Мұраптарға марапат табысталды
Ықылымнан ырыстың мәнін ұққан әз бабаларымыз суды тіршіліктің көзіне балап, ысырапшылдықтан сақтанған. Оны ұрпағына үйретіп, түрлі ұлағат қалдырған. Осыған сай мемлекетімізде су жүйелеріне ерекше маңыз беріп, қажетті шараларды қабылдап келеді.
Күні кеше су шаруашылығы қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін тойлады. Ақордада Мемлекет басшысының қабылдауынан басталған марапаттау рәсімі Шу ауданында да ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары С.Пернеш 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткен арнайы жиынға төрағалық етіп, сала мамандарына тиісті марапаттарды тапсырды. Сөз басын жүрекжарды тілекпен бастаған Серікхан Қуатұлы маңдай терлер төгілетін мамандықтың мәніне тоқталды әрі осы салада еңбек етіп жүрген мұраптардың, гидроинженер мен техниктердің ерен еңбегіне тоқталып, өзге де сала қызметкерлеріне алғыс айтты.
-Сіздер ел өмірінде елеулі орын алған, әсіресе, асыраушы саладағы аса қажетті жансыздар. Баршаңызды Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңіз жақсы білесіздер, кейінгі жылдары су шаруашылығы мен ирригациялық жүйелерге жіті көңіл бөлініп, қомақты қолдаулар көрсетілуде.
Бүгін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ақорда төрінде ардагерлер мен әріптестеріңізді қабылдап, құрмет көрсетілді. Бұл баршаңызға көрсетілген қошемет екені анық. Төл мерекелеріңіз қарсаңында зор денсаулық, табыс пен береке тілеймін, – деді С.Пернеш.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі өтіп, бау-бақша мен егіс алқаптарына су үлестіріп, айдын мен арналарды көзінің қарашығындай сақтап жүрген аудандағы «ҚазСуШар» ұжымының бірқатар қызметкерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Олардың арасында ұзақ жылдар бойы ғұмырын су шаруашылығына арнаған аға буын өкілдері бар.
Марапатқа кенелген мереке иелері өздеріне ілтипат көрсеткен аудан басшылығына алғыс білдірді. Бұл құрмет оларды одан әрі жігерлендіре түсетінін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл мереке біздің елде 2019 жылдан бастап күнтізбеге енген. Ал, ауданымызда 1 су қоймасы, 3 магистралды және 91 шаруашылық каналы бар.
Байжан Емберді.