Кешенді оқу-жаттығу жиындары өтті
Осы аптаның басында Шу ауданында кешенді оқу-жаттығу жиындары өтті. Аталмыш шара Жамбыл облысы әкімінің орынбасары бекіткен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі оқу-жаттығу жоспарына сәйкес өткізіліп отыр. Жиынның алғашқы күні аудан орталығындағы алаңда техникалар мен құрылымдардың тосын жағдайға дайындығы тексеріліп, Шу ауданының азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің кіші сатысының басқару органдарымен өткізілетін шаралар қамтылды.
Кешенді оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою комиссиясының отырысы өтті. Сондай-ақ шұғыл әрекет ету жасағының жарақтандырылуы тексерілді. Жедел штаб жұмысы ұйымдастырылып, практикалық іс-шаралар жүргізілді. Атап айтқанда адамды өрттен құтқару, өзен жағасын бекіту, суға батқанды құтқарып, алғашқы көмек көрсету, судан сынама алу, дала өртін сөндіру сынды әрекеттер мысал жүзінде көрсетілді.
Кешенді жаттығулардың екінші күні аясында ауданда екі тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізіліп, жедел штабтың жұмысы жүзеге асырылды.
Онда тәжірибелік жаттығулардың әрекет ету алгоритмдерін, апаттық-құтқару қызметтерінің өзара іс-қимылын және төтенше жағдай нәтижелерін шапшаң жоюды пысықтауға мүмкіндік берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар мамандарды дайындауға және жедел қызметтердің төтенше жағдайларда тосырқамауына мұрындық болмақ.
Кешенді оқу-жаттығу жиындарының үшінші күнінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Нақты айтқанда, теміржол көлігінде орын алған өртті ауыздықтау амалдары көрсетілді. Жергілікті жедел әрекет ету тобының әлеуеті байқалды.
Сонымен қатар жұма күні жиын қорытындыланып, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің қатысуымен ауқымды жиын өтті.
Жиында Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков үш күндік жиын бойынша өз баяндамасын оқып, жіберілген кемшіліктерге тоқталды. Жерлестеріміздің әзірлігіне «шектеулі дайын» деген бағасын берді.
Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы төтенше жағдай тосыннан келетінін айтып, есе жібермеу қажеттігін ескертті әрі жиын қорытындысы бойынша бірқатар лауазым иелеріне тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Байжан Емберді.