Дайындық барысы тексерілді
2025 жылғы 23 шілде күні Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мұрындық болуымен «Жер -2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиындары басталды.
Еліміз бойынша өткізілген РКШО Шу ауданында да ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – жер сілкінісі жағдайындағы ден қою жүйесін жетілдіруге және дайындық деңгейін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар жаттығу жиындары Алматы, Шымкент, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында өткізілді. Өйткені аталған аймақтар жер сілкінісіне бейім болып саналады.
Аталған РКШО аясында ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Н.Абдрашевтың төрағалығымен штаб отырысы өтті. Онда Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Әбдіхалықов оқу жиындары туралы баяндама жасап, екі күндік жоспармен таныстырып өтті. Одан соң аудан орталығындағы алаңда төтенше жағдайлар кезіндегі жұмылдыру күштерінің техникалары мен құралдарының әзірлігі тексерілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша шараға 17 техника, 83 адам жұмылдырылды. Олардың әрқайсымен танысып, әңгімелескен Найманхан Айдарханұлы тиісті ұсынымдарын жеткізді.
Мұнан кейін Шу қаласы, «Жетісу» мөлтек ауданындағы «Әскери қалашықта» командалық-штабтық әрекет ету алгоритмі пысықталып, азаматтық қорғаныс құрылымдарының дайындығы тексерілді. Жер сілкінісі жағдайындағы тактикалық құтқару жұмыстары іс жүзінде көрсетілді.
Келесі күні Шу қаласы мен ауылдық округтерде дабыл жүйесі іске қосылып, аудан тұрғындары РКШО туралы құлақтандырылды.
Байжан Емберді.