Туған жерге тың идеямен оралдық
Жуырда «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» республикалық жастар саяси лагері ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр түкпірінен 500-ден аса жастар қатысып, рухани танымдық тұрғыда байып қайтты. Шығыс Қазақстан облысында өткен ауқымды шараға Жамбыл облысының делегациясы қатарынан қатысушы ретінде барғаным мен үшін зор мақтаныш.
Өйткені, тәнді тынықтырып, таудың саф ауасымен тыныстап, білім көкжиегін кеңейту мүмкіндігі туды.
Бірнеше күнге созылған лагерьде көптеген қызықты шаралар ұйымдастырылып, «Bir Tolqynda» атты диалог алаңында мүйізі қарағайдай тұлғалармен кездестік. Олардың қатарында партия төрағасы, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, мәжіліс депутаттары бар.
Жоғарыда атап өткендей, аталмыш диалог алаңында маңызды тақырыптар талқыланды. Онда «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысушылармен кездесіп, толғандырған сауалдарға жауап берді.
Кездесу барысында жастар қоғамдағы өзекті деген түйткілдерді ортаға салып, әлеуметтік-саяси бағыттағы тақырыптарды қозғап, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған өз ойларын білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагердің негізгі аспектілерінің бірі – жастарды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға ынталандыру.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асхат Аймағамбетов, Екатерина Смышляева, Жұлдыз Сүлейменова, Никита Шаталов, Арман Қалықов, Тілектес Адамбеков республикалық жастар саяси лагерь қатысушыларымен өзекті тақырыптарды қозғап, пікір алмасты.
Атап айтқанда, білім, ғылым, жастар саясаты, экология, цифрландыру сынды мәселелер талқыға түсті.
Тағы бір айта кетерлігі, лагерьдің келесі күні «Bir Tolqynda» диалог алаңында Ерлан Жақанұлы жастармен сұхбат құрып, партия қолдауымен «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының тұсауы кесілді.
Биыл төртінші мәрте өткізіліп отырған лагерьге 200-ге тарта жас жұмысшы мамандық иелері қатысты. Олардың бірқатары мінбеге шығып сөз алып, ұтымды ұсыныстарын жеткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Лагердің үшінші күні «Алтай-2025» этно-фестивалімен жалғасты. Онда жергілікті өнерпаздар мен қолөнершілер дарынды жастарға қонақжайлылық танытты. Әуезді әндер, көңілді билер Үлбі ауылындағы «Дарын» демалыс аймағын бөлек атмосфераға бөледі. Сондай-ақ ұлттық тағамдардан дәм татып, Шығыс Қазақстанның шырайлы табиғатын тамашалап қайттық.
Қорыта айтқанда, республикалық саяси лагерь жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жан-жақтан келген жастармен танысып, тәжірибе алмастық. Туған жерге тың идеялармен оралдық. Осындай мүмкіндік сыйлаған басшылыққа, партияға алғысымды білдіремін.
Нұрзат Қилыбай,
Шу аудандық «Жастар рухы» ЖҚ жетекшісі.