«Домбыра – мәңгілік мұра» іс-шарасы өтті
Үстіміздегі жылдың 3 шілдесінде Шу ауданындағы қазақ тілі мен әдебиеті және география пәні бойынша білімін жетілдіріп жатқан курс тыңдаушылары үшін ерекше мәдени шара өтті. «Жамбыл-Өрлеу» институтының аға оқытушыларының ұйымдастыруымен «Домбыра — мәңгілік мұра» тақырыбындағы Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде атап өтілді.
Бұл мерекелік кеш курс бағдарламасының мазмұнында қамтылған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналды. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының қасиетті аспабы – домбыраның ұлттық мәдениетіміздегі орнын дәріптеу, оның тарихы мен маңызын жастарға тереңірек ұғындыру болды.
Кеш барысында қатысушылар домбыраның шығу тарихына қатысты қызықты деректермен танысып, оның қазақ халқының өміріндегі ерекше маңызы туралы тың ақпараттар алды. Викториналық сұрақтарға жауап беру арқылы тыңдаушылардың домбыраға қатысты білімдері тексеріліп, олардың танымдық қызығушылықтары арттырылды. Әсіресе, домбыра күйлерінің қазақ халқының рухани әлеміндегі орны, оның ұлттық кодты сақтаудағы рөлі, сондай-ақ бұл құнды мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Домбыраның тек музыкалық аспап қана емес, сонымен қатар тарихтың, салт-дәстүрдің, ұлттық рухтың символы екендігі жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – домбыраның сұлу сазының ойналуы болды. Қатысушылармен бірге жергілікті композитор Әбдімомын Желдібаевтың халық арасында кең танымал «Ерке сылқым» күйі орындалды. Бұл орындау тыңдаушыларға ерекше әсер қалдырып, домбыраның сиқырлы әлеміне жетеледі. Сондай-ақ, домбыраға арналған өлең-жырлар оқылып, қазақтың дәстүрлі әндері шырқалды.
Бұл іс-шара жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуда, олардың домбыра өнеріне деген қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқарды. Мұндай мәдени кештер арқылы қазақ халқының ұлттық аспабына деген құрмет пен сүйіспеншілік нығайып, оның мәңгілік мұра екендігі тағы бір мәрте дәлелденді.
Ұлттық домбыра күніне арналған бұл шара тыңдаушылардың рухани және мәдени деңгейін көтеруге ықпал етіп, қазақ өнерінің мәңгілік мұра екендігін айқындап берді. Мұндай іс-шаралар болашақта да жалғасын табады деп сенеміз.
Ақжарқын Райымбекқызы,
Назира Абдикеримова,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институтының
аға оқытушылары.