Ақпараттық портал

Болат жолдың білгірі – Бейсембай Жаңбырбаев

Қойнауына сыр жасырған, жақсылар мен жайсаңдардың ақ бесігі болған, хандар мен бектердің табанының ізі қалған қарт Хантау талай тарпаңдар түлеген жер. Кешегі Қоқан құқайына қарсы қауқар көрсеткен, Сыпатай батырдың сенімді серігі Биназар Ақеділұлының сүйегі жатқан топырақ. Оңтүстікті Арқаға жалғайтын алтын көпір. Мұндай мекенде туған ұландар жетерлік. Олар намыстың нажағайындай жарқылдап, еңбек пен ерліктің құнын жақсы ұғынып өскен. Сондай жандардың бірі – Бейсембай Жаңбырбаев.
Бейсембай Смағұлұлы 1955 жылы 31 мамырда Мойынқұм ауданының Хантау бекетінде дүниеге келген. Осы ауылда кіндік қаны тамып, ақ таяқты тай ғып мінген, кең даланың қанатын кеңге жайған қыранындай өсті.

Ер адам үйде туып, түзде тірлік кешеді. Біздің кейіпкер кейінгі ғұмырына ықпал еткен Шу қаласындағы 308-ші қазақ теміржол орта мектебінде білім алады. Аталмыш оқу ошағын 1972 жылы тәмамдаған соң жігіттік шаққа қадам басқан Бейсембай еңбек жолын туған ауылында бастайды.
Тарқатып айтқанда, 1973 жылы Шу теміржол бөлімшесіне қарасты Хантау бекетінде 38-ші Шу жол дистанциясының қарапайым жол жөндеуші маманы болып еңбек майданына кіріседі.
1974-1976 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін жұмысын Шу теміржол бөлімшесінің Шу вагон депосында вагон жөндеуші, вагон қараушы болып жалғастырады. Мұнда ол тәжірибесін толыстырып, 1977-1981 жылдары Хантау бекетіне оралады. Онда жас маман вагон құрастырушының көмекшісі, вагон құрастырушы, станция кезекшісі сынды қызмет сатыларынан өтеді.
Б.Жаңбырбаев 1981 жылы өз жұмысын жалғастыра отырып, Алматы теміржол техникумына сырттай оқуға түседі. Онда өнегелі өмір иесі теміржол маманы ретінде машығып, теориялық тұрғыда білім алған.
Техникумды тәмамдаған алғыр жас жоғары білім алуға талаптанып, 1983-1989 жылдары Алматы теміржол институтын сырттай оқып, «Теміржол қызметінің жүк тасымалдау инженері» мамандығын иемденеді. Бұл қадам білім мен білікті қатар ұштаған Бейсекең үшін болашақ қамына жасалған қарекет еді. Өйткені, 1981-1990 жылдар аралығында ол Қазақстан теміржолының Шу теміржолдары бөлімшесінде пойыз диспетчері, аға пойыз диспетчері, шұғыл бөлім бастығының орынбасары болып шыңдалып шығады.
Бейсембай Смағұлұлы болат жолдың бойында бейнет етіп, Тәуелсіз Қазақстан теміржолының дамуына, ел экономикасының еңсе тіктеуіне өз үлесін өлшеусіз қосқан азамат. Себебі, ол 1990-1993 жылдары Жамбыл жол бөлімшесінің Шу теміржол бекетінде станция бастығының жүк және коммерция жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған.
Төгілген тері, елеулі еңбегі бағаланып, Б.Жаңбырбаев 1993-1997 жылдары Қазақстан теміржолының Жамбыл жол бастығының жүк және коммерция жұмыстары жөніндегі орынбасары ретінде де жемісті жұмыс жасады. Одан кейінгі жылдары Алматы теміржолының жүк және коммерция қызметінің басшысы қызметін атқарды.
Б.Жаңбырбаев Алматы теміржолының жүк және коммерциялық жұмыс қызметінің бастығы лауазымында бола отырып, ауыстырып тиеу пунктерін механикаландыру, «Дружба» шекаралық станциясында (қазіргі Достық станциясы) жолдарды, сигналдық құрылғылар мен байланыстарды әзірлеуді аяқтау жобаларына қатысқанын атап өткен жөн.
1997 жылғы 21 тамызда Қазақстан Республикасының Үкіметіне Достық станцияның контейнерлік тасымалдауға, ашуға дайындығы және Достық шекаралық станциясының контейнерлік терминалы арқылы тәулігіне 300-350 контейнерлерді өңдеу мүмкіндігі туралы есеп беру құрметіне ие болды.
Оның тікелей қатысуымен Чунцин–Дуйсбург (ҚХР – Еуропа) бағытында алғашқы контейнерлік пойыз ұйымдастырылу қалыптасты. Оның жеке үлесінің арқасында бүгінде Алматы жүк тасымалы басқармасы пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, контейнерлік вагондардың, транзиттік контейнерлік пойыздардың тұрып қалу уақытын қысқартуға және жүк тасымалы көлеміне төтеп беруге мүмкіндік беретін заманауи техникалық жабдықталушылардың бірі болып отыр. 2021 жылы «Достық» арқылы контейнерлік жүк тасымалдау көлемінің өсімі 1 миллион 066 мың ЖФЭ-ге жеткен.
Сан салалы теміржолда логистиканы жетік меңгерген менеджер 2002 жылдары «Кедентранссервиз» ЖШС-де жүк басқармасының басшылығы қызметінде болды. Ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибе кейіпкеріміздің биіктеуіне себеп болды. Олай дейтініміз, 2002-2004 жылдары Бейсембай Смағұлұлы «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ-ның орталық аппаратында жауапты қызмет атқарды. Кейінгі 4 жылда Қазақстан теміржолы «Орталық сервис» акционерлік қоғамының вице-президенті лауазымын лайықты түрде атқарды.
Еңбек десе ерінбейтін ел ағасы 2008-2015 жылдары аралығында Қазақстан теміржолы «Казтранссервис» акционерлік қоғамының жүк басқармасының басшысы болды. Ал, 2015-2018 жылдары «Транском» ЖШС-де тасымалдау басқармасының басшылығы қызметін абыройлы атқарды.
Ана сүтімен берілген қасиет, қиын салада жинаған тәлім, ағалардан алған үлгі Бейсембай Смағұлұлын зор құрметке жетеледі десек, артық айтқандық емес.
Еліміздің экономикасы тұрғысынан ең маңызды нүктесі Шу өңірі, әсіресе теміржол саласының алдыңғы буыны мен орта толқыны, кейінгі жастар ардагерді жақсы таниды. Қала берді ағамыздың есімі Қазақстан, ТМД, Балтық жағалауы мен Қытай елдеріне кеңінен танымал. Оның «Құрметті теміржолшы» арнайы атағы көп дүниеден хабар береді. Ғибратты ғұмыр иесі екенін айқындайды. Теміржолдың тарланы, еңбеккер жастардың ұстазы ел ішіндегі игі шаралардан шет қалмайды. Ол туған жеріндегі барлық қоғамдық жұмыстардың ортасынан табылып, тиісті жерде қаржылай көмегін көрсетіп, әрдайым жас буынға өзінің еңбектегі және өмірдегі жиған-терген тәрбиесін бөлісіп келеді.
Мысалы, «Биназар қоры» құрметіне арналған жыл сайынғы іс-шараларға тұрақты демеушілік жасап, Сұңқар алқабында мұражай, Хан-Тау станциясындағы мешіт жанынан 250 орындық асхана салуға миллион теңгеден астам жеке қаражат бөлді. Сондай-ақ, жинаған жеке кітаптарын пайдаланып, Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп кітапханасының қорын толықтырды
«Еңбек – ер атандырады» деп тегін айтылмаса керек. Ал, билік тарапынан берілген марапаттар мен медальдар сала майталманының қаншалықты мерейі үстем болғанын айқындайды. Мәселен, Б.Жаңбырбаев 2015 жылы туып-өскен мекені – Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы атанады. Бұдан ертерек алған теміржолшыларға арналған айрықша марапат – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісі де кейіпкердің еншісінде еді.
Бұдан бөлек, Бейсембай ағаның алған Алғыс хаттары мен төсбелгілері жетерлік. Олардың арасында салалық министрліктің, облыс пен аудан әкімдерінің марапаттары бар. Ал «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ тарапы өзінің іскер ардагерін әсте ұмытқан емес. Әсіресе, атаулы даталарға орай берілетін медальдар мен марапаттар міндетті түрде кейіпкерімізге берілетін. Бүгінгі таңда Бейсембай ағаның костюмінде теміржол саласындағы көпжылдық және мінсіз еңбегі үшін берілген «Біртұтас Қазақ теміржолына 50 жыл» төсбелгісі, «Мойынты-Шу теміржолына 70 жыл» мерейтойлық медалі, Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы» төсбелгісі мен куәлігі, еліміздің әлеуметтiк және экономикалық дамуына қосқан үлесi жаңа қоғамдық қызметте атқарған елеулi еңбегi үшiн ҚР «Алтын жұлдызы» атты төсбелгісі жарқырап тұр. Бұдан өзге марапаттарды бір төбе деп бағалауға болады.
Ширек ғасыр бойы еңбек етіп жүрген Бейсембай Смағұлұлы 45 айда жүргізілген «Мойынты-Шу» учаскесін электрлендіруге (1984-1987 жж.) белсене қатысты. Құрылысшыларға «терезелер» уақытылы берілуіне байланысты «Мойынты– Шу» магистральдық бағыты бойынша пойыздар қозғалысы тоқтатылмай, баламалы пойыздар кестесі қолданылды. Мұның өзі ерлікке пара-пар жұмыс. Себебі, электрлендіру жұмыстары кезінде ол өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, «Мойынты-Шу» учаскесіндегі құрылысшылар мен мердігерлердің табысты жұмыс істеуіне жағдай жасады.
Қазіргі уақытта «Мойынты-Шу» учаскесі Сібір-Орта Азия, Еуропа-Қытай, Қытай-Еуропа бағыттарында жоғары жылдамдықты транзиттік контейнерлік пойыздарды тасымалдау арқылы «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ желісінің маңызды байланыстырушы бөлігінің бірі екені белгілі.
Тынымсыз еңбек етудің, кәсіби деңгейін көтерудің, теміржолшы мамандығына адалдықтың үлгісі ретінде Жаңбырбаев жолын көрсетуге әбден болады. Оның көптеген шәкірттері бүгінде өндірісте, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның құрылымдық бөлімшелерінде және бизнесте жоғары лауазымдарда жұмыс істейді.
Биыл 70 жастың желкенін керсе де Бейсембай Смағұлұлының аяғы әлі үзеңгіде. Бұл кешегі батыр бабаларымыздың дағдысы болса керек. Әл мен әлеует барда еңбек еткен жөн деп санайтын теміржол ардагері 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін – «Транссистема ТЛК» ЖШС бас директоры болып қызмет етуде. Әрі жастарға ақылын айтып, оларға салауатты өмір салтын өз үлгісімен дәріптеп жүр. Бұл өз кезегінде қайраткердің тәніне ширақтық, жанына қуат берері сөзсіз.
Зайыбы Шарапат Әміржанқызы екеуі 1981 жылы отау құрып, үш перзенттің ұлағатты әке-анасы атанған. Олардан тараған ұрпаққа сүйікті ата мен әже болып отыр. Бір айта кетерлігі, Ш.Кирбаева да жоғары білімді теміржолшы. Алматы теміржол институтының түлегі. Төл мереке қарсаңында теміржол саласында тер төккен тұлға туралы толғануды жөн деп тауып, жүрек түкпіріндегі ізгі тілегімізді арнағымыз келеді. Күн тұрғанша тұрыңыз, Бейсембай аға!

Аяжан Жұмахан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ІІ-ші курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.