Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, шешу жолдарын түсіндіруді және қарастыруды тапсырған болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынған күннен бастап қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың қалыптасуына жол ашылып жатқаны көңіл қуантады. Кейінгі жылдары әкімдер ел алдына шығып, халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін тыңдап, сын-ескертпелерді назарға алып, айтылған уәжді өзінің ықпалымен шешіп, өз құзыреті шегінде шешілмесе, жоғары тарапқа жолдап отыратын болды.
Қалыптасқан дәстүрге сай күні кеше ғана ауданымызға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев атбасын бұрып, Шу ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Тұрғындармен кездесу жиынын ашқан өңір басшысы Ербол Шырақбайұлы Шу ауданы өнеркәсіпті дамытуға, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасаумен ерекшеленетінін тілге тиек ете отырып, ел базынасын тыңдау арқылы да бірқатар мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруға атсалысатынын атап өтті.
Келелі жиында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің баяндамасы тыңдалып, әр саладағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жылдарда атқарылуы тиіс жоспарлар баян етілді. Баяндама тыңдалғаннан кейін аймақ басшысы қайта сөз алып, Шу өңірі тұрғындары тарапынан да онлайн түрде арыз-шағымдар, сондай-ақ әлеуметтік желілерде резонанс тудырған күрделі мәселелер бар екендігін айтып, тиісті бөлім мен мекеме басшыларына сұрақ қойып, мәселені шешу жолдарын қарастырды.
Атап айтсақ, ең алдымен облыс басшысы аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлына аудан тұрғындарының спортпен шұғылдану үлесін арттыру мақсатында ангарлы типті жабық спорт нысандарын салу тапсырмасының орындалуы қай сатыда екендігін сұрады. Бұл игі іс Ербол Шырақбайұлының тікелей бастамасымен қолдау тапқанын тілге тиек ете отырып, аудан басшысы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ангарлы типтегі 2 нысан алдағы қыркүйек айында пайдалануға берілетіндігін айтты. Мұнан кейін өңір басшысы Шу ауданы әкімінің орынбасары Абдрашев Найманханға аудан тұрғындары үшін өзекті бірқатар сұрақтарды қойды. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар Шу-Қайнар автожолдарының күрделі жөндеу мәселесі әлеуметтік желілерде дау тудырып жатқанын, орын алған мәселелер бойынша қандай тиісті шаралар қабылданғандығын және жол қашан бітетіндігін талқыға салды. Бұл мәселені шешу барысында аудан әкімдігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалымен бірлесе отырып, Шу-Қайнар автожолдарының сапалы жасалуын қатаң бақылауға алуын тапсырды. Бұған қоса, мемлекет тарапынан тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесі аясында аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлердің, оның ішінде кондоминиум нысандары ретінде тіркелген 118 тұрғын үйдің жылу жүйесін жөндеу бағытында қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр деген сұраққа Найманхан Айдарханұлы «Шу-жылу» мекемесімен бірлесе отырып тозығы жеткен жылу жүйелері жаңартылып жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, аудан басшысы алдағы жылдарда көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін күрделі жөндеуден өткізу жұмысы да жоспарда тұрғандығын қосып өтті.
Тағы бір мәселе үздіксіз электр жарығымен қамту жайы да тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп жатқандығын, әрі аудандағы 9 трансформатордың коммуналдық меншікке өту жайы да сөз болып, оған да тиісті жауап берілді. Сонымен қатар қаңғыбас иттердің санының өсуі, игерілмей жатқан жерлердің мемлекеттік меншікке қайтарылуы, ағымдағы жылдың 1 тамыз және 20 қазан аралығында өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бойынша ақпараттандыру жұмыстарының деңгейі, жаңа оқу жылына білім беру ұйымдарының дайындығы сынды мәселелерге назар аударылып, жауапты мамандарға тапсырмалар берілді.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өзіне таныс мәселелердің жауабын тыңдағаннан кейін залға жиналған тұрғындардың да талап-тілегіне көңіл аударды. Аудан тұрғындары үшін жол, жарық, ауыз су, егістік алқабы, газ сынды мәселелер қашанда өзекті екендігі айқын. Сондықтан да көбінің көкейінде жүрген сауалдар осы мәселелер төңірегінде өрбіді. Бұған қоса, қанша жылдар бойы күрмеуі шешілмей, сиырқұйымшақтанып кеткен мәселенің бірі – Тасөткел су қоймасының жай-күйі де өңір басшысының назарынан тыс қалмады.
Әрбір тұрғынның талап-тілегін мұқият тыңдаған облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы жиында көтерілген барлық мәселелерді шешуге атсалысатынын айтып және өтініш берушілердің сын-ескертпелерін жазып алды. Тұрғындармен кездесудің соңы Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің жеке қабылдауымен жалғасты.
Айғаным Асқарбек.