биіктетіп, үлкен шабыт сыйлап отыр. Өйткені осы ауылдың ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайтуға үлес қосып жүрген қазыналы қарттардың, саналы жастардың, қамқор ағалар мен белсенді азаматтардың еңбегінің еленгені, жұмыстың бағаланғаны деп білеміз. Білуімше, Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел Президентінің ауыл ақсақалдар алқасының төрағасын марапаттауы алғаш рет орын алып отыр. Сондықтан бұл біздің ауыл үшін ерекше, тарихи сәт. Бұл марапат ауылдастарға үлкен шабыт сыйлап, алдағы уақытта ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі артып, ынтымағы нығая түсетіндігіне сенімдіміз,-деген Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Данияр Көкталұлы Мемлекет басшысының тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу, қоғамдық бақылауды күшейту – ауыл әкімдігі қызметінің басты бағыттарының бірі болып қала беретіндігін жеткізді.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.