Ақпараттық портал
CREATOR: gd-jpeg v1.0 (using IJG JPEG v80), quality = 85

Ұлтаралық келісім нығайып келеді

Бірлік – ауызға жеңіл болғанымен, тәжірибе жүзінде көрсетуге қиын дүние. Ал, ол салтанат құрғанда көптеген мәселелер өздігінен шешіле береді. Өйткені ата-бабаларымыз бізге бірлік бар жерде тірлік бар екенін түсіндіреді. Өзара құрмет қалыптасқан қоғамның сапары ұзаққа созылатыны сөзсіз. Оны қазіргі таңдағы қазақстандық этносаралық келісім үлгісіне қарап, бағалауға болады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Тәуелсіздік таңынан бері іргесін бекіткен елдегі достық пен толеранттылықты сақтауды үнемі айтып келеді. Президент бір сөзінде «Бірлік, татулық және бейбітшілік — біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғасы кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз» деген болатын.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы «Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл — Тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз» деген еді.
Өзіміз өскен Шу өңірі де өркені жайылып, бірлігі мен берекесі артып, ырысы мен ынтымағы жарасқан мекен. Бұл ауданда қазақ халқымен бірге бірталай ұлттардың балалық шағынан қарттық кезеңіне дейінгі өмірі өрнектелген. Мәселен, Шу қаласы мен ауылдық округтерде 100 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде керегесі кеңейген 15-тен астам ұлт бар. 106 мың тұрғынның 75 пайызы жергілікті халық болса, қалған 25 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Оның ішінде орыстар, түрік пен күрді, әзірбайжан мен ұйғыр ағайынның саны басым.
Жергілікті биліктің берген мәліметіне сәйкес, аудан аумағында 5 этномәдени орталық, 1 аудандық филиал мен 1 қауымдастық жұмыс атқарады. Тарқатып айтқанда, «Ахысха» түрік, «Навроз» күрді, «Әзірбайжан» әзірбайжан, «Пироз» күрді, «Низами» әзірбайжан мәдени бірлестіктері мен «Азери» Жамбыл облыстық қоғамдық бірлестігінің Шу аудандық филиалы, Шу аудандық орыс қауымдастығы, қазақ мәдени орталығы өз жұмыстарын жүргізуде. Олар мемлекеттік мерекелер аясында 9 – іс-шара ұйымдастырып, 15 мыңға тарта тұрғынды қамтыған. Бірлестіктер тарапынан 65 азық-түлік себеттері таратылып, Қонаев ауылы тұрғынының еміне қаржылай көмек көрсетілген.
Жамбыл облысы бойынша түрлі ұлт өкілдері тығыз орналасқан 25 елді мекеннің картасы жасақталған. Оның 5 ауылы біздің ауданның еншісінде. Топ басында Төле би ауылы тұр. Жиырма екі мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығында орыс, түрік, күрді және өзге де ұлт өкілдері тату тұрады. Одан кейін Қонаев, Ескі-Шу, Жаңа жол және Қорағаты ауылдық округтары бар.
Біз айтқан бес ауылдық округте Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Ақсақалдар кеңесі құрылған. Жалпы ақсақалдар кеңесімен 11 отырыс өткізіліп, 72 іс-шара ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Аталған елді мекендердегі ұлтаралық достықты сабақтастыру, шиеленістерді болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау қызметкерлері тиісті жұмыстарды жүргізіп келеді. Ауыл ақсақалдары да тұрғындарға әсіресе, жастарға ауызбіршілік пен татулық туралы түсіндіруден жалыққан емес.
Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Зарина Абдиеваның айтуынша, аудандағы «Бірлік пен татулық» ахуалын нығайтуға бағытталған аудандық іс-шаралар жоспары бекітілген. Қазіргі таңда 12 іс-шара ұйымдастырылып, оған 250-ге жуық адам қамтылған. Одан бөлек, аудандық білім бөліміне қарасты 23 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында балабақша бүлдіршіндерінің алғыс айту акциясына 720 балғын қатысқан.
-Өңірдегі 45 жалпы білім беру ұйымдарында «Адамның рухани байлығы – адамгершілік» тақырыбында ассамблея ардагерлерімен кездесу өткізілді. Оған 9600 оқушы қамтылса, «Адамгершілік – асыл қасиет» атты сынып сағаттары өткізіліп, 20560 оқушыға ақпарат берілді,-дейді Зарина Алғабекқызы.
Түрі басқа болғанымен, тілегі ортақ жерлестеріміздің мемлекеттік тілді үйренуге ынтасы зор. Бұл орайда жемісті жұмыс істеп жатқан «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесінің ықпалы мол. Аталмыш мекеменің аудандық бөлімімен бірлесе, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында этнос өкілдері арасында, жастар, ауыл тұрғындарымен бірге арнайы курс өткізіліп тұрады. Онымен қоса, өзге ұлттар шоғырланған елді мекендерде мемлекеттік тілді оқыту курстары ашылған көрінеді. Мысалы, бүгінде Шу қаласында – 1 топ, 11 адам, Төле би ауылында -2 топ, 30 адам, Ақсу ауылындағы әскери бөлімшеден 1 топ 15 адам курсты тәмамдаған.
Қорыта келгенде, Шу ауданында этносаралық келісім қадамы нықталып келеді. Жерлестеріміз көршілерімен тату, тіпті туыстай араласып, өзге этнос өкілдерімен тонның ішкі бауындай болып кеткен. Дәл осы үрдісті сақтау, одан әрі дамыту арқылы көшіміз ілгері басатынына сенім мол.

Байжан Емберді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.