Ақпараттық портал

Санақ ісіне секеммен қарамайық

Соңғы уақытта жалпы ел аумағында ауыл шаруашылығы санағы өтіп жатқандығынан әр саналы азамат хабардар деп білеміз. Бұл туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде аудандық статистика басқармасы тарапынан мақала жарияланған болатын. Дегенмен, біз де бұл мәселе бойынша тұрғындарды жан-жақты ақпараттандыру мақсатында аудандық статистика басқармасының басшысы Аязова Гүлнара Жамбылбекқызына жолығып, көкейіміздегі бірқатар сұрақтарға жауап алдық және мұны оқырман назарына ұсынуды
жөн көріп отырмыз.

-Гүлнара Жамбылбекқызы, әуелі көпшіліктің көкейіндегі «Ауылшаруашылық санағы не үшін қажет?» – деген сұраққа жауап берсеңіз.
– Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет. Ал, оны жүзеге асыру туралы шешім Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданды. Яғни, ел Президентінің 2023 жылғы 26 сәуірдегі өкіміне және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылданған. Мұндағы негізгі мақсат – ауыл шаруашылығының нақты жағдайы туралы толық ақпарат алып, өнімнің тиімділігін және ауыл шаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу болып табылады.
-Санақтың жүзеге асырылу кезеңдері қай уақыт аралықтарын қамтиды?
-Санақ екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде, яғни арнайы веб-порталда өзін-өзі толтыру әдісімен өткізіліп, сауалнаманы толтырмағандардың тізімін жасау үшін 20 күн ішінде одан әрі өңдеу жүргізіледі. Екінші кезең 2025 жылғы 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында елді мекендерді аралау арқылы жүзеге асырылады. Бұл санақ қызметкерлерін тарта отырып, жеке әңгімелесу әдісімен және планшеттерді қолданумен жүргізіледі.
-Санақ кімдердің арасында жүргізіледі?
-Оған заңды тұлғалар және олардың құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері, жеке кәсіпкерлер, оның ішінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын шаруа немесе фермер қожалықтары, сондай-ақ, жеке шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері (егінжай, бақша, көкөніс учаскелері) және ауылшаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтарының иелері қатысады. Осы тұста қарапайым тұрғындар жоғарыда айтып өткендей, ауыл шаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылығы иелерінің де санаққа қатысатындығын ескеруі қажет. Бұл дегеніміз, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары бар тұрғындар да бұл тізімге енеді дегенді білдіреді. Ашып айтқанда, бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретіндер және тағы сол сияқты қарапайым тұрғындар.
-Санақтың негізгі нысандарына не жатады?
-Санақтың негізгі нысандарына жер және егістік алқабы, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың саны, ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары, мал шаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары, өндірістік ғимараттар мен ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды ұстауға арналған үй-жайлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған ғимараттар мен құрылыстар жатады.
-Бүгінгі таңда ауданымызда ауылшаруашылығы санағы жұмысының басталып кеткендігін барша жұрт біледі. Осыған орай, оқырман қауым, өзге де азаматтар жергілікті жерде санақ жұмысының жоғарыда көрсетілген мерзімнен ерте басталғандығына түсінбеушілік танытуы мүмкін. Бұл жөнінде не айтасыз?
-Санақтың негізгі кезеңдері басталғанға дейін ағымдағы жылдың 1-30 маусымы аралығында Жамбыл облысының Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында жеке қосалқы шаруашылықтарын алдын ала аралау жұмысы жолға қойылған. Листинг деп аталатын бұл кезеңде санақ қызметкерлері үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды. Бұл жұмыс таңдалған мекенжай бойынша тұрғындардың шынымен тұратынын және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетінін растау үшін жүргізіледі және осы уақытта жер учаскесінің болуы, жалпы ауданы және респондент, онда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіре ме, ауыл шаруашылығы малдарының болуы басты назарға алынады.
-Кез келген азаматтың ауылшаруашылығы санағына қатысудан өз еркімен бас тартуына бола ма?
-Санаққа қатысудан бас тартқан жағдайда ол азаматқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әкімшілік жауапкершілік көзделген. Яғни, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 497-бабы аясында «Бастапқы статистикалық деректерді беру тәртібін бұзу» бойынша жеке тұлғаларға 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), заңды тұлғаларға кәсіпкерлік субъектісінің мөлшеріне байланысты 14-тен 120 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Сол себептен, жерлестеріміз осы мәселені де естен шығармағандары жөн.
-Ауыл шаруашылығы санағының өңірімізде жүзеге асырылу деңгейі қандай?
– Санақ жұмысын лайықты жүзеге асыру үшін санақ қызметкерлерін – нұсқаушыларды, интервьюерлерді тарту жолға қойылған. Бүгінгі таңда жеке үйлерді аралау үшін 6 интервьюер жұмысқа қабылданды. Олар екі күндік арнайы курстан өтіп, санақ жұмысы аяқталғанға дейін жұмыс жасайды және жанында көмекші ретінде бір қоғамдық жұмысшы бірге жүретін болады. Біздің интервьюерлердің бейсболка, жамылғы, ауылшаруашылық санағының символикасы бар портфель, планшет және QR коды бар куәлік сынды өз атрибуттары бар. Осы тұста ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануына кепілдік беретінін атап өткім келеді. Деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Барлық кезең аяқталғаннан кейін, 2025 жылғы желтоқсанда санақтың алдын ала нәтижелері жарияланады. Соңғы жиынтық деректер мен аналитикалық есептер Ұлттық статистика бюросының сайтында көпшілікке 2026 жылы ұсынылады.
Ресми деректерге сәйкес, аудан бойынша аула саны 20321, оның ішінде Шу қаласында 8717 аула, ауылдық округтерде 11604 аула бар. Сондай-ақ, аудан аумағында 99 заңды тұлға, 4412 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер тіркелген. Біз осы сандық көрсеткіш бойынша бастапқы жұмыстарды, яғни листинг кезеңін Шу қаласында жүзеге асырып, санақ қызметкерлерімен бірге 8717 үйді араладық. Оның ішінде 80 үйдің иесі мәлімет беруден бас тартты. Алдағы кезеңде ауылдық округтердің тұрғындарымен жұмыс жасауды заң аясында жалғастыратын боламыз. Бүгінгі таңда ауылдық округтерде 8 инструктор бар. Олар әкімдікке жұмыссыз ретінде тіркелген жергілікті тұрғындар қатарынан алынып отыр.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бізде қызметкерлерді қабылдау науқаны жүріп жатқанын жеткізгім келеді. Интервьюер мен нұсқаушы ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы біздің «1446» байланыс орталығына немесе аудандық статистика басқармасына өтініш қалдыра алады.
-Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы ісіне қатысты тұрғындарға айтар қандай да бір ұсыныс немесе өтінішіңіз бар ма?
-Біздің өтінеріміз, ең бастысы жерлестеріміз біздің қойған сұрақтарымызға нақты әрі дұрыс жауап берсе болғаны. Өйткені, Шу қаласында өткен листинг кезеңінде түсініспеушілік танытып, жауап беруден бас тартқан адамдар жиі кезікті. Олармен ортақ тіл табысу да оңай болған жоқ. Бастапқыда бас тартқан азаматтарға кейінірек қайтадан барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келді. Содан кейін ғана, олар санаққа қатысуға келісім беріп, сұрақтарымызға жауап беріп жатты. Бұл тұста көлікпен және қосымша көмекшімен қамтамасыз еткен Шу қаласының әкіміне алғыс білдіремін.
Енді, алдағы уақытта ауылдық округтер бойынша жұмыс әуелі онлайн жүргізіледі. Онлайн санақ мерзімі аяқталған соң, оған қатыспағандарға біз өзіміз барып, тиісті жұмыстарды жүзеге асыратын боламыз, яғни ауызша сұрақ-жауап арқылы жалғасады.
Сондықтан барша жерлестерді санақ ісіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.