Кезбе иттің кесірі тимесін десек…
Аудан өміріндегі сан түрлі мәселелер ішінде көше кезген иесіз иттердің көзін жою ең өзекті әрі кезек күттірмейтін мәселе деп білеміз. Өйткені, соңғы уақытта қарасы қалыңдаған қаңғыбас иттің қоғамға зиянын тигізіп, адам өміріне қауіп төндіріп отырғандығынан жан-жақты ақпарат көздерінен хабардар болып келеміз және мұндай оқиғалар көбеймесе, сейілер емес. Оған әлеуметтік желілер арқылы әр кезеңде тарап жатқан түрлі сипаттағы ондаған бейнебаяндар дәлел.
Жуырда ғана, нақты айтқанда ағымдағы жылдың 30-маусымында Алматы қаласы маңындағы ауылда футбол ойнап жүрген балаларға бір топ ит шабуыл жасап, 10 жастағы баланың басын тістеп, құлағын жұлмалап, сан етін тістелеп, яғни үш иттің әбден талағандығы теледидар жаңалығынан көрсетілген-ді. Мұны естігеннен кейін, аталмыш төрт аяқты мақұлыққа үрей бұрынғыдан да үдей түсті. Бұл күндері көшеде кетіп бара жатып, қарсы алдыңнан ит шыға келсе, бойымызды бірден қорқыныш сезімі билеп, әбден үрейленіп қалғандықтан болса керек, санамызға сан түрлі ойлар келіп, көз алдымызға қорқынышты көріністер елестейтін болды. Тіпті, итті алыстан көргеннің өзінде оның құтырық ауруынан амандығы, ызақор, қабаған еместігі бізге беймәлім болғандықтан, күмәнмен қарап, жандарынан күдікпен өтетін халге жеткеніміз де жасырын емес.
Жалпы, қаңғыбас, иесіз ит мәселесінің лайықты шешімін табуы біздің ауданымызда да мәз еместігі алаңдатады. Әр жыл сайын жергілікті билік өкілдерінің есепті кездесуінде тұрғындар тарапынан айтылып жатса да, жағдай ушықпаса, жақсарған емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын иесіз иттерді уақытша ұстайтын арнайы орын салу мәселесі көтерілгенімен, оның өзі сиырқұйымшақтанып, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. «Ұялмас бетке талмас жақ бітеді» демекші, жылдар бойы «жыр» болған шағын ғана ит ұстау орны құрылысының әлі де аяқталмағандығы жергілікті билік өкілдеріне сын десек, артық айтқандық болмас.
Бүгін де жалпы ауданды айтпағанда, бір ғана Шу қаласының өзінде иесіз, көше кезген иттер жетіп артылады және оның сау немесе ауру екендігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Бар мәселе осында болып тұр. Қазір жаздың жайма шуақ кезеңі болғандықтан, көшеде ойнайтын бала көп. Ал, оларға кезбе иттің кесірі тимейтіндігін ешбір адам дөп басып айта алмайды. Сондықтан, қаңғыбас иттер үйір-үйірімен кезіп жүрген дәл бүгінгі таңда қала тұрғындарына өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етіп, «сақтансаң, сақтаймын» деген қағиданы әркез есте ұстап жүруге тура келіп тұрғандай.
Үлкендерді былай қойғанда, әрбір саналы ересек адам бала үшін алаңдайтыны анық. Әсіресе, кішкентай балалар көзден сәл тайып кетсе, бойыңды бірден сенімнен гөрі күдік билеп алады. Өйткені, бүгінгі ахуал дәл сондай жағдайға жеткізіп отыр.
Қазіргі уақытта да өзім тұрып жатқан шағын ауданда қаңғыбас ит қаптап жүр. Оны күнделікті көз көріп жүргесін бойымыз да үйреніп қалғандай. Алайда, балалар үшін алаңдаймыз. Өзім газет қызметкері болғандықтан, төңіректегі көршілер де балаларының көшеде ойнаудан қалғандығын айтып, иесіз ит мәселесін көтеріп, көзін жоюдың амалын қарастыруға ықпал етуімді өтініп, маған жиі қолқа салады. Сол себептен, бұл жалғыз менің емес, көптің көкейіндегі мәселе деп түсінген жөн.
Жұртшылық өкілдерінің өтінішін негізге алып, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Хасенов Талғат Жақсығұлұлымен тілдесіп, мәселенің мән-жайын сұрастырдық. Сонымен қатар, жоғарыда айтылған арнайы ит ұстайтын орын туралы да сұрағымызды қойдық. Айтуынша, бүгінгі таңда аудандық орталық аурухана маңынан салынып жатқан көше кезген иесіз иттерді уақытша ұстау орнының құрылыс жұмыстары аяқталып қалған. Алдағы қыркүйек айында пайдалануға беріліп, өз жұмысын жолға қоймақ. Егер, уақытша ұстау орнының жұмысы жүйелі жүзеге асатын болса, көшеде жүрген қаңғыбас иттер осы орынға жеткізіліп, құлағына сырға салынып, қайта босатылады. Ал, егер олардың арасында қабаған, ызақор, қоғамға қауіпті ит кезіксе, қаладан бес шақырым қашықтықтағы биотермиялық шұңқырға жеткізіліп, сол жерде арнайы химиялық дәрі-дәрмекпен көзі жойылады.
Осы тұста құлаққа жағымсыз естілген «Қайта босатылады» деген сөздің себебін де білуге тырыстық. Бұл турасында бөлім басшысы «заң бойынша тәртіп сондай»-деп қысқа қайырды.
-Жыл басынан бері жалпы аудан бойынша тұрғындардан қаңғыбас итке қатысты 78 өтініш тіркеліп, осы уақыт аралығында 874 ит ауланды. Ал, кеше ғана бір күннің ішінде 32 бас ит ауланып отыр. Негізі кезбе итті аулау жұмыстары алғашқы жартыжылдықта аяқталуы тиіс болғанымен, бұл жұмыс бізде әлі де жалғасуда,-дейді Талғат Жақсығұлұлы.
Иә, бөлім басшысының сөзіне сенсек, жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен, нәтиже неге төмен деген ой туындайды. Билік өкілдерінен дәрмен болмаған соң, бұл күндері кейбір тұрғындар қаңғыбас иттен құтылудың амалын өз беттерінше ойластырып, қолдан келгенді жасап бағуда. Алайда, бұл аяқсыз жұмыс болатыны анық. Өйткені, кез келген қарапайым адам қандай да бір айла-тәсілдермен иесіз итті өлтіргенімен, оны арнайы орынға жеткізбейді. Жеткізген күннің өзінде өз бетінше жою жұмыстарын жүзеге асыра алмайды. Өйткені, оның қолында билік жоқ болған соң, қажетті дүниелер де жоқ. Сол себептен, ит өлексесі біраз уақыт өткен соң иістеніп, ауаны ластайды. Ал, бұл тері ауруларына жол ашатыны анық. Осындай келеңсіз жағдайлардың орын алмауы үшін мәселенің алдын алған жөн. Оған бірден-бір себепкер әрине билік өкілдері.
Қалай десек те, бұл күндері қоғам наразылығын туындатып отырған бұл мәселе түбегейлі шешімін табуы тиіс. Олай болмаған жағдайда кезбе иттің кесірінен адам шығыны орын алуы да ғажап емес. Бұл тұста жергілікті тұрғындардың да жауапкершілігі маңызды екендігін айта кеткен жөн. Әркім өз итіне ие болып, қабаған итті қарауда ұстаса, қажет емес ит-күшікке қатысты тиісті органмен байланысып, тиімді шешімге келсе, жағдай басқаша болар еді. Сондықтан, жалпы қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, бірлескен істің тиімділігін баршамыз түйсіне білуіміз қажет.
Динара Батырхаирова.