Ақпараттық портал

Биыл 90 шақырым жол жөнделеді

Қалыптасқан дәстүрге сай аудан әкімдігі аптаны аппараттық кеңеспен бастайтыны белгілі. Әрбір жиында қордаланған мәселелер қаралып, түйінін тарқату жолдары қаралады. Аудан
әкімі Б.Жәнібековтың төрағалығымен өткен кезекті мәжілісте бөлім мен мекеме басшылары атқарылған жұмыстарын баяндап берді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов сөз алып, аудандағы орташа жол жөндеу жұмыстары және жол белгілері мен жолақтардың жәй-күйі туралы ақпарат берді.
Бөлім басшысының айтуынша, биыл аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы жөнделетін жол ұзындығы – 90,3 шқ, құрап, жол жөндеу жұмыстарына 2,3 млрд.теңге қаражат бөлінген. Оның 90 пайызы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 64 көшенің жолы орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған.
-Еншіміздегі жылда жол белгілері мен жолақтардың жай-күйін жақсарту мақсатында 85,0 млн теңге қарастырылған. Аталмыш қаражат 540 жол белгілері мен 40 дана жасанды жылдамдық тежегіш орнатуға, 13 бағдаршамды қайта жаңарту және 4 жаңа бағдаршам орнатуға, 100 шқ жол жолақтарын сызуға, бұрын орнатылған 900 дана жол белгілерін бояу жұмыстарына жұмсалатын болады. Бүгінгі күнге, Шу қаласы, С.Шәкіров көшесі мен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысына, республикалық мәндегі «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолы мен Төле би ауылы, Балуан Шолақ көшесі қиылысына жаңа бағдаршамдар орнатылды,-дейді Ж.Каликов.
Мұнан кейін де Жадыра Әбиғазыұлы жиналғандар назарына «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының, санитарлық тазалық және аумақтарды абаттандыру жұмыстарының іске асырылуы жайында мәлімет ұсынды.
Баяндамада келтірілген дерекке сүйенсек, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында аудан аумағында 2021-2025 жылдары 20 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Былтыр тиісті қаражат бөлінбеуіне байланысты екі жылдың жоспарына 44 000 дарақ егу қажет. Соған сәйкес Шу қаласына кіреберістен («Меркі-Шу» тас жолының оң жақ, сол жағынан, яғни «Батыс» м.а.) 2 га жер қарастырылып, қоршау, 2 ұңғыма орнату жұмыстары жүргізілуде және көктем айында 15000, күз айында 15000 тал егіледі. Бүгінгі күнге 1600 тал көшеттері отырғызылған.
Бұдан бөлек, бөлім басшысы тазалық жұмыстарына да тоқталды.
-21 маусым күні «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпы аудандық сенбілік жұмыстары өтті. Сенбілік аясында Шу қаласы мен Төле би ауылдық округінің әкімдері өз учаскелеріне қарасты елді мекендерде орналасқан жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелеріне ескерту, хабарлама беріп, дүкен, ТЖО, әмбебап дүкендер, мейрамханалар алдында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды,-дейді ол.
Аппараттық кеңесте қаралған үшінші мәселе Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы болды. Бұл жайында мекеме басшысы Мақсат Қамбетов баяндама жасады.
Оның айтуынша, жыл басынан бері мекеме қызметкерлерімен мемлекеттік орман қоры аумағына 41 рейдтік шара жүргізіліп, 18 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде орман заңнамасын бұзған 16 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті айыппұл салынған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 247,7 мың теңгені құраған. Бүгінгі таңда салынған айыппұлдар 100 пайыз өндірілген.
Жиын соңында аудан басшысы аппараттық кеңесті қорытындылап, бірқатар басшылар мен ауыл әкімдеріне тапсырмалар жүктеп, жол сапасы мен тазалық жұмыстарына жете ден қою керектігін айтты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.